Тарих • 19 Қазан, 2017

Сәкен Сейфуллиннің «Еге­мен Қазақстандағы» қолтаңбасы

1913 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бір ғасырға жуық тарихы­ бар­­ бүгінгі бас газетіміз «Еге­мен Қазақстан» әуелде «Ұш­қын» деп аталып, небәрі 36 са­ны жарық көрген. 

Сәкен Сейфуллиннің «Еге­мен Қазақстандағы» қолтаңбасы

Осыған орай республикалық пар­тия ұйы­мының – Кирпартбюро – мә­жі­лісінде (19.10.1920) жаңа газет шығару мақ­сатымен редколлегия құрылды. Оның мү­шелігіне С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин бекітілді. Ал сол жыл­дың 13 қарашасында жарық көр­ген басылым «Еңбек туы» деген атпен өмірге келді.

Газеттің бірінші нөмірінде Сә­кен Сей­фуллиннің атақты «Мар­­сельезасы» жарық көрді. Шәмил­ деген автордың «Советтік Россия­ның жайы» деген мақаласы да беріліпті. Ал Шәмил – Сәкеннің бүр­кеншік аты. Кеңестердің ал­­тыншы съезі туралы материал­ да бар. Қазақстан атынан Мәс­кеуге барған да Сәкен еді. Демек  газеттің бұл нөмірін шы­ға­ры­суға ақиық ақынның белсене қатыс­қаны айқын көрініп тұр.

«Еңбек туы» деген атпен шық­­­қан тұс­та 1920 жылдың 13­ қарашасынан 1921 жылдың ақ­па­нының аяғына дейін Сма­ғұл Сәдуқасов, одан соң 21 ақпаннан 1 қара­шаға дейін Жүсіпбек Ай­ма­уытов редактор болыпты» («Еге­мен Қазақстан», №262, 4.12.1999).

Октябрь революциясының төрт жыл­­­дық­ мерекесі күні – 1921 жыл­ғы 7 қараша­да Орынборда РКП(б) Қырғыз (қазақ) Орталық атқару комитетінің органы – «Ең­бекшіл қазақтың» бірінші са­ны шықты. Құрамында Сәкен Сей­фуллин (редактор), Сәбит Мұ­қанов, Аманғали Егізбаев және басқалар болған редакция алқасы құрылды.

Газет редакторы С.Сейфул­лин, сон­дай-ақ­  М.Дулатов, С.Сә­дуа­қасов, Т.Жүр­генов, басқа да осын­дай зиялы қауым өкілдері ба­сылымда ұлт мәселесін батыл көтеріп отырды.    Сәкеннің елдің­ қоғам­дық-саяси өміріне белсене араласқан кезі де осы тұс болатын:

1920, 26 шілде Кеңестер съе­зін­де Ақ­мола Атқару комитетінің мүшелігіне сай­ланып, Атқару комитеті төрағасының орынба­сары, әкімшілік бөлімінің меңге­рушісі.
1920, 4 қазан Қазақтың Кеңес­тік Со­циа­листік Автоно­мия­лық­­ Республика­сын жариялаған Құ­рыл­тай съезінің делегаты. 
1920, 12 қазан ҚазАКСР Орта­лық­ Атқару Комитеті президиу­мы­ның мүшесі.
1920, қараша Кеңестердің VIII съе­зіне қатысады, В.И.Лениннің ГОЭЛРО жоспары туралы баяндамасын тыңдайды.
1921, ақпан-мамыр Ақмола мен Се­мей облыс-тарын Қазақ республикасына қосу
жөніндегі Төтенше комиссияның мүшесі.
1922, 13 маусым «Еңбекшіл қа­зақ» газетінің жауапты редакторы және оқу-ағарту Халық комис­сарының орынбасары.
1922, желтоқсан Кеңестердің III съезінде Қаз АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төра­ғасы болып сайланды.
1922 «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы мен революцияшыл драма – «Қызыл сұң­қарлар», «Бақыт жолына» жеке-жеке кітап бо­лып шықты.
1922, 23-30 желтоқсан РСФСР Кеңес­тері­нің Х съезінің делегаты ретінде КСРО-ны құрған Бүкілодақтық Құрылтай съезіне қатысып, ОАК-нің мүшелігіне сайланды. 
1923, сәуір РК(б)П XII съезіне қатыс­ты. 
1921 жылы 28 шілдеде Ор­та­лық Ат­қару Комитетінде облыс­тық партия­ ­комитетінің басшы қызметкерлері қа­тыс­қан үлкен мәжіліс болып, қа­зақ баспасөзін өркендету мәселесі қа­ра­ла­ды. Соның ішінде «Еңбекшіл қа­зақ»­ газеті мен «Қызыл Қазақстан» жур­­­налының жұмысын жандандыру мақсатымен арнаулы­ редакциялық кол­легия (А.Асыл­­беков, А.Байділдин, С.Сей­фул­­лин, Т.Жүргенов, жауапты­ хат­шы­сы­ Е.Алдоңғаров) белгі­леніп, Сәкен «Еңбек­шіл қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақ­стан» жур­налының редакторы болып таға­йындалады.

Сәкенге әрі Совнарком, әрі газетті бас­қа­ру оңай болмағаны белгілі. Сондықтан да ол Орын­борға сонау Қостанайда жүрген Бейімбет Майлинді «Еңбекшіл қа­зақ» газетіне тұрақты қызмет атқару үшін арнайы шақырған.

Көріп отырсыздар, жаңа өкі­мет құры­лысымен оның билік са­ты­сына ілігіп, Сәкен айналасы екі-үш жылдың ішінде қаншама қызметтің басын қайырып тас-тады десеңізші. Иә, атқарылған шаруа аз емес. Оның бәрін ті­зіп шығу қажет емес десек те Сәкен­нің екі қызметті – газет редак­торы  әрі Совнарком төрағасы – қалай ұш­тас­тыра алғандығы назар аударарлық дүние. Міне, сол кезде «Еңбекшіл қазақта» қандай проб­лемалар көтеріліп, олар қалай шешімін тапты деген сұраққа жауап ізде­геніміз орынды. 

Сәкен Сейфуллин 1922 жыл­дың­ жел­тоқ­санында Үкімет басшысы болып та­ғайындалғаннан кейін бір ай өтер-өтпесте «Қазақ­ты қазақ дейік, қатені түзетейік» (15.02.1923) деген ащылығы удай мақала жазады. Автор: «Бүгінге шейін қазақ­ты орыс­тар «киргиз» дейді. Ақ­ патшаның «шарапатына» мәз болған мырзалар қазаққа жо­­ғарыдан қарап, тұмсығын кекірейтіп, пысқырып «киргиз» дейтін болды. Тө­релердің қатындары итіне ұрысқанда «ах, ты Палкан, киргиздан да жаман­сың» дейтін болды»,  деп жазады. 

Кеңес өкіметінің өзі рес­ми түрде қазақ елін Ленин қол қойған құжаттың өзінде «Кир­­гиз­ская республика» деп ата­ды емес пе? Біздің өзімізде де бар, қазақпын деген­нің орнына көбінесе «қырғызбыз» дейміз, әйтпесе «Қызыл Қазақ­стан» журналы орысша неге «Красный Киргизстан» болуы тиіс? Шовинистік пиғылдан қа­лыптасқан осындай жағдайға тойтарыс беретін мезгіл келді емес пе деген ойды ор­таға салады.

Автор былай дейді: «Бұл біз­дің әлсіз­ді­гімізді көрсетеді. Егер­ де біздің қазақ жігіттері бұл қа­тені түзетеміз десе, оп-оңай түзетіп әкетер еді. Біздің әр қазақ жі­гіті «киргиз» дегенді тастап, қоймастан «қазақ», «қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйрету керек».

