Білім • 06 Қазан, 2017

Ұстаздар ұлықталды

1771 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Елдің дамуы оның білім беру жүйесі арқылы бағаланатын болады», деген Елбасының сөзі жайдан-жай айтылмаса керек-ті. Себебі мемлекеттің мерейін өсіріп, мәртебесін арттыратын адам болса, сол адамды маман қылып шығаратын, шынықтыратын мектеп. Білім мен тәрбиенің тал бесігі. 

Ұстаздар ұлықталды

Осы бесікті тербетіп, ақылын аямайтын, шәкіртін аялайтын ұстаздар десек жалған болмас. Күні кеше елорданың төрінде еңбегі еленген үздік ұстаздарды Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев марапаттады. 

Ұлтқа мақтаныш, ұжымға сыйлы болып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде талмай талпынып жүрген ұстаздар қауымын марапаттау рәсімінде министрдің өзі де ақтарыла сөйлеп, ағынан жарылды. 

«Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көр­сет­у. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда ба­ғытынан таймасы анық. Біз қазіргі уақытта жаңар­тыл­ған білім мазмұнына кезең-кезеңмен көшудеміз. Бұл орай­да мұғалімдердің атқарар рөлі орасан зор. Сондықтан сіз­дерге сарқылмас күш-жігер тілеймін», деді Ерлан Сағадиев.

Айта кететін тағы бір жайт, Білім және ғылым мини­стрлігі ағымдағы жылғы 26 қыркүйек-4 қазан ара­лығында мұғалімнің қоғамдағы имиджін қалыптастыру, педагог мәртебесін арттыру, моралдық-материалдық ынталандыру мақсатында білім беру ұйымдарында, аудандық бі­лім бөлімдерінде, облыстық білім басқармаларында түр­лі шаралар ұйымдастырған. Соның нәтижесінде жыл сай­ынғы «Үздік педагог» республикалық конкурсы же­ңім­­паздары анықталған. Аталған конкурс 2012 жылдан бас­тап өткізіліп келе жатыр.

Еліміздің ең үздік педагогтерін анықтаған конкурсқа республикамыздың барлық өңірлерінен мектепке дейінгі және орта білім саласында қызмет етіп жүрген 112 ұстаз, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім саласының 44 инженерлік-педагогикалық маманы қатысқан. Ал кешегі салтанатты мерекеде 64 жеңімпазға «2017 жылдың үздік педагогі» төс белгісі, куәлік және 1000 АЕК мөлшерінде сыйақы табыс етілді.

Сонымен қатар білім саласының дамуына зор үлес қосқан еліміздің 20 ұстазы арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

 

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»