Әдебиет • 13 Қазан, 2017

Жақсыдан жақсы туады

970 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Таңбалы шежіремізде талай табанды тұлғалардың ізі сайрап жатыр. Намыстан жаралған ол ұрпақ бүгін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жақсы заманның бастауына қызмет етті. Қайтып келмес күндерге қайырылып бір көз салсақ, балалық шаққа еселері кеткен, мейірімі жасырулы, меһнаты көп кезеңге ғұмырын арнаған әкелеріміздің жолы бар. 

 

Жақсыдан жақсы туады

Соғыстан кейінгі жылдар халықтың аузы аққа тиіп, көңілі жайланып, тірлігі оңға басқан кезең болса, бұл да күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген атпал азаматтардың маңдай терімен өтелді. Жақсылық көрсе де, сая­саттың сатқындығын сезсе де өз еліме болсын деп еңбектенген ерен тірліктердің иесі болса, онда ол – Жамбыл облысында жауапты қызметтер атқарған Берден Байқошқарұлы. Бұл өңірде ол кісіні білмейтін адам сирек. Әйтпесе мұнда «Берден көпiрi», жылдар өте келе «Берден арығы», «Берден тоғаны», «Берден көлi» деген жер-су атаулары пайда болар ма еді? 

Ендеше естелікте әдемі сөздер болуы міндетті емес, тек шындық болуы керек дейді сөздің парқын білетіндер. 

Балалығы ұрланған ұрпақ

«Тегінде бар – теңелер» деп­ бұрынғылар бекер айтты дей­сіз бе?! Адамның бойындағы бар­ қасиет қанмен келеді. Бай­қош­қар­дың бата алып өскен аса зерек баласы 1935 жылы бидайға орақ түсетін, шілденің 4-і яки 5-і күндері дүние есігін ашады. Оған дейін әкесі ашаршылыққа қос құлыны Сәрсенәлі мен Бейсенәлісін қол­дан беріп, іштей азалы болып жүр­генде, өмірге өзегін жарған ат байлар ұлы, жалғыз тұяғы Бер­ден келеді. 

Соғыстан жаралы болып орал­ған әкесі оңалып, тыл жұ­мы­сына бел шешіп кіріскенге дейінгі бала Берденнің көрген құ­қайы көп. Бар болғаны 5-6 жасында аң-құсқа жем болмай, 18 шақырым жерде тұратын Бітен атасының үйіне арып-ашып жаяу­латып жетіп, аштықтан ісіп-кеуіп жатқан анасы Әтимахан мен екі қарындасын өзі арқалап әкелген бір пұт бидаймен аман алып қалғаны азаматтыққа бастар жолдағы тұңғыш тәуекелі демей не дерсің. Бұл болар бала­ның белгісі еді.

Көп ұзамай әкесi колхоз бас­қар­масының төрағасы болды. Кол­хоз бала-шағаға дейін жабылып бидай ектi, мал өсірді, ел белін жазбай еңбек етті. 
Осындай айрықша елеулi еңбек көрсеткiштерi үшiн бiрден ауылдың 6 адамы Социалистiк Еңбек Ерi атағын алған. Олар­дың iшiнде әкесi Байқошқар Мү­сiрәлиев те бар болатын. Сөйтiп Берден бiр-ақ күнде «Геройдың баласы» болды да шықты...

1947 жылы Алматыдан әйгiлi жазушы Ә.Әбiшев iздеп келiп, 32 Социалистiк Еңбек Ерiнiң iшi­нен әкесi Байқошқарды бас­ты кейiпкер етiп «Үлкен жолда»­ повесiн жазып кетпедi ме!? Мi­не,­ сол кiтапта да «Менiң бес­ жасар Берден деген балам бар,­ соған мұра етiп қалдырар бай­лығымның ең үлкенi – адал­дығым», дептi қайран әке!

«Ата-ананың үмітін ақтаңыздар, жар-жар...»

Әлбетте Берден Байқошқар­ұлы өмір белестерінің баянды беттерінде әке үмітін ақтаған адам. Оны ел де айта берер. 

