Медицина • 28 Қыркүйек, 2017

Баянауыл басында...

1042 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Туризм индустриясы тұмса табиғаттың бағын аша ма?

Баянауыл басында...

Жуырда Баянауыл ауданына барып қайттық. Биыл өткен ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында Баянауылға деген қамқорлық та, көзқарас та ерекше. Облысқа жасаған сапарында Үкімет басшысы Б. Сағынтаевтың өзі де келіп кетті. Біздің де сапарымыздың мақсаты аудандағы жұмыстарды іс жүзінде көру еді.  

Осы жылдың ақпан айын­да Инвестициялар және даму министр­лігінің отырысында бірнеше өңірдің туристік аймақтарын дамы­ту жоспары қаралды. Осы­дан кейін-ақ Баянауылға бөлі­нетін 5 млрд теңге жайлы облыс әкімі Болат Бақауов зиялы қауым­мен кездесу барысында айтты. Облыстық әкімдік қаржы бөлу жоспарын облыстық мәслихат депу­таттарымен талқылау арқы­лы қарастырылады деп ескертті. Осы 5 млрд теңгені игеру жайлы өңір басшысына Баянауылдың ақсақалдарымен де ақылдасып, кеңесіп барып істі қолға алуына тура келді. 

Жылдар бойы Баянауыл жай­лы айтып келеміз, бірақ іс жү­зінде жұмыс атқарылмай жа­тыр. Сон­дықтан енді аудан орта­лы­ғы­ның көшелерін қалыпқа кел­тіріп, көріктендіру үшін 1 млрд теңге бөлмекпіз. Ал 2,5 млрд теңге аудан орталығына орталық­тан­ды­рыл­ған су құбырларын тартуға қарас­тырылмақ, бірнеше үй құры­лысы жүргізіледі,тау шаңғы курор­ты жасалады, аэродром ашы­­лады, деген-ді сол кездесуде Болат Бақауов. «Қаржы орнымен игерілсе, дұрыс-ақ жоба екен. Баян­ауылдың бағы ашылар күн туды» десті әкімді қолдаған ақса­қалдар қауымы. 

– Жалпы аудан орталығында орта­лықтандырылған су құбыр­лары жүйесінің құрылы­сын жүр­гізуге ғана үш жылға деп биыл республикалық бюджеттен 5 млрд 700 миллион теңге бөлінді. Жұмыс басталды. Бұрын жері қазылып, тас қопарған құрылыс еш­қашан қолға алынбаған. Күр­делілігі де осыдан, – дейді аудан әкімінің орынбасары Әзілхан Әбуов.

Бұл – бір. Екіншіден, Әзілхан Әбуовтің айтуынша, бұған қо­сым­ша облыстық бюджеттен бөлін­ген 3 млрд теңге тағы бар. Бұл қаражат аудан орталығын көрік­тендіруге, Торайғыр, Жасы­бай көлдері жағалауындағы ту­ризм­­нің әлеуетін арттыруға, жол­­дар салуға, Сабындыкөлдің жаға­лауы, сол маңайды аэродром са­лып, шағын ұшақтар ұшыру, Мыр­за­шоқыдан қысқы туризмге ар­нал­ған сырғанақ құрылысын салу­ға бөлінген. Яғни аудан­да екі ауқымды жоба басталды. Қосымша қаржы бөлінген соң 5 млрд теңгеге жоспарланған бас­та­пқы жобалардың өзгеріс­ке түскені байқалады. Таңғалар­лық-ақ, Баянауылға бөлінген қаржы­ның көлемі 10 млрд теңге­ге жуықтап қалыпты. Бұл қар­жыға бүкіл бір ауылды қайта­дан салып шығуға болар. Көпші­лікті мазалайтыны да – ауданға бөлінген қыруар қара­жат­тың игерілуі. Мәселен, аудан тұр­ғын­дары, аудандық мәсли­хат хат­шысы Темірболат Хасен бас­та­ған депутаттар су құбыры­ның құрылысын жүргізіп жатқан «Қаз-Құрылыс-Сервис-7» мер­ді­­гер­ компанияның жұмыс­тарына алаңдаушылық білдірсе, ал аудандық құрылыс және сәулет бөлімі жобалау-сметалық құжаттарға сай жүргізілуде, әрбір іс бақылауда, аудан орталығы «Ақбұлақ» бағдарламасы ая­сында 2017-2019 жылдары тұр­ғын­дар суға қарық болады дейді.

– Аудан орталығы тау-тасты жерде орналасқан. Жергілікті билік құны қымбат күрделі құ­рылыс жобасына тәуекел етті. Алаң­даушылық болатыны, бұл тау­лы өңірден су шығарамыз деген, тіпті 6 метр жерді қазып құбыр тартылып жатқан алғашқы жоба. Әрине, соңы қалай болар екен деп алаңдаймыз. Сондық­тан республикалық және об­лыс­тық бюджеттен бөлінген қыруар қаражат тиімді игерілуі керек. Мердігер компанияның жұмыс­тары күнделікті бақылауда болса. Соңы сәтсіз жобалар да аз емес. Олар ертең біз жасадық, құбыр төседік деп кете барады. Соңында біз, халық қаламыз, – дейді бізбен әңгімесінде облыстық мәсли­хаттың депутаты Орал Сартаев. 