Сонда мәселе қалай шешілуі тиіс? Қан­дай ұсыныс-пікірлер бар? Газет редакторы әрі Үкімет басшысы не дейді? Сәкен ойын былай қорытады: «Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» де­ген есімді қол­дануға жарлық (декрет) шығаруы керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік».

Сонау патша заманынан пә­лен­бай жүз­деген жылдар қазақты «қырғыз», ал қыр­ғызды «қара қырғыз» деп сөз арасында емес, ресми түрде жұрттың миына әбден сіңірген ұғым оп-оңай өші­рілер ме? Қатардағы журналист емес, газет басшысы, оны азсынсаң Үкімет төрағасы бол­са да оның ұсынысын «бұл дұрыс екен, қатені түзетейік» деп қолма-қол қолдайтындар көп бола қоймады. Пікірталас күшейді, қарсылық көрсеткендер де шегінер түрі жоқ. Бірақ ұлттық мүддені ту ғып көтерген ақын алған бетінен таймады. Бірте-бірте ізбасарлары да молайды. Нәтижесінде, 1925 жылдың 18 сәуірінде Советтердің V Бү­кіл­қазақтық съезінің қазақ хал­қының тарихи дұрыс атауын қалпына келтіру туралы қаулысы шықты. Ал 1925 жылдың 15 маусымында БОАК Президиумының қаулысына сәйкес КирАССР ҚазАССР-ы болып өзгертілді (рас, бұл құжат өмірге келген кез­де Сәкен Үкімет төрағасы қызметінен кеткен болатын).

1923 жылы 23 қаңтарда РК(б)П Ки­ро­б­комының Президиум мә­жілісінде Қыр­ғыз (қазақ) Халық ағарту, білім беру халкомы коллегиясының Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі ұсы­нысы талқыға түсті. Жиынға Президиум мүшелері Коростелев, Полозов, Меңдешов және Гор­кин; Киробком мүшелері Нұрмақов, Вайнштейн, Кенжин, Жанділдин, аймақтың комсомол, кәсіподақ ұйымда­рының, облыстық партия комитетінің және басқа мекемелерінің жетекші қыз­меткерлері қатысты. 

Қаулыда «кеңестік органдар бұл мерей­той­ды өткізуге тиіс­ті емес деп есеп­телсін. Ал мұ­ны жеке адамдар өткіз­се қар­сылық жоқ» делінді. Одан әрі Президиум мынандай қоры­тынды жасайды  «...возложить персональную ответственность за содержание речей на празднестве товарищей от имени соворганов на т. Сейфуллина» («Алаш қозғалысы», А., «Ел шежіре» бас­пасы, 2007, 3-т., 1-кітап, 126-127-б.). Демек Ахаңның мерейтойын ресми түрде өткізуге болмайды, ал Сәкен басқа біреудің сө­зі үшін неге жауап беруі керек? Мұны қалай түсінер едіңіз? Жарайды, Сәкенді «қызыл» еді дейік, бірақ ол жоғарыдан біреу ым қақса тұра жүгіретін адам емес. Биліктегілер бұл іс-шараға ара­ласпай-ақ қояйық десе де үкі­мет басшысы әрі газет редакторы Сәкен тойға барады, сөз сөй­лейді, мұнымен қоймай Ахаңның қазақ тарихындағы алатын орнын тұңғыш рет көрсетіп, оны баспасөзде жариялайды. 

Сәкен Сейфуллин былай деген: 

– Ахмет Байтұрсынұлы қара­пайым кісі емес, оқыған кісі, оқы­ғандардың арасынан өз заманында патшаның арам құлықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, даусын шығарған кісі...

Қазақ халқын байға, кедейге бөл­мей намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Өзі оқы­ған мырзалар шен іздеп жүр­генде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді.

