Қазақстан • 02 Қазан, 2017

ҚР федерациясы ауыр атлеттеріміздің ӘЧ-дан шеттетілуіне қатысты мәлімдеме жасады

245 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Ауыр атлетика федерациясы (ААФ) ұлттық құраманың 2017 жылғы Әлем чемпионатынан шеттетілуіне қатысты мәлімдеме жасады.

ҚР федерациясы ауыр атлеттеріміздің ӘЧ-дан шеттетілуіне қатысты мәлімдеме жасады

«30 қыркүйек - 1 қазан күндері Бухарестте (Румыния) Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Атқарушы комитетінің кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында IWF-тің мәселелері, атап айтқанда, салмақ категорияларының саны мен Олимпиада ойындарының квалификациялық ережелерін өзгерту және тағы сол сияқты мәселелер талқыланды. Әсіресе, отырыс кезінде талқыға түскен антидопингілік шаралар БАҚ пен Халықаралық олимпиадалық комитеттің ерекше назарын аударды. Себебі, бұл сұрақтар ауыр атлетиканың болашағына тікелей байланысты. Бейжің (2008) мен Лондондағы (2012) Олимпиада ойындарына қатысушылардың сынамаларына «ре-сараптама» кезінде допингтің сан мәрте анықталуына байланысты IWF қазір ерекше назарда», - делінген ҚР ААФ-тың таратқан мәлімдемесінде.

Еске салсақ, 2016 жылдың маусымында Тбилиси қаласында IWF Атқарушы комитетінің отырысы өткен болатын. Онда Бейжің және Лондондағы Олимпиада ойындары кезінде спортшылары антидопингтік заңнаманы үш және одан көп рет бұзған мемлекеттерді жарыстан 1 жылға шеттету туралы шешім қабылданды. Аталған тізімге ауыр атлетика спортында көшбасшы саналып келген 9 мемлекет енді. Оның ішінде Қазақстан да бар.

«Күтілгендей, Атқарушы комитеттің мүшелері «Тбилиси шешімін» қайта қуаттап, арнайы комиссияның кеңесі негізінде оның орындалу жолдарын талқылады. Қазақстандық федерация аталған мәселелер талқыланған барлық сатыда бірнеше себептер бойынша өзіне санкциялардың енгізілуін әділетсіз екендігін айтқан болатын. Федерацияның басқарушы құрамы толықтай ауыстырылып, антидопингілік саясат жетілдіріліп, қатаңдатылды. Осының нәтижесінде, 2016 және 2017 жылдары қазақстандық атлеттерден тыйым салынған препараттар табылған жоқ. Аталған ақпарат қазақстандық делегация арқылы IWF Атқарушы комитетіне жолданды», - деп хабарлады Федерациядан.

Сондай-ақ, хабарламаға сәйкес, қазақстандық федерация Атқарушы комитетте осы жылдың маусым айынан бастап IWF вице-президенті болып сайланған ҚР ААФ президенті Жанат Түсіпбековпен таныстырылған болатын.

«IWF-тің ресми мәлімдемесіне сәйкес, шешімді орындау және қажетті шарттар туралы ақпарат осы жылдың қазан айының ортасында 9 ұлттық федерацияға жолданатын болады. Қазақстандық тарап аталмыш тәртіптік шаралардың ешбірі Қазақстанның жасөспірімдер және жастар құрамасына қолданылмауы, сонымен бірге қазақстандық өкілдер мен федерация толығымен халықаралық және азиялық федерацияның басқарушы органдарында жұмыстарын жалғастыра беруі үшін күш салуда.

Күтіліп отырғандай, негізгі тәртіптік шара - ҚР ересектер құрамасының 12 айға шеттетілуі болмақ. Арнайы комиссияның 9 елдің допингке қарсы күрес саласындағы ахуалына жүргізетін мониторингісінің қорытындысы негізінде шеттету мерзімі бұдан да ерте аяқталуы мүмкін», - делінген хабарламада.