Әлем • 17 Қазан, 2017

Қырғызстанда сайлауға 1,7 млн адам қатысты

334 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

15 қазан, жексенбі күні Қырғызстанда президенттік сайлау өтті. Елдің конституциясы бойынша сайлауға қанша адамның қатысқаны соншалықты мәнді емес. Ал Орталық сайлау комис­сиясының (ОСК) алдын ала жариялаған мәліметіне қарағанда, сайлау учаске­леріне 1 миллион 692 мың 423 сайлаушы дауыс беруге келген. Бұл сайлау құқығы бар азаматтардың 55,93 пайызын құрайды. 

Қырғызстанда сайлауға 1,7 млн адам қатысты

Сайлау бұдан бұрын жүргізіл­ген азаматтарды биометрикалық тіркеудің нәтижесі арқылы жүзе­ге асырылды. Мұндай сайлау­шылардың жалпы саны 3 миллион 25 мың 770 адам болатын. Президенттікке алғашында кандидат ретінде 12 адам тіркелген еді. Оның біреуі – «Өнігу-Прогресс» партиясының атынан түскен Бақыт Төребаев сайлауға санаулы күн қалғанда өзінің кан­ди­датурасын Омурбек Баба­нов­тың пайдасы үшін алып тастады.

Сайлау биометрикалық-электронды тәртіппен жүргізіл­геніне байланысты дауыс беру аяқталған кешкі сағат 20.00-ден оншақты минут өткенде кімнің алда екендігі белгілі болды. Кешегі күнгі мәліметке сәйкес, сайлау учаскелеріне келгендердің 55 пайызға жуық дауысына Соо­ронбай Жээнбеков ие бол­ған. Енді ол ОСК-ның ресми қоры­тындысынан кейін Қырғыз Рес­публикасының президенті деп жарияланбақ. Техникалық жағынан алғанда сайлау әділ өткен. Мұны халықаралық бай­қаушылар да растап отыр. Био­метрикалық технология «1 сайлаушы – 1 дауыс» ережесіне негізделген. Бірақ моральдық-психологиялық жағынан алғанда, сайлауды әділ өтті деп айту әзірге ертерек сияқты.

Сооронбай Жээнбеков елдің қазіргі президенті басқаратын Қыр­ғызстанның социал-демо­кратиялық партиясынан кандидат ретінде ұсынылды.

Назарбек САТТАР,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін