Әлем • 09 Қазан, 2017

Экономика бойынша Нобель сыйлығы кімге берілді?

1258 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл экономика бойынша Нобель сыйлығы мінез-құлықтық экономика туралы зерттеулер жүргізген америкалық ғалым Ричард Талерге берілді. 

Экономика бойынша Нобель сыйлығы кімге берілді?

Стокгольмде өткен жиында Корольдік швед ғылым академиясының хатшысы Горан Ханссон лауреат өз еңбектерінде экономика мен психологияны байланыстыра білгенін ерекше атап өтті. "Ричард Талер шектеулі рационалдылық, әлеуметтік басымдық пен өзін-өзі бақылау деңгейі төмендігінің салдары туралы зерттеді. Экономистер осы күнге дейін адамдардың рационалды түрде әрекет ететінін айтып келеді. Ал Талер мен атап өткен қасиеттердің экономикалық шешім қабылдау мен нарықтық байланысқа да әсер ететінін айтты", деді Нобель комитетінің өкілдері. 

Ричард Талер деген кім?

Ричард Талер Чикаго университетінің профессоры. 72 жаста. АҚШ-та тұрады. Оның  Fuller & Thaler Asset Management атты активтерді басқару фирмасы бар. АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың кеңесшісі болған. Ричард Талер экономикалық теорияның жаңа саласы - мінез-құлықтық қаржы туралы бағыттың негізін қалаушылардың бірі. Оның зерттеулері экономика мен психологияны байланыстырады. "Менің зерттеулерімнің ең басты сабағы - экономикалық агенттер де адам. Және экономикалық модель осыны ескеруі керек", дейді Талер. 

Мінез-құлықтық экономика деген не?

Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, мінез-құлықтық экономика - адам әрекетінің қаржы нарығына әсерін зерттейтін ғылым. Тіпті, маркетингтік акциялар мен дүкендегі жеңілдіктер кезінде де тұтынушылардың әрекеті туралы зерттеулер жүргізіліп, осы ғылымға жүгінеді.  Мысалы, адам өз меншігіндегі заттарды басқасына қарағанда жоғары бағалайды. Талердің айтуынша, бұл өзінде барды жоғалтып алуға деген қорқыныштан туындайды. 

Аталған ғылым теориясына сүйенсек, адамдардың көзқарасы белгілі бір заттарды бағалауға әсер етеді. Мысалы, бір тауарды жеңілдік жасаған болып өз бағасына ұсынсаң, ол жоғары бағаланады. Бұл теория арқылы Талер адам толығымен рационалды шешім қабылдай алмайтынын айтты. 

Нобель комитетінің баяндамасында Талердің тағы бір зерттеуі туралы айтылған. Мысалы, таксист жұмыс күнін жоспарлау кезінде отбасына уақыт қалдыратын болса, табысын бір мөлшерде белгілейді. Тура сол ақша қолына түскенде, үйіне қайтады. Яғни, дұрыс шешім қабылдау немесе жоспар құру арқылы оған жақсы табысқа жетуге болады. 

Талердің тағы бір зерттеуі - тұтынушылардың әділеттілігі мен оның бизнеске әсері. Мысалы, жаңбыр басталса, адамдар дүкенге барып қолшатыр алады. Сұраныс көп болғандықтан, бағаны арттыруға болса да, бизнес өкілдері оған бармайды. Себебі тұтынушылар бұл әрекетті әділетсіздікке балайтынын біледі. Сонымен қатар, Талердің айтуынша, ауа райы, жобаның жақсы таныстырылымы, көңіл-күй секілді психологиялық факторлар инвесторлардың да шешім қабылдауына әсер ете алады.

Экономика бойынша Нобель сыйлығының ерекшелігі 

Экономика бойынша Нобель сыйлығын 1968 жылы Швеция банкі тағайындаған. Бұл банк жыл сайын Нобель қорына бір сыйлықтың қаржысын аударып отырады. Бірақ Альфред Нобельдің 1895 жылғы өсиетінде экономистерге сыйлық беру туралы айтылмаған. Сол себепті Нобельдің ұрпақтары экономика бойынша сыйлықтың Нобель атымен аталғанына наразылықтарын білдіріп келеді. Петер Нобель бір сөзінде Альберт Нобель экономистерді жақтырмағанын, мұндай сыйлықты беру оның өсиетіне қарсы келетінін айтты. Сондай-ақ "Нобель отбасы қоғамдастығының" төрағасы Томас Тюден аталған сыйлықты Нобель сыйлықтарының қатарынан бөлуді ұсынды. Соған қарамастан, экономика бойынша Нобель сыйлығы жыл сайын тағайындалып келеді. 2016 жылы аталған сыйлық келісімшарт теориясы үшін Оливер Харт пен Бенгт Хольмстрьомға берілген болатын. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін әдебиет бойынша Нобель сыйлығы Кадзуо Исигуроға берілгені туралы хабарлаған болатынбыз. Ал Райнер Вайсс, Барри Бариш және Кип Торн есімді ғалымдар LIGO детекторы арқылы гравитациялық толқындарды анықтағаны үшін физика бойынша Нобель сыйлығын иеленген еді. Сондай-ақ ерітінділердегі биомолекула құрылымын анықтауға арналған жоғары сапалы криоэлектронды микроскопты дамытушыларға химия саласы бойынша Нобель сыйлығы бұйырды.

Бір айта кетерлігі, биыл лауреаттарға берілетін қаржылай сыйлық 12,5 %-ға өсіп, 1,12 млн долларды құрады. Ал осы күнге дейін, яғни, 1901-2017 жылдар аралығында 98 Нобель сыйлығы табысталды. Оның ішінде екі рет сыйлықты үш адам өзара бөліскен. Жалпы лауреаттардың орташа жасы 62 жасты құрайды. Сонымен қатар лауреаттар қатарында 16 әйел бар. Нобель сыйлығынан тек 1 адам - Ле Дюк Тхо бас тартқан. Бір қызығы, Нобель сыйлығы тарихында салтанатты рәсім барысында үш лауреат қамауға алыныпты. 

Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын табыстау 10 желтоқсан күні Ослода, қалған салалар бойынша салтанатты марапаттау шарасы Стокгольмде өтеді. 

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"

Соңғы жаңалықтар