Медицина • 29 Қыркүйек, 2017

Еңбегі ерен ер еді

1036 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кезінде, өткен ғасырдың 60-80-ші жылдары қазіргі Алматы облысы Панфилов ауданы Киров атындағы шаруашылық басшысы қызметін зор абыроймен ұзақ жылдар атқарған ауыл өндірісінің қайратты ұйымдастырушысы Ыбрайымжан Қожахметов ағамыз тірі болса 90 жасқа келер еді. 

Еңбегі ерен ер еді

Адам, қоғам өмірі үнемі өзгерістер арқылы дамитыны белгілі. Қандай да өзгерістер әрине ең алдымен адамның дүниетанымы, қабілеті мен мүмкіндігі, дарыны мен еңбегінің нәтижесі екендігі де хақ. Адамдардың көзқарасы мен дүние­танымы да, қоғамдық құндылықтар да заманына қарай өзгеріске ұшырап отыратыны да бәрімізге белгілі. Осынау аласапыран дүниеде мәңгілік құндылықтар мен адам өмірін сипаттайтын, әр кезең, дәуірдің тынысын, келбетін айшықтап, ұғымдардың қалыптасып, сақталуы да адам санасымен тікелей байланыс­ты. Адамның адамдық қасиеттерінің ай­ғағы да сондай ең құнды ұғым мен құбылыстарды өткізе отырып, адам­дар­дың еңбек ету қабілетіне екпін бе­реді. Адам өмірі қай заман, қай дәуір­де де тікелей еңбекпен байланысты. Адам­зат қоғамының артық­шы­лығы да осы мәң­гілік Еңбек про­цесіндегі атқарар рөлінде.

Сондай бала кезінен еңбекпен есейіп, бүкіл өмірінің басты құндылығы ретінде тек қана еңбекке жүгініп, еңбекті ұлағат­тап, сол еңбегіне қарай елінің құрметіне бөленген біздің замандасымыз, елдің ардагер ағасы болған – Ыбрайымжан Қожах­метов еді. Ол кісінің еңбегі кезінде тек өзінің туған жері Жаркент өңірі ғана емес, бүкіл Жетісуға, Қазақстанға, Одаққа әйгілі болып, тұсында лайықты дәрежеде марапатталып, еңбегінің нәтижесін, құр­­метін көріп, жемісіне ие болған. Жас кезінде, буыны қатпаған балалық ша­ғын­да тұрмыстың да қиыншылығын бір кісідей көріп, өсе келе адал еңбегі мен ор­нықты мінез құлқының арқасында өз ортасына таныла білді. Жұрт оның еңбеккерлігіне бірден ерекше ілтипатпен қарады. Ел сеніміне ие болды. Ыбекеңнің ұйымдастыру қабілетін алғаш байқап, оны ұжым басқару жұмысына тартып, баулып, өсірген өткен ғасырдың 60-шы жыл­дары Панфилов ауданын абыроймен бас­қарған Сейдәлім Тәнекеев, Шаймұхан Сәпиев сияқты ел азаматтарының қамқор­лығы мен қайраткерлігін де айрықша айту парыз.

Әсіресе Шаймұхан Сәпиевтың тұ­сында Ыбрайымжан Қожахметовтің ең­бегі жанып, қоғам алдында абыройы өсіп, өркендегені Жаркент жұртшы­лығының көз алдында көтеріліп, көңілге тұрақтаған. Ыбекеңнің еңбекпен есейіп, ел басқарған көрнекті Азамат болғаны – таза өзінің еңбекқорлығы мен еңбекке елге, жұртқа айрықша адалдығы еді.

Ыбрайымжан ағамыз бала кезінен жер нәрі мен қасиетін біліп өсті. Өзінің заман­дастарындай сол кезде бозбала шағынан жалаңаяқ шөңге басып, ала­­қаны күрекпен көнтерілеп, кол­хоздың егісін егіп, оны арамшөптен арыл­тып, мезгілінде суарып, дақыл өсіруді үйренді. Ыбекеңдер азамат бол­ған шағында Жаркент өңірі – Пан­филов ауданы бүкіл Қазақстан шаруа­шылықтарына, тіпті сол кездегі Кеңес Ода­ғының көптеген республикаларына мал азығы үшін жүгері тұқымын өсіруге бейімделіп, мамандандырылған болатын. Өткен ғасырдың 60-80-ші жылдарында аудан еңбеккерлері, оның сапында жүгері өсіретін шаруашылықтар жүгері өнімін өсіруде бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Сол арқылы аудан экономикасы қуаттанып, халық тұрмысы жақсарды. Кезінде Панфилов ауданы Талдықорған облысы ауыл-шаруашылық өнімдерінің үштен бірін өндіретін дәрежеге жетті. Көптеген жү­гері өсірумен шұғылданатын шаруа­шы­лықтар Қазақстандағы, Одақ­тағы ең жо­ғары марапаттарға ие болды. Ел ең­бек­ке жұмылды, еңбек елдің мерейін өсірді. 

