09 Қазан, 2017

Идеялар қорлау емес, қолдау күтеді

451 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Менің бір танысымның жол апаттарының алдын алатын «ақылды қондырғы» ойлап тап­қанына біраз жылдың жүзі болды. Анда барды, мында барды, еш нәтиже шығар емес. Ендігі ойы – шетелге ұсыну. 

Идеялар қорлау емес, қолдау күтеді

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің төрағасы Бағдат Мусин Алматыда «iPhone» телефондарын қолдан жасаған жігіт­терге қатысты ойын Фейсбуктегі парақшасында: «Жігіттер iPhone-ды қолдан жасаған?! Меніңше, оларға заңды өндіріспен айналысуға мүмкіндік беру керек. Бір технопарктен техника жасау цехын ашу керек. Жеңілдікпен қаржы беру керек. «Цифрлы Қазақстан» туралы жарияладық емес пе?! Егер балалар түпнұсқа платалар мен арзан бөлшектерден iPhone жасап шығарған болса, олардың қолынан көп нәрсе келетіні белгілі. Сондай-ақ кәсіпкерлік бастамалары жаман емес екен», дегенін оқыдым. Әлеуметтік желіде лауазымды тұлға емес, жеке адам ретіндегі көзқарасын ашық білдіргені ұнады. Шіркін-ай, осындай көзқарас, осындай пайым әрдайым мемлекеттік орындарда отырған лауазым иелерінен табылып жатса, қаншама жақсы идеялар жүзеге асып, елдің игілігіне жұмыс істеп, орасан зор пайда әкелер еді-ау деп ойладым.

Мәселен, дейді бір өнертапқыш әрбір қалада қыс айларында жеке сектордың көмір жаққанынан ауа ластанады. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін ірі ЖЭС-терден шыққан ыс мөлшері қадағаланады, ал жеке сектордағы әр үйге оны қою тіпті мүмкін емес. Бұл жерде нақты шешімнің бірі ретінде жекеменшіктегі жер үйлердің барлығын түнгі тарифке негізделген электр қуатымен жылытуға көшіру тиімді болар еді. Мұнда біріншіден, қаншама адам ыс тиіп, уланудан зардап шекпейді, екіншіден, жылуға түнгі төлемнің арзандатылған бағамымен төлеу халықтың да қалтасына салмақ салмас еді. Бірақ бұл идея қолдау таппай отыр. Мәселен, ЭКСПО-ға дайындық барысында мен жел қуатымен жұмыс істейтін тоңазытқыштың сызбасын жасадым. Оны да қолдаған бір адам таппадым, дейді.

Бірнеше жыл бұрын тағы бір таныстың баласы нанотехнологияға негізделген жаңалық ашқан. Жас жігіт ел кәдесіне асатын технологиясын барлық жазба-сызбасымен көтеріп, әуелі Білім және ғылым министрлігіне барды. Селт еткен ешкім болмады. Содан тыңдар-ау деген есіктердің бәрін қағып, ақыры тауы шағылып, өз елінде жаңалықты ешкім де керек қылмайтынын түсінген жігіт жобаны АҚШ-қа жолдады. Мұхиттың ар жағындағы алпауыт елдің құлағы елең ете қалған. Ақырында НАСА-дан шақырту келді. Жас жігіт идеясымен, технологиясымен, ең бастысы, ұлтына әлі де берер ілім-білігімен бір жарты шардан екінші жарты шарға қоныс аударды. Өз елінің емес, өзгенің қуатын арттырып, технологиясын жетілдіріп, ақылына ақыл қосып, өзге жұртты ілгерілетуге кете барды.

Ал Алматыда жалған гаджет жасап келген азаматтарды қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері ұстап, 30 дана «iPhone» телефонын тәркілепті. Сарапшылардың айтуынша, бұл заңсыз гаджеттерді түпнұсқадан ажырату өте қиын көрінеді. Себебі, телефонды құрастыруда жедел жады мен орталық процессордың түпнұсқасы қолданылып, гаджеттің өзге бөлшектері арзан, қолжетімді тетіктерден құралған екен. Мұндай жігіттерді қудалағанша, қаржы бөліп, цех ашып беріп, қолжетімді гаджеттер шығаруды қолға алса ше? Бүгінде бұл жігіттердің үстінен тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін қылмыстық іс қозғалыпты.

Айтайын дегеніміз, әрбір жақ­сы идеяны дер кезінде демеп жіберудің тапшылығынан еліміздің де, азаматтарымыздың да пайда таппайтынын, жүрегі шайлыққан «ақылды мидың» өрісін шекараның арғы бетінен іздеуінің зиянын жеткізу болатын. Бұл «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын», «Біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді», «Аузыма тимес қартаның қалай піскенінде не шаруам бар» дейтін жаны ашымастықтың көрінісі ме? Бойымызда бар базарымыздың парқына жетіп бағаламай, нарқына сәйкес қимыл танытпай отыра берсек көш соңында шаң жұтып қалуымыз кәдік.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»