Әдебиет • 11 Қазан, 2017

Ертегілерді технология тілінде сөйлеткен

1060 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біздің буын ата-әжелерінен ертегі тыңдап өсті. Алыс ауыл­дарға теледидар жетпей жатқан кезде кітаптан оқыған, радиодан тыңдаған ертегілер қиял-ғажайып оқиғаларымен арман-қиялына қанат байлады, ана тіліне мейір қандырды, ұлы даланың кеңдігімен есейтті. Қазір жаһандық өзгерістерге толы ай­­на­­ламыз жедел, асығулы. 

Ертегілерді технология тілінде сөйлеткен

Ба­­­лалар кітап оқудан бұрын мың құбылып шығып жатқан планшет, гаджет сықылды тех­нология жаңалықтарына қы­зығады. Сондықтан біздің ендігі мақсатымыз – өзімізді өсірген ертегілердің құндылығын жо­ғал­тпай, заманға сай бүгінгі буынға жеткізу болмақ. Өйткені ақ­параттық технологиялар қо­ғамның барлық саласына, әрбір отбасына келді. 

Осы орайда Абай атындағы дарынды балаларға арналған мек­теп-лицейдің информатика пәнінің мұғалімі Балқаш Нұр­ғазина қазақ ертегілері мен компьютер мүмкіндігін ықпалдастыру арқылы жаңа жоба жасап, жас буынға ертегі тыңдатып ке­леді. Яғни бастауыш сынып оқу­шыларының қазақ ертегілеріне қыз­ығушылығын арттыру, оларды адамгершілікке баулу мақсатында «Ертегілер әлеміне логикалық сая-хат» атты мультимедиалық жоба дайындады.

– Бүгінгі қоғам алдында­ ана тіліне жетік, тарихи зер­де­­­сі жоғары, ұлттық салт-дәс­түр­ден нәр алған, әлемдік ғы­лыми-техникалық прогресс кө­­­шіне ілесе алатын адам қа­лыптастыру мәселесі тұр. Мі­не,­ осы мақсаттағы жобаның идея­сы жаңашыл, оны ойын ғана емес, танымдық құрал ре­тінде де пайдалануға болады. Ком­пью­термен диалог, қайтарма бай­ланыс (интерактивті) орна­тудың нәтижесінде бала өзінің ілгерілеу деңгейін қадағалай алады. Жоба ыңғайлы интерфейспен қамтамасыз етіліп, түстердің безендіру үйлесімі сақталған, – дейді жоба авторы Б.Нұрғазина.
Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасында айтыл­ған ұлттық кодымыздың қай­нар көзі – ертегілер.

Осы тұр­ғыда баланың логикалық да­муын ұлттық мәдениетпен бір­ге­ қалыптастыруда бұл тех­но­логияның маңызы ерекше еке­нін байқауға болады. Мәселен, ер­­тегі кейіпкерлерін сурет бойын­ша анықтау тапсырмасы баланы ертегілермен танысуға, маз­мұнын түсінуге бағыттайды. Жо­ба ерекшеліктерінің бірі қазақ ертегілеріндегі мыстан кемпірді мейірімді етіп өзгертуден кө­рінеді. Осы бірегей идея жаудың көзін жоюға негізделген қазіргі компьютерлік ойындардан ерекшелей түседі. Ойын барысында берілетін тапсырмалар мен тексеру материалдары баланың ертегі мазмұнымен таныс болуын қажет етеді. Сондықтан баланың ертегіні оқуына тура келеді.

Б.Нұрғазинаның айтуынша, атал­ған жоба мектептің оқу-тәр­бие жұмысында 3 жылдан бері қол­данылып келеді. Балалар са­бақтан тыс уақытта информатика кабинетіне келіп, қосымша жұмыс істейді. Пән апталықтары бастауыш сыныптарда «Алтын са­қа кімге бұйырады?» атты са­йыс түрінде өткізіледі. Бұл муль­тимедиалық жоба үш дең­гейлі математикалық, ло­гикалық жаттығулармен және қазақ ер­тегілерінің кейіпкерлерімен қам­тылған. Жоба желісі бойынша алтын сақасын жоғалтқан бала сақаны іздеу жолында қазақ ертегілерінің кейіпкерлерімен кездеседі. Сақа жасырылған сан­дықтың кілттерін табу үшін оңайынан күрделісіне қарай жаттығуларды дұрыс орындап, Мыстан кемпірді жеңіп, алтын сақасын алып үйіне қайтады. Тапсырмалар реті Тазша баланың шартына сәйкес бір таңбалы сандармен, Ер Төстіктің шартына сәйкес екі таңбалы сандармен арифметикалық амалдарды орын­дау нәтижесінде және күн астындағы Күнікей қыздың шартына сәйкес мысал есептерді орындау арқылы сандық кілтіне ие болумен аяқталады.

– Әрине, балалардың ақ­па­рат­тық технологияларға қы­зы­ғушылығы өте жоғары. Қазақ ті­лінде логикалық-танымдық ба­ғытта пайдаланғылары кел­генімен оқыту, жаттығу бағдар­ламалары сирек кездеседі. Сон­дықтан осы бағыттағы өнімдерді дайындау қажет. Жобаны пай­да­ланған соң оқушылардың ком­пьютерді ана тілімізде жұмыс іс­те­туге болатындығына, бұл үшін ұлттық құндылықтарды құр­меттеу және бағдарламалау бойынша білім мен дағды қажет екендігіне көздері жетті, – дейді информатика пәнінің мұғалімі.

Айта кетелік, Балқаш Нұр­ға­­­зинаның аталған жобасы рес­публикалық инновациялық педа­гогикалық идеялар сайысында 1 дәрежелі дипломға ие болған. Ол бұдан басқа да бағдарламалау саласындағы көптеген жобалар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР