Әдебиет • 12 Қазан, 2017

Бесқала қандай мұра қалдырды?

1008 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әдебиеттанушылар жырау мен жыршыны екі бөлек қарас­тырады. Бұл көп таралған қағида бол­ғанымен, Рахманқұл Бердібай Ор­талық Азия елдерінде жыршыларды да жырау деп атай беретінін айтыпты.

Бесқала қандай мұра қалдырды?

Тарихта Бес­қала атауымен белгілі Қара­қалпақ өңірінде жыршыларды жы­рау деген. Бұл өңірде қазақтың төл өнері – жыршылық дәстүр ерекше сақталып, бүгінгі күнге дейін аман жеткен. Жақында «Қара­қал­пақстандағы қазақ ақын-жырау­ларының мұрасы» деген атпен мар­құм Қаржаубай Жұмажанов пен Тұрсынай Төрткүлбаеваның оқулық-хрестоматиясы «Дәстүр» баспасынан жарық көрді.

Қарақалпақстандағы қазақ бауырларымыздың әдеби мұрасы – бүтін қазақ әдебиетінің шалқар айдынына қосылар арналы өзен. Сонау алпысыншы жылдары М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының қыз­меткерлері Т.Бекхожина, Т.Қана­ғатов, Б.Ысқақов, Б.Бай­діл­даев, Т.Сыдықов, музыка зерт­­теушісі А.Серікбаевалар ар­найы сапармен барып, мол мұ­ра жинаған.

Белгілі ғалым Ал­ма Қы­рау­баева Қайролла жы­рау­дың ау­зынан төрт дастан жазып ал­ған екен. Тарихи себептер­мен Бесқала өңіріне біраз қа­зақ қоныс аударған. Ақын-жы­рау­­лары өзбек, қарақалпақ, түрік­мен жүйріктерімен етене таны­­сып, мақам түрлендіріп, сөз ба­йыт­қан. Қазіргі уақытта шетел­дегі қазақ әдеби мұралары ғана емес, ел ішіндегі кейбір байлық­тары­мызды толық игеріп кете алмай жатырмыз. «Бабалар сөзі» көп­томдығына енбей қалған тағы жүз томдық мұраның барын ғалымдарымыз айтып жүр. Елба­сының рухани жаңғыру туралы идея­сының бір ұшы осы халық мұра­сын, әсіресе шетелдегі қазақ әде­биетінің бұрынғы һәм бүгінгі байлығын жинап-теруде жатса керек. Өйткені Жер шарының қай бұрышында өмір сүрсе де, қазақ деген  тұтас бір халық. Оның бай­лығы да, мұрасы да ортақ. Осы жағынан келген Бесқаланы ме­кен еткен Қосым жырау, Қа­зан жырау, Қарасай жырау, Өтім Балтуғанұлы, Таңжарбай Бәкір­ұлы, Жұмағали Сағынбаев, Дә­рия­­бай жырау, Ақпан жырау, Тұр­­ман қожа сияқты көптеген ақын-жыраулардың еңбегі топ­тас­тырыл­ған оқулық біз үшін бағалы болмақ.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»