Ең қызығы, бір дәуірдің хиты бол­ған жаңа «Жар-жар» әні Бер­ден мен Сәбираның үйлену тойы­на арналып жазылғанын екінің бірі біле бермес. 
«Ақкөлде саған лайық бiр-ақ қыз бар. Ол – Сәбира Исаева» деп жер­лес жігіттер айтып жүрген ару­ды «ЖенПИ-дегі» би кешінде кез­дейсоқ жолықтырған Берден Ал­матыдағы ауылшаруашылық инс­титутын бiтiрген бойда сол қызға үйленiп, шаңырақ көтередi. Алдында институттың соңғы курсында оқитын студент достары ақын Абдрахман Асылбековке қоймай қолқа салып, «Жар-жар» әнiнiң жаңа мәтiнiн жаздыртқан.

«Халықтың әуен-жыры «Жар-жар­дың» жаңаша нұсқасын жаз.­ Бiз тойда соны айтайық», дей­­дi. Әбекең көп өтпей ежел­гi­ жыр­дың жаңа заманға бейiм­делген нұсқасын өмiрге әкеледi. Оны мәшiңкеге терiп, көбейтiп, достарына таратады. Күллi Қазақстанға белгiлi «Жар-жардың» осы жаңа нұсқасы Берден мен Сәбираның үйлену тойында алғаш 1959 жылы орындалып едi...

...Ата-ананың үмiтiн
ақтаңыздар жар-жар,
Махаббатты мәңгiлiк
сақтаңыздар жар-жар,
– деп аяқталатын үйлену той-­жырын бұдан 60 жылдай бұ­рын осылай жамбылдық жастар тұңғыш шырқаған болатын.

Жұртты жұмылдыра білетін

Бірбеткей Берден Алматы­дағы ауылшарушылық инсти­тутын бітіріп, дипломы қолына тиген бойда туған жерге тарт­ты. Сол кездегі Жамбыл об­лыс­­тық ауыл шаруашылығы бас­қармасына келіп, сол жерден та­былған Талас ауданындағы «Қызыл октябрь» колхозының бастығы Байбатшаевтың көзіне түсіп, ол жас маманды МТМ меңгерушілігіне тағайындаймын деп жата-жабысады. 

Ақиқатында бұл азда­ған­ өзге ұлттың өкіліне шаруа­шы­лықтардың күні түсіп тұрған жылдар еді. Қалай болғанда да жергiлiктi ұлттың техникалық сауатын жетiлдiрмей болмайтындай ахуал қалыптасқан-тұғын. Содан да болар, шеберханадағы мотор жөндеу, май ауыстыру, темір-терсек жону, қалыптау цехтарына қазақ азаматтарын көптеп тартуға құлшына кiрiскен. «Не бiлесiң, соның бәрiн үйрет, нағыз маман етiп шығар, бұл iстiң өзiм де басы-қасында жүремiн. Ештеңенi де бүгiп қалушы болмаңдар» деп тапсырып, немiс ағайындардың техникаға жетiк-ау дегендерiне бiр-екiден жас қазақ ұлдары мен қыздарын телiп қойды. Бұрыннан да темiрден түйiн түйетiн iсмерлер әулетiнен шыққан Әбдiрәсiл ағасының маңында да Үшкемпiр Кiтәшев, Құрақбай Шерiмов секiлдi ауыл жiгiттерiнiң қарасы молая бастаған.

Өрлеу үстіндегі өрен

Ауылға көп өзгерiс келдi сол­ жыл­дары. Бiрақ Берден еш­ өзгермедi. Кейде шам тү­бiн­де түнімен тапжылмай әл­дебiр кiтаптарға шұқшияды. Бы­лайғы ағайындар оқуы дардай бол­ғанмен, тәжiрибесi төмендеу демес үшін өзiнше iзденедi. МТМ меңгерушiсi болып жүрiп, механиктiң де жұмысын қоса-қабат дөңгеленттi.