Ыбрайымжан Қожахметов ұзақ жылдар Киров атындағы көп салалы шаруа­шылықты білгірлікпен, жан­ашырлықпен, ұтқырлықпен басқарып, тек аудан, облыс көлемі емес, рес­публикаға, Одаққа әйгілі ең алдыңғы қатарлы шаруа­шы­лықтардың сапына шығара алды. Оның шаруашылықты басқару тәжірибесі насихатталып, үлгі ретінде таралды. Тек шаруашылық көрсеткіштері емес, елді мекендердегі халық тұрмысына қажетті әлеуметтік сұраныстарға айрықша мән беруді шаруашылық басшысы өзінің алғы­шартты міндеті санайтын. Ыбе­кең қызмет еткен жылдары Киров атындағы колхоздың құзырына кіретін барлық ауылдарға жол салынды, су құбыры тартылды, колхоз орталығына колхоздың өз есебінен мәдениет сарайы, спорт кешені, мектеп, аурухана, балалар бақшалары салынып, көшелерге асфальт төселіп, ағаш отырғызылып, саябақтар бой көтерді. 
Колхоз басшысы орталықтан шалғай жатқан өңірде ауыл тұрғындарын тұрақ­тандыруға айрықша мән беріп, елдің өз мүмкіндігін өзінің өркендеуіне жұ­мыл­дыра білді. Әсіресе жастардың еңбек тәрбиесіне екпін беріп, оларды ауыл тұрмысына бейімдеп, жастардың өзде­рінің белсенділігі арқылы сол кездегі шаруашылық, ауыл экономикасында көптеген жетістіктерге қол жеткізе алды. Өткен ғасырдың 70-жылдарында Киров атындағы колхоздың бастауыш комсомол ұйымында шаруашылықтың әр саласында еңбек ететін 300-ге жуық комсомол мүшесі, екі мыңға жуық жұмыскерлер, он мыңға жуық ауыл тұрғындары болды. Ыбекең колхоз басшысы ретінде жастардың еңбек етуіне, әлеуметтік тұр­мысына мейлінше жаңа заман талабына сай жағдай туғызып, қамқорлық жасай білді. Жастардың еңбектен тыс уақыттағы демалысын ұтымды әрі тиімді пайдалануына көңіл бөліп, колхоз қорынан қаржы бөлдіріп, үлгі көрсетіп отырды. Сондай жүйелі жұмыстың нәтижесінде Ыбекең басқарған колхоз тек қана ша­руашылық көрсеткіштерінде емес, ауыл жұртшылығының әлеуметтік тұрмысында да көптеген игілікті істерді жүзеге асыра білді. Әрине, осындай біліктілікпен ел қамын ойлап ұйымдастырылған жұмыс үнемі жұртшылық қолдауына ие болды. Ыбекең басшылық еткен жылдары Киров атындағы колхоз республика көлемінде алдыңғы қатарлы шаруашылықтар қата­рында болды. 

Сондай тиянақты, іргелі істің нәти­жесінде, біздің мемлекеттік тәуелсіз­дік­ке қол жеткізіп, жаңа реформаларға бет түзеген кезеңде де бұл шаруашылықтың адамдары көп адаспай жол таба білді. Ел жаңа тұрмысқа бейімделді, айылын жиып, ауыл тұрмысының, шаруашылық өндірісінің жаңа ұйымдастырылуына көшті. Өңірде жүгері қайта түлеп, өріс малға тола бастады. 

Ыбекең өзі басқарған шаруашылықты өсіре білумен қатар өзі де қарапайым жұмысшыдан, ірі басшысына дейін өсіп, шаруашылық көрсеткіштерін рес­публика, Одақ көлеміне көтерді. Өзінің білім, парасат дәрежесін де қоғамдық биікке көтере білді. Ол сол кездегі Одақ дәрежесінің ең жоғарғы марапаттарына ие болды, Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 

Ыбрайымжан Қожахметов – өте ұстам­ды, еңбекке іскер, шаруашылыққа білгір, текке сөйлемейтін, сөзінен ісі көбірек көрі­нетін сабырлы, кі­ші­пейіл, қайраткер болды. Ыбекең асып сөйле­мейтін, сыр санды­ғын да ша­ша бермейтін. Мінезінде ешқашан дөрекілік, біреуге үстем­дік көрсететін қылықтар болмайтын. Істің байыбына бармай шешім қа­был­дамайтын, мінезге бай адам болатын.

Халқына өмірінің соңына дейін адал қызмет етіп, елінің ынтымағын, берекесін тілеп өткен тұрлаулы Тұлға, мейірімді ұлы еді Ыбрайымжан Қожахметов. Қа­ра­пайым еңбегімен, ел қамын ойлай­тындығымен, еңбек адамына деген жанашырлығымен замандастарының есінде қалды. Өмірден озып кетсе де артында қалған елі -жұрты өнегелі Ағаның ағалық бейнесі мен үлгі­сін, жыл өткен сайын жаңғыртып, еске алып, ұлағат тұтып жүреді.
Сірә, ел ардақтылары деп осындай тұл­ғаларды айтса керек.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты