03 Қазан, 2017

Болашағы зор бастама

412 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өз аумағынан халықаралық қар­­жы орталығын құру – кез келген дамушы мемлекет үшін үлкен ар­ман. Осы арман бірқатар елдер­де соңғы жылдары нақты мақ­сат­қа ұласып, одан шындыққа ай­нал­­ғандығын да естіп жатырмыз. Гон­конгте, Сингапурде, Дубайда, Ба­­гам аралдарында, Панамада, Бах­рейнде табысты жұмыс істеп жат­­қан қаржы орталықтарын осы қа­тарға жатқызуға болады. 

 

Болашағы зор бастама

Мұның сыр­тында соңғы жылдардың өзінде әлем­­нің әр шалғайында 50-ден ас­­там оффшорлық қаржы ор­та­лық­тары құ­ры­лып, олардың ай­на­лымындағы қар­жы көлемі 3 триллион доллар­­дан асқан көрі­неді. Ендеше Қазақстанның да өз кезегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығын құруға деген ұмтылысын еліміздің болашағын әріден ойластыра отырып, дер кезінде жасалынған прагматикалық қадамға балаймыз.

Әрине, халықаралық қаржы ортал­ы­ғын құру оңай емес. Ол үшін бір­қа­тар қолайлы алғышарттар керек. Со­ның басты бірі – елдегі бейбіт өмір­дің беріктігі, елдің жүргізген ішкі-сыр­тқы саясатының халықаралық қау­ымдастықтан қолдау табуы, былайша айт­қанда, басқалармен араласқан кезде жү­зіңнің жарқын болуы. Бұл жағынан ал­ғанда Қазақстанның бейбітшілікке қосқан үлесін көптеген мемлекеттер қол­дап отыр. Мәселен, АҚШ мем­ле­кеттік хатшысы Рекс Тиллерсон 192 мемлекет қатысқан жуықтағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстан жай­лы жылы пікірін білдірді. Қазақ­стан­ның ядролық қатердің алдын алуға қос­қан үлесін жоғары бағалай келе, «Бү­гінде Қазақстан көршілерімен та­ту-бейбіт өмір сүруде. Ол берік сау­да қатынастарын дамытуда. Би­ыл ЭКСПО- 2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесі өтіп, ол бо­лашақтың энергия көздерін және бү­кіл әлемнің қатысушыларына Қазақ­стан­ның инвестициялық мүмкін­дік­­те­рін көрсетті. Бұл – өңірлік жә­не ха­лық­ара­лық бейбітшілік пен өркен­деу­­ге елеу­лі үлес қосып отырған зама­на­уи мем­лекет. Қазақстан өзінің шеші­мі­нен тек пайда көрді», – деді.

Қазақстанда халықаралық қаржы орталығының пайда болып, табысты жұмыс істеуіне қолайлы ықпал етуі тиіс басқа да жанама факторлар аз емес. Соның бірі – бір шеті посткеңестік елдерде басталып, екінші шеті Қытайға ті­релетін, Ауғанстан, Пәкістан, Моң­ғо­лия секілді елдерді қоса қамтитын үл­кен Еуразиялық аумақта әлі күнге дей­ін әлеуетті халықаралық қаржы орта­лығының құрылмауы. Осы өңір­де орналасқан елдерге қарағанда осын­дай игілікті шаруаны жүзеге асы­ру­ға Қазақстан мүмкіндігінің жоға­ры екендігін қазір шетелдік сарапшылар да мойындап отыр. Мәселен, Ресей­дегі Постиндустриялық қоғамды зерт­теу орталығының директоры Вла­дис­лав Иноземцев өз мақаласында «Еура­зиялық ауқымдағы болашақ қаржы ор­та­лығы ретінде Қазақстанның пайдасы үлкен болғалы тұр: Орталық Азияның жетекші мемлекеті ретінде, Ресеймен, Қытаймен тығыз қарым-қатынас, Жаңа Жібек жолы жобасына жақындығы, елдің ислам әлемімен дәстүрлі бай­ла­ны­сының болуы, болашақта ислам­дық қар­жы тәжірибесін қабылдау мүм­кін­дігі және Астананың АҚШ-пен жә­не Еуропа одағымен қарым-қаты­на­сының нығаюы Қазақстанның қаржы орталығын құруға лайықты екендігін білдіреді», деп атап көрсетті.

Қазіргі күні аталған мақсатты жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылымдық әзір­ліктер де жасалып отыр. Бұл жө­нін­де Қазақстанның азды-көпті тәжі­ри­бесі де жоқ емес. Мәселен, Алматы қа­ласында біраз жылдан бері өңірлік қар­жы орталығы жұмыс істеп келеді.

«The Global Financial Centres Index (GFCI) халықаралық зерттеу орта­лы­ғының рейтингі бойынша 2014 жы­лы Алматы қаласы әлемдік қаржы орта­лықтарының қатарына енгізіліп, 83 халықаралық қаржы орталығының рес­ми тізімінде 58-ші орынға және Азия қаржы орталықтары арасында 13-орынға ие болғандығы хабарланған болатын.

Ал бұл жолғы ұмтылыстың жөні бөлек. Астанада құрылатын қаржы ор­талығы Дубай ХҚО тәжірибесі ес­ке­ріле отырып, дауларды шешу үшін бри­тандық құқық базасында жұмыс іс­тей­тін болады. Бұл оның шешімінің орын­далуын тіпті елдің Жоғарғы со­тының өзі бұза алмайды деген сөз. Ха­­лықаралық қаржы орталығының мәр­­тебесі Конституция негізінде бел­гі­леніп отыр. Мұның сыртында мұн­да келетін шетелдік банктер мен ин­вес­тор­ларға көптеген жеңілдіктер ұсы­ныл­мақ.

Инвестициялар және даму министр­лі­гінің кеңесшісі Ерлан Бай­дәулет ке­лесі жылдан бастап нақты іске кі­рі­сетін «Астана» халықаралық қар­жы орталығына 2025 жылға дейін 40 миллиард доллар инвестиция тарты­ла­тындығын, мұның 7-8 миллиарды ис­лам қаржыландыру жүйесі арқылы келе­тіндігін мәлімдеп үлгірді.

Іске сәт, дейміз ендеше.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»