Одан кейін Хрущевтің нұсқа­уымен жүгеріні жаппай егу нау­қаны келді. Осы тапсырманың үде­сінен шығамыз деп үй көрме­ген Берденнiң «квадратты» тап­қанына ел сенер-сенбес халде. Аудан дүрлiктi. Оңтүстiк ай­мақ бойынша Жамбыл облысы, оның iшiнде «Ойық» совхозы­ жүгерiнi шаршылай ұялап егу жүйесiн дәлме-дәл игергенi үшiн бiрiншi орынға шықты. Сол тұста Сарысу, Талас аудандары негiзiнде аумақтық өндiрiстiк басқарма құрылып жатқан. Содан оған қоңырау шалынып «Сенi аудан басшысы Ақбозов қабылдайды. Ертең таңғы 9-дан кешiкпей кел», деп тапсырды. 
Берденнiң ойына осыдан үш­ ай бұрын көктемгi егiс науқа­нына техника дайындау барысында кемшiлiк жiберiп алып, Ақ­бозовтан ескерту алғаны түс­тi. «Не жазып қойдым», деп қор­қасоқтай алдына барды. Бiрақ оның жүзi жадыраңқы көрiндi. 
– Берден, сен Руденконың орнына барасың, бұйрық шығарам!
Оның Руденко деп тұрғаны украин жiгiтi. Берденге бұрыннан таныс. Өзi – ғылым кандидаты әрi аймақтағы инженерлер арасы­нан Социалистiк Еңбек Ерi атағын алған алғашқы адам. 
– «Ойық» совхозының инже­нерлiгi де тақияма тар келмес едi. Бiраз тәжiрибе жинауым қажет қой, – деп қашыртып баққан. 
– Қаншаға келдiң? – деп қар­сы сұрақ қойды Ақбозов.
– Жиырма алтыға! 
Ақ­бозовтың бұған да айтар уәжі табылды.
Осылайша Берден үш жарым жылдай аумақтық-өндiрiстiк бас­қарманың бас инженерi болды. Өмiр өзiнiң қоңыр ағысынан жаңылмай, арба дөңгелегiндей зыр қағып өте бердi...

1969-дың қысы едi...

«Кеңес» совхозында мұның алдындағы жылы ғана 44 мың­ның үстiнде қой болса, 90 пайызын қаһарлы қысқа бердi де шық­ты. Көктем шығысымен ең­ алдымен тау-төбе болып үйiл­ген малдың өлекселерінен арылу­ шаралары қолға алынған. Терең­құмдағы 104 қора өртелдi. Әуез Байдiлдаев сов-хоз директоры болатын. Оны орнынан босатты.

Бары-жоғы 33 жастағы ен­ді­гі директор Бекең мал шаруашы­лығын қалыптастыру, дамыту iсiн қайта тақыр жерден бастады. Мемлекеттен бөлiнген қаржыға алғашқы лепте Ақтөбеден 1000 бас қазақы едiлбай қойы әкелiндi. Сосын Өзбекстанның Бұхара облысынан 3700-дей сұр түстi қаракөл қойы сатып алынды. Шаруашылықтағы қаракөл қойы бұған дейiн бiр өңкей қара түстi болатын. 

Табанды жас директордың бойын­дағы жiгерге жұрт сүй­сінді. «Юбилейный» су қой­ма­­сын iске қосу бер жағы ғана бол­ды. Мұндай тоған қызыл­жарлықтарға да керек. Олардың ауыздарының салымы бар екен. «Юбилейныйды» он орайтын ояң жер тұп-тура ауыл iргесiнде ескерусiз жатыпты. Кеңес пен Қызылжардың екi аралығы, шұң­ғылдау келген орта тұсы – кең ой­пат iздегенге-сұраған болды да шықты. 

Сонымен Бөлекқызылда тос­па­ тұрғызу жұмысы жаз ба­сында-ақ қауырт басталған. Бөгет салу iсi бас-аяғы 43 күнде бiттi. Екi қырдың ортасында 4-5 машина қатар жүре аларлық, екi кiсi бо-йындай жалпақ белдеу-жал пайда болды. «Сабантойға» айналды соңы мұның. 

– «Берден платинасы»­ деп­ атайық бұл бөгеттi деді Еле­мес қойшы. Ел оны iле қоштап у-ду болысқан. Жасанды су қой­масының рахатын ел оған су иiрiлгенде көрдi. Ауыл iшiндегi тартылып кеткен құдықтардың суы көлкiп бетiне шықты. Арна­ның екi қапталына, Жаманқұм, Тектұрмасқа дейiнгi екi аралыққа егiн салып, қауын-қарбыз егiп қарық болатыны қариялардың «Берденнiң арқасында есегiмiзге дейiн бидай жедi» деп риза болатыны бiр жылдан кейiн ғой...

«Бекеңнiң қыбын табу қиын, сөзге ермейдi, өтiрiкке сенбейдi, алдағанға көнбейдi»

Әрине бұл сөзді сырын жақсы білер құрдастары айтады ғой. Бірақ Бекең бастықпын де­медi. Түнде жатпай отар аралап, «қызыл сызық» бойымен жүрiп өткенiнiң жемiсiн таңертеңгiлiкте мамандардың басын қосып, жиналыс өткiзгенде-ақ көрдi ол!

Қай қыстауда шөп қат, моторлары iстеп тұр ма, малшылардың түз­д­егiсi түгел ме, үйдегiсi – ұны, қант-шайы, май шамының ши­шасы, тағы басқалары сайлы ма,­ малшы әйелдерiнiң толғағы қат­ты келiп, ауруханаға жете алмай қиналғандары бар ма – осының барлығы директордың қойын кiтапшасына түгел түседі. Бiр түннiң оқиғасының өзi бiраз мамандарды орнынан тұрғызып, сыбағасын беруiне жеттi де тұрды... Бiреуi бұлтара алмаған. 

Рас, бұлай жұмыс iстеу Бер­деннiң өзiне де қиын тидi. Соны ойлап совхозға рациялық байланыс жүйесiн енгiзген. Құмдағы қыс­таулар мен орталықтың ара­қашықтығы тоқсан-жүз ша­қырымдай болар-ау. Ол, бiрақ түн­делетiп мал аралауын бәрiбiр қоймады. Берденнiң өтiрiкке, өсекке, жағымпаздыққа жаны қас едi. Ал адалдығы сөзiнен де, iсiнен де танылатын ақ көкiрек азаматтарды айрықша қадiр тұтты, құр ауыз да тастамады. 

Түпкi нәтиже бойынша, мысалы, шопанға әрбiр аман сақталған 20 ұрғашы төл үшiн бiр қозыдан берiлдi. Отарда екi жүз егiз бол­са, соның жиырмасына бiр қозы­дан болғанда шамамен жетi қозы­ны бiр, бағымындағы жалпы сау­лықтың 800-iне он қозыны тағы алады. Бiр жылда он жетi қозы малшының еншiсiне тиедi. Алар еңбекақысы бөлек. 

Тағдырлы танысу

Мұның өзi ойда жоқта болды.­ 1972 жылдың 12 қаңтары едi. Ол­ кiсiнiң алдында болып, ди­дарын көрiп, ауызба-ауыз тiлдесудiң сәтi (бұл Берден үшiн де арман) өз-өзiнен түседi деп күтпеген. Шаруашылықтың бас­қа жұ­мыс­тарын бiр жайлы етiп алып, та­ғы бiр үлкен мә­селе – «Кеңес» совхозының тұрғындарына үй­ме-үй тораптық-құбырлық су жүйесi арқылы ауыз су жеткiзiп бер­мек болып, соны бас жоспарға енгiзбек ниетпен Алматыға жо­л­ы түскен. 11 қаңтар күнi Тұр­мыстық қызмет министрiнiң бi­рiншi орынбасары Атымтай Қисановтың алдына кiрдi. Ол кісі шаруасын шешіп қана қоймай, Байқошқаровтың өміріндегі тағдыршешті сәттің тууына да септігін тигізді. Естен кетпес сол кездесу соңында Бекең:

