16 Қазан, 2017

Әлем тағдырына ықпал ете алатын ел

451 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің (БҰҰ ҚК) тұрақты емес мүшесі ретінде ротация қағидаты бойынша аталған құрылымға алдағы уа­қытта төрағалық ете алады. Бұл Қа­зақ­станның әлем тағдырына ық­пал ететін мемлекеттер қатарында жа­һандық мәселелерге қатысты өз сөзін айта алатын елге айналғанын біл­діреді. 

Әлем тағдырына ықпал ете алатын ел

Қауіпсіздік Кеңесі әлемге қауіп төндіретін қандай мәселе болсын ашық талқылайды. Кеңестің 15 мүшесінің 9-ы «иә» десе мәселе шешіледі. Ол­ өз ұсынысымен заңды түрде экономи­калық санкциялар, қарулы күш қолдану ту­ралы шешімдер шығарады. Әрине ҚК-нің тұрақты мүшелері АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция ұйымдағы негізгі ойыншылар. Олар қан­дай мәселе болсын вето жасау құ­қығына ие. Алайда екі жылға сайланатын ҚК-нің тұрақты емес 10 мүшесі де бейбітшілік пен соғыс мәселелеріне қатысты өз позициясын қорғай алады.

Жалпы, ҚК БҰҰ-ның түрлі дис­кус­сиялық алаңдары шеңберінде күр­делі де қайшылықты мәселелерді келіссөздермен, консенсусқа келу арқы­лы шешуді мақсат етеді. Мемлекеттер арасындағы, халықтар арасындағы жанжалдарды қантөгіске айналдырмау ҚК үшін ең маңызды міндет болып саналады. Даулы құбылыстар тым асқына берсе, БҰҰ ҚК шешімімен бейбітшілікті қорғаушы әскери күштерді қолдана алады. Мәселен, БҰҰ-ның бітімгершілік күштері 1950 жылы Корей соғысында түңғыш рет пайдаланылды. Одан кейін БҰҰ-ның «көгілдір каскалары» деп аталған әскерлері Сомалиде, Юго­славияда, Руандада, Конгода, Иракта, Либериада және Сирияда бейбітшілікке жету мақсаттары үшін қолданылды. 

Қазақстан бейбітшілікті қорғау ба­ғы­тындағы жүрісінен жаңылған емес. Басқаны былай қойғанда, тек кейінгі жылдардың өзінде Қазақстан Ресей мен Түркияның арасында орын алған қай­шылықты реттеуде шешуші қызмет атқарды. Сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелердің оңтайлы шешілуіне біздің еліміз барынша атсалысты. Сирия дағдарысын реттеуге байланысты Астанада бірнеше мәрте келіссөздер жүргізілді. Әлем «Ас­тана процесі» деп атаған бұл бейбіт келіссөздердің Сириядағы күрделі қайшылықты шешуге үлкен позитивті ықпал жасағанын мойындады. 

Сонымен қатар Қазақстан Ауған­стан­дағы ұзақ жылдарға созылған сая­си, әлеуметтік дағдарысты шешудің тиім­ді жолдарын ұсынуда. Біздің еліміз Ауғанстан аумағының әлемдік есірткі трафигінің орталығы болуын өте қауіпті құбылыс ретінде қарастырады. Сондықтан Ауғанстанның экономикасын көтеруге дамыған мемлекеттер көмектескені абзал. Ол үшін Ауғанстан жастарын түрлі мамандықтарға оқытуға жағдай жасалуы пайдалы болмақ. Қазақстан өз каржысына жүздеген ауған жастарын жоғары оқу орындарында оқыта бастады. Бүгінде осы елдің экономикасын дамытатын инженерлер, дәрігерлер, мұғалімдер Қазақстанда дайындалуда. 

Қазақстан ислам әлемі дамуының мәселелерін ИЫҰ-ның шеңберінде ха­лық­аралық дәрежеге көтеруді көздейді. Бүгінде ислам әлемінің инновация, ғылым, технология салалары бойынша артта қалуы байқалады. Осы орайда Қазақстанда өткен «жасыл энергетика» тақырыбындағы ЭКСПО көрмесі мұсылман әлеміне үлгі бола алады. 

Осы арада айта кетейік, ислам ха­лық­тарының беделіне нұсқан келтіріп отырған исламдық радикализм, ислам­дық терроризм құбылыстарының асыл ­дінімізге ешқандай қатысы жоқ екен­дігін Қазақстан өз үлгісімен әлемдік қоғам­дастық алдында дәлелдеп келеді. Оның айғағын Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерінен көруге болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дін лидерлері Астанада бас қосып, жер шарындағы діни татулықты, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолдарын талқылауды дәстүрге айналдырды.

Қазақстан БҰҰ-ның қызметін уақыт талабына сай жетілдіру жолдарын да ұсынуда. Бұдан бөлек, Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесі БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің қолдауына ие болды.

Айта кетейік, Қазақстан БҰҰ ҚК-ге төрағалықты 2018 жылдық қаңта­рында бастайды. Осы мүмкіндікті пай­далана отырып, Қазақстан әлемдік қо­ғамдастыққа ядролық қаруды таратуды шектеу, халықаралық терроризмге қарсы күресті өрістету, кедейшілік пен экологиялық сауықтыру, т. б. ірі­ жаһандық мәселелер жөнінде ұсы­ныстар бермек. Сонымен қатар Қа­зақстан тарапы БҰҰ мен ҚК қызметін жандандырып, жаңа деңгейге көтеру арқылы әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті күшейтуге болады деп есептейді.

Сайын БОРБАСОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор