Аймақтар • 02 Қазан, 2017

ЭКСПО инвестицияға жол ашты - Павлодар облысының әкімі

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған баспасөз мәслихатында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде көрсетілген технологияларды өңір игілігіне жарату жайында сөз қозғады.

ЭКСПО инвестицияға жол ашты - Павлодар облысының әкімі

Әкімнің мәлімдеуінше, Павлодар облысының 120 мың тұрғыны әлемнің жетекші елдерінің «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы жаңа технологияларымен танысуға мүмкіндік алған.

«Өңірде инвестициялық әлеуетті дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы ЭКСПО 2017 халықаралық көрмесінің арқасында инвестициялар тартуға және жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік туды. ЭКСПО көрмесінің жұмысы кезінде Астанада Павлодар облысының «INVEST IN PAVLODAR» көрме залы жұмыс істеді. Орталықта әлемнің 22 елінің 112 компаниясымен іскери кездесулер өткізілді. Кездесулердің қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы және жемістер мен көкөністерді қайта өңдеу бойынша 3 жоба, «жасыл» энергетика бойынша 2 жоба, химия, машина жасау, туризм және білім беру салаларының әрқайсысы бойынша бір жобадан жүзеге асырылып жатыр», деді.

Әкім сондай-ақ Польша Республикасының Жалпыпольшалық шаруашылық Палатасымен Агроқалашық жобасын жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылғанын, Агроқалашықта шығарылатын өнім тек қана қазақстандық нарыққа ғана емес, сонымен қатар, көршілес Ресей Федерациясына да сатылымға шығарылатынын атап өтті. «Бірінші кезеңде жалпы аумағы 16 га болатын екі жылыжай мен қант қызылшасын қайта өңдейтін зауыт салу жоспарланып отыр. Болашақта картоптан крахмал алуға және жемістер мен көкөністерді консервілеуге арналған зауыттар салу көзделуде. Польшаның биомасса (ағаш өңдеу, өсімдік сіру, қураған жапырақтар және т.б.) негізінде жұмыс істейтін қазандықтарды шығарумен айналысатын Natural Systems (Начюрал Системс) компаниясынан ауыл шаруашылық қожалықтары мен коммуналдық қызмет орындарына қазандықтар сатып алынатын болады» деді Б.Бақауов.

Сонымен қатар Израильдік M.A.D. Corporation компаниясымен құс фабрикасы және сүт-тауарлы фермасының құрылысы бойынша 2 жоба қолға алынған. ЭКСПО көрмесі кезінде өңірде енгізуге тұрарлық 20 жоба таңдап алынды. Олардың бірі – Польша елінің көмірдің жылуы мол және көмірқышқыл газы аз түзілетін «Көгілдір көмір» теххнологиясы. Далалық жайлауларда орнату үшін әрқайсысының қуаттылығы 1 МВт болатын неміс жел энергиясының құрылғыларын сатып алу көзделіп отыр. Ақылды қаланың элементі ретінде облыс орталығында өтпе жолды жарықтандыру үшін кинетикалық энергияны пайдаланатын пьезо-элементтері бар жолаушылар өтпе жолдарын құру жоспарланып отыр», деді әкім .

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»