Қоғам • 28 Қыркүйек, 2017

Судьяға әділдік пен әдептілік тән

1241 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдары еліміз өзін әлемдік қоғамдастықта зайырлы, демократиялық мемлекет ретінде танытып, халықтың экономикалық әл-ауқатын артырып, мықты билік жүйесін құра білді. Осы даму кезінде мемлекеттік сот жүйесі де өзгерді. Әділ сот төрелігіне қол жеткізу үшін ең алдымен судьялық әдеп қағидаларын сақтау қажеттігі айқындалды. Біз осы және басқа да мәселелерге байланысты Жоғарғы соттың судьясы Ғалымжан МЫРЗАКЕГЕ жолығып, сот төрелігіне қол жеткізудегі басты басымдықтар туралы айтып беруін сұрадық.

Судьяға әділдік пен әдептілік тән

– Ғалымжан Жарылқасын­ұлы, Мемлекет басшысы «Қа­зақ­станның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында еліміздің жа­­ңа кезеңіндегі даму жолда­рын атап өтті. Осы кең кө­лем­­­­­ді құ­жат­та құқықтық-эко­но­­­ми­ка­лық дамудың жаңа үлгі­сін құру қажеттілігі мен бес ба­сым­дық жария етілді. Осыған тоқталып өтсеңіз? 

– Жолдаудың бесінші басым­ды­ғында жеке меншікті қорғауға, заң үстемдігін және барлық адам­дар­дың заң алдындағы теңді­гін қамтамасыз етуге, сондай-ақ­ сот жүйе­сіне сенімділікті артты­руға және судьялардың қызметіне ара­­ласып, заңсыз ықпал етуге жол бермеуге бағытталған рефор­ма­ларды жалғастыру туралы айтыл­ды. Елбасы бұрын да күш­ті мемлекеттік билік құру қа­жет­тілігі туралы бірнеше рет айт­қа­ны белгілі. Мемлекетімізде осы міндетті жүзеге асыру шарт­та­рының бірі  қоғамда адам мен­ азаматтың құқықтары мен мүдде­лерін қорғау, демократиялық қағи­даларды қамтамасыз ету болып та­былады, сонымен қатар осы шарт орындалғанда ғана халықтың сот жүйесіне деген сенімі артады. Ал сот қоғамдастығының бар­­­лық қызметі Елбасының сот жү­йе­­сін жаңғырту жөніндегі тапсыр­масын орындауға, соттың халыққа қолжетімді және қара­пайым жүйесін құруға, кәсі­би судьялардың корпусын қалыптас­тыруға бағытталған. 

– Заңнан аттап ешкім де аса алмайды дейміз. Осы заңды­лықт­ы сақтауда судьяға ең бас­ты қан­дай қасиеттер қажет? 

– Судьялар тәуелсіздігі мен мәртебесі заңмен белгіленген. Ал сол заңнан аттамас үшін де, әрине, ең бірінші адалдық керек. Қазіргі судьялардың көздеген мақсаты да, ұстанған бағыты да әділ билік жолында адалдыққа берік болу. Судьяның сөзі мен ісі адалдықпен ұштасуы керек және халық алдында ол қарапайым болуы тиіс. Қазақ елі тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап еліміздің сот жүйесі өз алдына ер­кін­дік алды. Сот билігіндегі осы­ жағдайлар судьялардың да, сот жүйесінің де мерейін үстем ет­ті. Қоғамдағы соттарға қатысты көз­қарастардың оң баға алуының өзі судьялардың күнделікті жұ­мы­сының уақыт өткен сайын ашық­тық, жариялылық тұрғы­сында жү­зеге асырылатынын көр­сетеді. Қоғамның дамуына байланысты судьяның біліктілігіне, адам­гер­шілігіне, ізгілігіне қойылатын талаптар жоғарылады. Осы қағида әр кезде – судьялық корпус қалыптас­тырылғанда, сот төрелігін жүзеге асырғанда, тұрмыста да өзекті болып табылады. Судья үнемі ел на­за­рында болған соң, ол күн­де­лікті өмірде, тіпті демалыс уақы­тында да халық оны әрдайым судья ретінде қабылдайды. Себебі халық арасында сот билігінің беделі билердің кәсібилігі мен оның адамгершілік болмысы арқылы қалыптасады.