Жолымыз қысқы туризмге арналған жоба – Мырзашоқы тауындағы шаңғы базасына түсті. База Баянауыл ауылынан 20 ша­қырым қашықтықта, Қара­жар ауылының маңында ор­на­ласқан. Биік тауға электр энер­гиясын тартып, жолды жөн­деуді айтпағанның өзін­де, Мыр­­за­­шоқыға басқа да инф­ра­­­­құ­­ры­лымдарды тарту жұ­мы­сы өте қымбатқа түсеті­ні бел­гі­лі. Түркиядан орындық­тары бар арқан жол әкелініп, құрас­тыры­лып жатыр екен. Биіктігі бір ша­қы­рымды құрайтын таудан 800 метр төменге қарай сыр­ға­найт­ын арнайы жол салы­нуда. Туризмді дамытуға бөлін­ген 3 млрд теңгеден басқа, бұл құ­рыл­ғыны сатып алуға ERG ком­па­ниясы әлеуметтік бағдар­ла­ма­лар­ды қолдау аясында демеу­ші­лік қаржы бөліпті. Айт­пақшы, «Жасы­бай» демалыс айма­ғына өт­кізу пункті нысанын Мәскеуде тұра­тын Баянауылда туған кәсіп­кер­дің демеушілігімен бөлін­ген 5,5 миллион теңгеге жаңар­тыл­ған. Бюджеттен тыс қаржы да аз емес. Ұзындығы 1050 метр, 70 ка­­би­насы бар екі орындықты ар­қан жол сағатына 550 адамды та­сы­­­мал­­дамақ. Қазір «Азия Пром Ин­жи­неринг» ЖШС тауда жұ­мыс жасауда. Ауылдықтарға да жұмыс табылыпты. Биылғы қыс­та екі ар­қан жолы іске қосыл­мақшы. 



Одан кейін Сабындыкөлдің жа­нында қоршалып, жаса­лып жат­­қан шағын аэродромды ба­рып көрдік. ЭКСПО көрмесі­не ке­ле­тін шетелдік туристерді ша­­ғын ұшақ­пен Астанадан осы аэро­дромға жеткізу көзделген. Со­ған сай Торайғыр ауылына бірқатар шетелдерден турис­тер келіпті. 

Жалпы Баянауылдың дема­лыс аймағын дамытудың бас жос­пары 2005 жылдары жасал­ған. Тіпті туризмді дамы­т­уға қаржы салып, кәсіп таба­мын деген инвесторларға конкурс­тық негізде жер телімдері де бө­лініп берілді. Бірақ Баян­­ауыл­да туризмді дамыту үшін айрықша қорғалатын рек­ре ациялық аймақ болуына байла­ныс­ты экология мәселесіне кел­генде қатты ойлануымыз керек сияқты. Баянауылдың таби­ғатын қорғау мәселесі қазір туризм­ді дамытудан да басым мәсе­ле­­ге айналып отыр. Мысалы, Мыр­за­­шоқыдан сырғанақ жаса­мақ­шы болғандар Жасыбай жаға­сындағы таудан арнайы орын салмақ болды. Депутаттар, ұлт­тық парк бұған жол бермепті. Бұл туризмнің болғаны жақсы-ақ. Бірақ Баянауылдың табиғатын сақтау міндет деген сөз. Мысалы, ұлттық парк аумағына электр желі­сін тарту да машақат. Себе­бі жер ұлттық парктің, яғни рес­публика меншігінде болғандық­тан, желі тартылатын жерді ауданға алу қажет. 

Облыста Баянауылдың ту­ризмін дамыту жыл сайын ай­ты­ла­ды. Жыл сайын Жасыбай, Торай­ғыр, Сабындыкөл жағалау­ларындағы туристік демалыс, жағажайды көріктендіру қолға алынады. Биыл ЭКСПО-ның кезінде Торайғыр ауылына Ресей, Канада, Сауд Арабиясы, Румы­ния, Жапония елдерінен турис­тер де келіпті. Аудан әкімі Ораз­келді Қайыргелдиновтің айтуын­ша, Жасыбай демалыс аймағы, Торайғыр көлі, ауылы, Сабын­дыкөл жағасы өткен жылдарға қарағанда өзгерсе керек. 

Әрине әкім айтқан өзгеріс­тер жақсы-ақ, бірақ демалатын кереуеттер, шатырлар, субұрқақ жасау, бірді-екілі дәретхана орна­туды күнделікті шаруалар бары­сында-ақ жүзеге асыруға болар, ал шайынды сулары көл­ге құйылып қала беретін кафе­лердің экологиялық талап­тар­ды сақтаудағы мәселесі, ас-су дайындаудағы тазалық жағ­дайы туризм аймағына нақ­ты инфра­құрылымдардың қа­жет­тігін көрсетеді. Баянауыл ауда­нын дамытуға бөлінген 10 млрд теңге қаржы игерілсе ха­лық­тың игілігіне айна­лар еді. Баян­ауылдықтарды да тол­ған­ды­рып отырған осы мәселе. 

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы, 
Баянауыл ауданы