02 Қазан, 2017

Шебімізді шегендейтін шаралар керек

463 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде еліміздің шекара шебіне жақын жатқан аймақтарына ел қондыру өзекті мәселеге айналды

Шебімізді шегендейтін шаралар керек

Бір кездері Сарыарқаның сайын даласындағы ақселеуінің желмен желбіреген басындағы үкісінің өзі өзгеше тербеліп, сыбдыры да өзгеше үн қататындай көрінетін. Ат төбеліндей қазақтың үні құмыға шығатын сол заманда, тілі ащы бір ағамыз «Күлсең де орысша күл» дейтін. Ұлы көштің беті Арқаға ауғалы Астана кәдімгідей қазақыланды. Қостанайдан қыдырып келген туыс­тар қоғамдық көлікке отыра қалса жүргізуші мен кондуктордың қазақша аялдамаларды хабарлағанына разы болып, елордамыз әжептәуір қазақы­ланыпты, қайда барсаң да қазақша сөйлеген адамдар, біздің Қостанай әлі сол бәз баяғы қалпы, дүкені де, автобусы да, шаштаразы мен ауру­хана­сын­дағылары да шүлдір-шүл­дір орысша деп қынжылып жатады. 

Иә, бір Қостанай емес, еліміздің созыла жатқан солтүстігі мен қар­лы шыңды шығысы, Жайықтың бо­йын­дағы жайлы қоныстар да қазақылана алмай жатыр. Кезін­де Столыпиннің саясатымен қара­шекпендер келіп нулы да сулы жер­лерді бауырларына басып, жер иесі ығысса, енді өзгелер ығыстырмай-ақ бос қалып жатыр қайран жер. Бар да суына бас қой, нуына малыңды жайып, бала-шағаңды жеткізіп, адам аяғының ізін аңсап жатқан жерлерге иелік ет. Бұл бүгінгі қазақтың ке­лер ұрпақ алдындағы борышы. Қос­танайлық Төлен Рамазанұлы атты аза­мат әлеуметтік желіде былай деп үн қатыпты.

«Ата-бабадан мұра болған жерге ие болу үшін әр қазақ бір бірін бауырындай көруі тиіс... Ауылға оралғанда түйгенім, «Жерді бөтенге бермейміз!» дейміз. Бөтенге (шетелдіктерге) бермес үшін қандай айла жасау керек? Тек айғайға басу жерді аман алып қалудың амалы емес екен. Еліміздің шұрайлы, құнарлы аумақтарына ауылда тұрғысы келетін қалалық бауырларымызды тартып, шетелден оралған қандастарымызды қоныстандыру үшін қарекет ету қажет. Олардың жалтақтамай, бірден өз қолдары өз ауыздарына тезірек жетуі үшін «асар салтымен» техника және агрегаттар алуына көмектесуіміз керек. Тіпті үйлер салып, сол жерде кәсіп игеріп кетуіне жағдай туғызсақ. Келген бауырларымыз ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында әрқайсысы жүздеген гектар шабындық, жайылым, егістік жер сұрасын. Жергілікті әкімдіктер жер берсін. Бүгінде ауыл қазағы қалалықтардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ал қала қазағы болса ауыл қазағының қорғаушысы, қамқоршысы болуы тиіс. Қазақ «Көп түкірсе – көл» де­ген­­ді бекерден емес, сол көптің ша­рапатының арқасында қомақты қаражат жиналғанын көргеннен кейін айтқан. Бірақ қаражат жинаудың нақты шарты болуы тиіс. Жиналған ақша әр тиынына дейін қайдан түсті, кім аударды, қанша қосты, жиналған ақшаға не алынғаны, қайда жұмсалғаны ашық, көріп отыратын жағдайда жүруі тиіс. Сонда ауылға көшіп келген азаматтар отын-суы үшін, малының жем-шөбі үшін алаңдамай ертеңгі күніне сенімді болар еді. Ауылға қоныс­танушылардың қолдаушылары мен қор­ғаушылары, тірегі қалалықтар бо­лар еді. Қазақ бұндайда «Ағасы бар­дың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» демейтін бе еді? Ауыл­дағы аға­йынның баласы оқуға түссе, олар­дың жүріп-тұруы қаладағы ағайын-бауыр­лардың қарауында болмас па еді? Бұ­ны мен туыстық деңгейде емес, ұлт­тық деңгейде айтып отырмын. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ғой. Өзгесі бос сөз, жай популизм болып қалады екен», деп қала қазақтарының елдің ертеңіне үлес қосуын, іргемізді бекітіп, шекара шебін нықтаудың маңыздылығын айтады. 

Шекараға жақын жерлерге ел қон­­ды­ру, тусырап жатқан құйқалы өңірдің байлығын халықтың кәдесіне жарату экономикалық тұрғыда ғана емес, әлеуметтік әрі саяси мәні бар, ел­дің қауіпсіздігіне әсер ететін ауқым­ды мәселе. Бүгінде еш жасыратыны жоқ, бала санының азаюына бай­ланысты мектептердің жабылуы жиі­леді. Онсыз да ол аймақтарда қазақ мектептері жоқтың қасы, ал бар дегендері бала кемдігінен жабы­луда. Бұл болашақта шекаралық ай­мақ­тардағы ана тіліміздің онсыз да мүш­кіл халін одан сайын қиындата түседі. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»