– Судьялар одағының кезектен тыс VII съезінде судья­лар­дың қызметі мен күнделікті тұр­­мысында олардың жүріс-тұ­ры­сын реттейтін жаңа Судья­лық әдеп кодексі қабылданды. Осы­ кодекс талаптарына сәй­кес, судья өз лауазымының жо­ға­ры мәртебесіне лайық болуы және әдеп нормаларын мүл­тік­сіз сақтауы тиіс. Мұның әділ ше­шім шығаруға қандай әсері бар деп ойлайсыз?

– Судья сот төрелігін жүзеге асыру барысында қоғамның заң қызметкерлерінің адамгершілік және ізгілік қасиеттеріне қоятын талаптарын ескеруі қажет. Өйткені судья халықтың сот билігіне деген сенімін нығайтып, өзінің жүріс-тұрысымен тәртіптің жоға­ры стан­­дарттарына ұмтылуы тиіс. Бұл судьялардың адал қызмет ат­­қа­руына күш береді. Осы рет­те сот төрелігі дегеніміз – судья­ның және сот органдарының әр­­бір­ азаматтық, қылмыстық іс­­­тер­­ді әділ шешу үшін заңға не­гіз­делген объективтілігі, жан-жақ­тылығы, бейтараптылығы, әділ­дігі. Сондықтан да, судьяларға қойы­латын талап өте жоғары. Жазаны жеткілікті деңгейде шыға­ру үшін әрбір судьяның ізгілігімен қатар, ол адамның жанын терең түсінуі қажет. Судьялар әділ үкім шығарып қана қоймай, қоғам алдында жауаптылықты сезініп, өзі­нің жоғары мәдениетімен, әдебімен, жеке қасиеттерімен бар­ша­ға үлгі болуы қажет.

Сондай-ақ осы талаптарды қыз­мет атқарып жүрген судьялар ғана емес, сонымен қатар отставкадағы судьялар да сақтауы тиіс. Судьялар қызметтен тыс уақытта, адамдармен қарым-қаты­наста өз тәртібіне, жүріс-тұрысына аса мән бергені жөн. Судьяның ел алдындағы, Президент алдын­дағы жауапкершілігі жоғары. Сот процессі кезінде сотқа қатысу­шыларымен қарым-қатынас жасамауы, сот актісі заңды күшіне енгенге дейін оны жарияламауы тиіс. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Ағайынға бұр­ғаны биді құдай ұрғаны» деген қанатты сөздер қанша уақыт өтсе де әлі күнге дейін өмір талабы екені даусыз. 

Судьялар заңды біліп, қолдана алуымен ғана емес, ұлттық салт-сана мен дәстүрді де ұстана оты­рып, заңмен қатар оның қолда­нысын жарастыра білуімен де ерекшеленуі тиіс. Бүгінде соттар қоғамдағы шиеленісті азайту, бітімгершілікке келу, келісім инс-титуттарын дамытуға айрықша бет бұрды. Дауды сотқа дейін жеткіз­беудің, сотқа дейінгі рәсім­дердің алдан ала шешудің мол мүмкіндіктерін мақсатты түрде пайдалана бастады. Судья әдебі кодексімен көзделген моральдық-этикалық нормалар мен жүріс-тұрыс ережелері мүлтіксіз сақтал­са, қандай да жағдай болмасын, сот төрелігін жүзеге асыру барысында оның объективтілігі мен тәуелсіздігіне күмән тудыратын іс-әрекеттерге жол берілмейді. 