– Димаш Ахметұлы, сiз жұмыс бабымен жыл сайын бар­лық облыстарды аралап жүресiз. Әсiресе солтүстiктегi астықты аймақтарда көп боласыз. Мына Жамбыл облысында үш аудан бар. Шөл, шөлейтте орналасқан. Таза қазақ аудан­дары. Мойынқұм, Талас, Сарысу аталады. Олар егiн ек­пейдi. Сол елдiң адамдары сiздiң ди­дарыңызды көрсек деп сағына, сарғая күтумен жүр ғой!

Бұл тағдырлы таныстық елдің бірінші басшысын Жамбыл өңіріне талай алып келді. Бұл аралас-құраластық ширек ғасырға дейін, Димаш атамыздың демі үзілген күнге дейін созыл­ды. Және бұл Меңлiахмет пен­ Байқошқар әулеттерiнiң өзара сыйлас, аралас-құралас бо­луының басы едi... 

Берден Байқошқаровтың Сары­су аудандық партия ко­ми­тетiнiң екiншi хатшысы болып тұрғанда таудан жылымшылап ағып келер су жолдарының алдын бөгеп, бiр емес, екi бiрдей су ­қоймасын салдыруы да қадау-қадау істерінің бірі болды. Осы жұмыстармен қабаттастыра әлгi су қоймаларынан басын алар үлкен канал тартқызған. Бұл канал суы соңыра Жайылма, Байқадам аралығындағы екi жүз гектардай егiстiк алқапты суландыруға жеттi де тұрды. 

Берден барған жерге су барар

Облыстың бiрiншi хатшысы шаруа бабымен өзiн талай шақыртқан. Бiрақ осы жолғысы тым бөлекше едi. «Бiз сенi Қордай аудандық атқару комитетiнiң төрағалығына жiберемiз!» дедi ойда жоқта дік етiп. Бая­ғы... Сарысуға хатшылыққа сай­ла­нардағы жай, айна-қатесiз қай­таланды.

Содан Байқошқаров 1974 жыл­дың қараша айында Қордай аудандық атқару комитетi төрағасы қызметiне сайланды.

Денін өзге ұлттың өкілде­рі құрайтын ауданда Байқош­қаровты мүлде басқа міндеттер күтіп тұрған-ды. Ерен еңбегімен, қамқорлығымен көп ұлтты аудан халқының сенімін ақтап, қыс­қа мерзімде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалып, 10 жыл бойы осы ауданды абыроймен басқарды. 

Біткен тірлік, нақты атқар­ған ісі Байқошқаровтың бар­лық кезде қорғаны болды. Тұр­мысқа қажетті, сондай-ақ құрылыс бұйымда­­рының барлық түрiн шығаратын жергiлiктi өн­дi­рiстiк, колхозаралық құ­рылыс мекемелерi, цемент за­уы­ты, ауда­наралық база қордай­лықтардың даңқын алысқа та­ныт­ты. 
Әсiресе «Қарақоңыз» су қой­масын соғу жайы Берденнiң алдындағы басшылардың тұ­сында да қозғалған-ды. Бұл iске Бер­ден тәуекел еттi.

Бесжылдық iшiнде 10-15 жыл бойы жүргiзiлер жұмыс бiттi. Бес мың гектарлық Благовещенск алқабы игерiлдi, оның суландырылу жүйесi жақсартылды. Шу табанындағы суды техникалық құрылғы күшiмен 280 метрге дейiнгi биiкке көтерiп, тау­дағы дегерестер мен жазық алаң­қайлардың кәдеге жаратылуы­на қол жеткiзiлдi. Өңiрде Сары­бұлақ, Көкқайнар қызылша сов­хоз­дары құрылды. Облыс бойын­ша ет өндiру көрсеткiшiнiң 18 па­йызы қордайлықтар үлесiне тидi...

Он жыл депутат!

