Ат спорты • 11 Қазан, 2017

Ұлттық спорт дегеніміз не?

9275 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық спорт – өнер-ойын түрлері дегеніміз не? Осыны қарапайым оқырмандарға түсіндіре кетуді жөн көріп отырмыз. Ұлттық спорт дегеніміз – жауынгерлік жаттығу. Бұған көкпар, аударыспақ, теңге ілу, садақ ату (жамбы ату), бәйге түрлерін жатқызуға болады.  

Ұлттық спорт дегеніміз не?

Қай заманда болсын дайын­дығы күшті, шеберлігі мықты сарбаздар шайқаста жеңіске жетеді. Сол себепті, байырғы көшпенді бабаларымыз бейбіт күннің өзін­де сарбаздардың жауынгерлік даярлығын жетілдіріп отырған. Яғни, шайқас кезінде жауынгер қолданатын әдіс-тәсілді бейбіт күндері ұлттық ойын ретінде үздіксіз дамытқан. Әрі қомақты бәйге тігіп, жауынгерлерді ын­таландырған.

Мысалы, көкпарды ала­йық. Бұл жауынгердің ат үстін­дегі еп­тілігі мен тақымын шынық­тыратын жаттығу. Шайқас ке­зінде жолдасың жараланып аттан ауып барады... Оның денесін жерге түсірмей іліп алып құтқару керек. Немесе жау сарбазының та­қымға басқан жарағын тартып алу қажет. Осындай жағдайда көкпар тартып шыныққан жауынгер қиналмай-ақ жеңіске жетеді.

Аударыспақ ше?! Дала сарбазы үшін жауды ат үстінен аударып тастап, астындағы тұлпарын олжалау немесе қиын-қыстау сәтте қарсыласқан жауға найзасын тіреп, ердің үстінен аудару сияқты жауынгерлік жаттығуды жетілдіретін тәсіл. 

Теңге ілудің де ілкідегі ма­ңызы осы тектес. Мысалы, шай­қас кезінде қорамсақтағы оғыңыз тау­сылды. Жау ентелеп келе жа­тыр. Қайтесіз, атпен шауып өтіп, жерде шашылып жатқан жебе­лерді теріп аласыз немесе жау­дың қолынан сусып түсіп кет­кен қанжар-қылышын лып еткізіп іліп алып өзіне жұмсайсыз. Мұндай жауынгерлік әдіс-тәсілді жетілдіріп отыру үшін қазақ «теңге ілуді» ойлап тапқан. 

Садақ ату да жауынгерлік жаттығу. Бейбіт күні садақты көп атқан сарбаздың мергендігі жетіледі, жебе тартудың машығын үйренеді. Өзінің нысанаға дәл тигізетін қашықтығын анықтап алады. Көшпенділердің аса бір қадір­лейтін адамы осы – мергендер. Қазақтың батырлық дас­тандары мен эпостық жырларында асқан мергенге хан қызын бергені жайлы дерек жеткілікті. Мысалы, Қобыланды батыр жы­рында Көктем аймақ деген хан ай астына алтын жамбы құрып, оны атып түсірген адамға қызымды беремін деп жар салады. Жамбыны Қобыланды батыр атып түсіріп, Құртқа сұлуды алып қайтады.

Ал ұлттық өнер дегеніміз – ол жоғарыда айтып өткен жауын­герлік жаттығудың басқаша қыры. Қазіргі таңда қазақтың ат­бегілік, құсбегілік, саятшылық өнерін спортқа жатқызып жүр­міз. Бұл спорт ойындарына қа­рағанда интелектуалдық сипаты басым көшпенділердің ақыл-ой еңбегінің тұрмыстағы жемісі. Бұл жерде халықтың байырғы генетикалық жадысы жатыр десе де болады. 

Мысалы, сонау бағзы заманда атақты Толыбай сыншы жолаушылап келе жатып, ана­дай жерде жатқан қуарған аттың бас сүйегін көзі шалады. Тізгінді тартып тұра қалып: «Ей, мынау ерен жүйріктің басы екен, имек тұмсық, бөкен танау, көзінің ойындысы терең, жар қабақ, екі жақтың ортасы алшақ, тістері әлі жалтырап тұр, сүйегі қандай асыл еді жануардың. Мына тұмсығына қарағанда, шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні қатты, сіңірлі екен. Құмдауыт, босаң, көбелең жерде бәйге бермейтін ат қой бұл. Жасы тоғыздан асып, онға қараған дер шағында өлген екен, жануар», депті. Тірі жылқыны көрмей-ақ қу басқа қарап осылай деген. Сол сияқты кәнігі құсбегілер де самғау көкте, көз көрім биікте ұшып бара жатқан қыранды да осылай тап басып танып айта беретін болған. Мұндай интелектуалдық қабілетті қазақ «сұңғылалық» деп атаған. 

Қазір осы интелектуалдық жадыға қатысты ұлттық өнерді ұлт­­тық спортпен араластырып жі­бер­дік. Бұл болашақта бө­лек тақырыпқа жүк болатын дүние. Қазақ осы жадысын қал­пына келтірмей, байырғы тек-таны­мымен қауыша алмайды. 

Үшінші – ұлттық ойын. Бұл жоғарыдағы жауынгерлік жат­­тығудың алғашқы бастауыш сабақтары сияқты дүние. Қазіргі таңда қоғамдық өмір­ге жалпыласқан ұлттық ойын түр­­­леріне асық ату мен тоғыз­құ­малақты жатқызуға болады. Өйткені бұл екі түрден респуб­ликалық деңгейде жарыс­тар ұйымдастырылады және ше­берлік атақтары беріледі. 

Асық атуды алайық. Мұның өңірлік немесе өлкелік ойын түр­лері көп. Мысалы, оған «Хан­талапай», «Хан ату», «Құлжа ату», «Құмар», «Қақпақыл», «Қар­­­жу» немесе «Қаржымақ», «Төрт асық», «Бес тас», «Иір­ме­кіл», «Омпа», «Бәйге», «Бес табан» т.б. жата­ды. Бұл ойындар­ды негізінен жасөспірім балалар ойнайды. Яғни болашақ ел қор­ғайтын жауынгер жас кезінде асық ату арқылы мергендігін шыңдайды, дәлдігін жетілдіреді, ептілігін арттырады. Осылай жастай шыныққан бала ержеткенде епті жауынгерге айналады. Қысқасы біздің «Ұлттық спорт» деп жүргеніміздің тарихи-этнографиялық маңызы осы. 

Халықаралық маманданды­рылған көрме аясында ұлттық спорт түрлерінің де қалыс қал­май, кешенді түрде жарыстар ұйым­дастырылуы қуантты. Көр­ме ашылуының алғашқы аптасында «Қазанат» атшабарында Қа­зақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың жүлдесіне ар­­­­нал­ған бәйге түрлерінен ЭКСПО-2017 кубогының өткі­зі­­луі көп­шілікті бір серпілтіп тастады. 

Яғни тоқ етерін айтқанда, ұлттық спорт елімізде тұрақты түрде ұлықталып келеді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»