Әрине, адам тағдырына араласып, билік айту үшін нағыз заңгер әрі психолог та болу керек. Жалпы, судьяның сөз сөйлеуі мен пайым-парасаты өзгелерге үлгі. Судьяның мәртебесі мен қызметі «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңында қаралған. Судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьялардың мәртебесі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіре­тін заңдарды немесе өзге де нор­ма­­тивтік құқықтық актілерді қабыл­дауға жол берілмейді. Ал осындай мәртебеге ие болған судья әр­бір істі жүрегінен өткізіп, адал, әділетті, қарапайым, парасатты ­болуы міндетті. Судья қызметте, үйде, тіпті демалыста болсын, әрқа­шан да көпшіліктің алдында жү­ретін мемлекеттік қызметкер. Дөрекілік танытпау, дауыс көтер­меу, дүниеге қызықпау мен қатар, бас­қаларды мұқият тыңдай білу судья үшін ең қажетті адами қа­сиет­тер.

– Кейде судьялар тек қатып қал­ған заңға ғана сүйенеді, сон­дық­тан шығарған шешімдері де бір-бірінен аумайды деп жатады. Осы жағына қалай қарайсыз?

– Заң бәрімізге ортақ. Заң алдында бәрі тең. Сондықтан судья, алдымен  ел заңдарын басшылыққа алады. Демек, судья істі қараған кезде заң мен, әлбетте, ішкі жеке түйсігіне де сүйене отырып шешім қабылдайды. Сот саласында бе­делі мен абыройын асқақтату үшін әр судья ар-ожданына, жеке адам­гершілік ұстанымы мен антына деген адалдығына, моральдық келбетіне дақ түсірмеуге тырысады. Бұл, әрі оның беделі мен абыройын сақтауы үшін де қажет. Әр сот процесінде таразыда адам тағдыры тұратындықтан, судья ойланып шешім қабылдайды. Айып­тыға жаза белгілеген кезде, оны заң негіздеріне қоса адамгершілік ар таразысына салып өлшейді. Қазіргі кезде кез келген соттың веб-сайттарында атқарған жұмыстары туралы мәліметтерді алып, интернет арқылы сот актілерімен таныса алуға мүмкіндік бар. Мұның өзі судьяның қызметінің анықтығы мен ашықтығына жол ашады. 

– Сот жүйесіне қатысты жүр­гі­зіліп жатқан реформалар барысына тоқталып өтсеңіз?

– Сот саласында жүргізіліп жатқан реформаларды басылымдарда, әлеуметтік желілерде жариялауы, оларды ғылыми отырыстарда, дөңгелек үстелдер мен форумдарда талқылауы судьялық корпустың, мамандардың, азамат­тар­дың осы жаңалықтарды тек жағым­ды жағынан бағалағанын көрсетті. Қазақстандық заңнама­ларға енгізілген бірқатар өзгеріс­терге, жаңа қағидалы ережелеріне шетелдік әріптестер, мамандар мен біздің елімізге құқықтық жүйемен танысу үшін келетін көптеген делегациялар да оңды баға берді. Жыл­дан жылға халықтың сот билігіне сенімі артып келеді, соңғы жылдары соттарға талап-арыздар көптеп түсуде, ал еліміздің аза­мат­тары өздерінің дауларын тек сотта ғана шешуге тырысады. Осы ­жағдай сот төрелігінің тиім­ді қызмет ететінін көрсетеді. Ба­ба­ларымыз: «Би төрттің құлы – адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділ­дік», «Әлсіздерге болысу, қиянатқа қарсы тұру, әділ болу бидің азаматтық, адамдық парызы» деген ғой. Осы асыл сөздерді күнделікті өмірімізде және сот төрелігін атқару барысында, заңдармен қатар, әрбір судья негізгі қағидаттар ретінде ұстанса, сот жүйесінің беделі бұдан да жоғары болатыны және халқымыздың сотқа деген сенімі арта түсері сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»