Берден Байқошқаров Қазақ­ КСР Жоғары Кеңесiнiң депутат­тығына Қордай, Шу аудандарынан екі рет қатарынан сайланды.

Сол жылдары халық қалау­лыларына қаншама адам өтi­нiшпен қайырылды десеңiзшi! Көбiсi қариялар едi. Бiреуi зейнетақысына байланысты түйткiлдi мәселенi, бiрi отбасы жағ­дайының ауырлығын айтып ке­ледi. Әсiресе темiр тордың ар­ғы жағында отырғандардың отбасыларынан депутаттар қарауына десте-десте хат түстi-ау. Олардың де­нi отбасы жағдайларын, жұ­мысқа жарамды адам жоғын, шиет­тей бала-шағасы барын айтып шағынған көп балалы аналар болатын. Олардың талап-тiлектерiн ескерiп, түрмеге жеңiл қылмыспен түскендерге кешiрiм де жасатты.

Бұл да қуаныш. Алайда олар­дың қайтадан қылмыс жасамасына кiм кепiл? Мiне, мұның да жауапкершiлiгiн депутаттар өз мойындарына алып отырды. Тиiсiнше түрмеден босап шық­қандарды көпшiлiк болып қайта тәрбиелеу тетiгiн қа­лыптастырды.

Артында жақсы із қалды

Біздің бұл баяндап отыр­ға­нымыздың барлығы Бер­ден Байқошқаровтың ғұмыр­баянынан түгел сыр шерте алмас. Бүкіл өмірін өзі туып-өскен өл­кесінің өркендеуіне арнаған арда азаматтың жолында жақсы із қалды. 

Тағдырдың ең бір сындарлы тұсында өзі сенген, өсірген, шек­пенінен шыққан кадрлар­дан сатқындық көргенде де адам­гершіліктен аттамады. Төтесін айтатын тегеурінді азамат ешкімнің обалына қалмауды ойлады. 

Ақылға салған шешімдері абыз­дық жасқа келгенде алдынан шықты. Абыроймен қартайды. Берден Байқошқаровтың басшы­лығымен бір кездегі салынған көпірлерден талай адамның сауабы бар табанының ізі қалуда. Өзі салдырған су бөгеті мен то­ған­дар әлі де талай жерді нуға бө­лей берер. Өз пәрменімен отыр­­ғызылған бау-бақшалары да жар­ты ғасырда қайта жаңарып, жемісін жегізе берер. Өзі талай сүрлеу салған, таптаған егіс алқаптары да ол кісінің елжанды, еңбексүйгіш келбетін самалымен әлі талай сағынар.

«Қызыр-құт жиенмен де, желмен де, қызбен де жүреді» дейтін халық қашан жаңылысыпты?! Ендігі жерде қазақ деген ұлтта әкесінің шапағатшыл, көпшіл қа­сиеті дарыған азаматтарға бер­гісіз бір адам болса, ол Сал­танат Байқошқарова. Ол да айналасына сауабы тиетін саланы таңдады. Жар таңдауда да әкесінің батасын алған қызы, Бекеңнің жігіт кезінен жан досы болған Сарысудағы атақты Қара-Мерген – Бекмұсаев Қаратайдың ұлы Батырмен тағдырын қосты. Өмірлік жары Батырмен бірге бедеу­лікті заманауи жоғары техно­ло­гиялармен емдеу саласында Қазақстанда алғашқы болып игі іс бастап, «Экомед» адам ұрпағын өрбіту емханалары арқылы осы уақытқа дейін бір перзентке зар болған 7 мыңнан астам отбасына зор қуаныш сыйлады. 

Мұны айтып отырғанымыз, Берден Байқошқаровтың ендігі тегін жалғап отырған осы Сал­танаты, Жанаты және де басқа да­ ұл-қыздары, ұрпақтары елдің кетігіне жараған, әулеттің атына дақ түсірмеген жоғары білімді, білікті отандастарымыздың сапында жүр. 

Жақсыдан жақсы туады деген осы!

 

 Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