...Ахаң байлардың құлдығын­да шіріген жарлылардың ай­ғай­шысы емес, олардың шоқ­паршысы емес, бірақ байын, ­кедейін айырмай қазақты ға­на сүйетін адал жүрек таза ұлт­шыл (Сәкен Сейфуллин. А., «Қа­зығұрт», 2005, 5-т., 241-243-б.). 

Қазақ әдебиетінің аса көрнекті қайрат­керлерінің бірі Сә­бит Мұқанов айтқандай, Сәкен қазақ кеңес әдебиетін бірінші боп бастауымен барлық жанр­да да құнды шығармалар туғызумен қанағаттанбай, өзі­нен басталған қазақ кеңес әде­биетінің кадрларын жасауда да ­ұлан-байтақ еңбек сіңірді. 1922-1925 жылдар арасында Қазақ республикасының бас­қа­рушы газеті – «Еңбекшіл қа­заққа» (кейінгі – «Социалистік Қазақстан») редактор болып­ қызмет атқарған Сәкен осы жыл­дарда қазақ кеңес әдебие­тінің аға жазушылары Бейім­бет Майлиннен, Аманғали Сегізбаев­тан, Жиенғали Тілеп­бергеновтен, Самат Нұржановтан, Елжас Бе­кеновтен бастап, жаңа әдебиеттің жас кадрларына газеттің бетінен кең орын ашты, олардың шығар­маларын газетке үздіксіз жариялап тұрды. Қазақ кеңес әдебиетінің бірінші ұйымы Қаз­АПП 1925 жылы осы жазушы­лардан құрылып, ұйымды Сә­кен мен Бейімбет басқарды (Сәкен Сейфуллин. Көп томдық шығар­малар жинағы. 7-т., «Қазығұрт», 2007 ж., 5-8-б.). 

Совнарком басшысы Сәкен Сей­фул­лин­нің батыл араласуы­мен халық шаруа­шылығын қал­пына келтіру бағытында бі­раз жұмыстар істелді. Өнер­­кәсіп саласында елеулі ілгерілеу­ші­лік байқалды. Мұнай, алтын, жез, түсті металдар өндірісі дами түсті. Ха­лық шаруашылығының Қа­зақ­ орталық кеңесі біраз меке­мелер­ді – «Кожмехтрест», «Илец­ксоль», «Павлодар­соль», «Ақжалзолото», «Каз­золото», «Казах­саксаултрест» және басқа кәсіп­орын­дар біріктірілді.

Одақтық маңызы бар өн­діріс­тер жұмыс істей бас­та­ды. «Эмбанефт», «Алтай­каз­поли­металл», «Атбасцемент» трес­тері құ­рыл­ды. Қазақ жерінде автомобиль, темір жол, әуе қа­тынасын өркендету ісі қолға алын­ды. Үкіметтің экономика саласында атқарып жатқан жұмыстарын ақын «Еңбекшіл қазақта» мақала, кейде поэзия түрінде үзбей жариялап тұрды.

Профессор Тұрсынбек Кәкі­шев ағамыз атап өткендей, Сәкен­нің үкімет басшысы бол­уы әрбір жаңа істі жедел жү­зе­­ге асыруға мүмкіндік берсе, оның журналистік қызметі істе­лер іске барлау жасау және әлеу­метшіл азаматтардың тың, со­ны ой-пікірлеріне үнемі құлақ тү­ріп отыру міндетін атқарды. Сөйтіп сөз бен іс тұтастық тауып, нақты шараға айналып отырды. Мәселен, Сәкен Сейфуллин «Қазақстан баспасөзі» деген мақаласында ұлттық журналистиканы өркендетуге бағыт­талған он үш түрлі шараны тәп­тіштей баяндайды. Өзінің ойын «қалам қайраткерлерінің бәрін жұмыстарынан босатып, жазуға салу керек» деп бас­тап, «Қазақстанда әріп тізетін де жоқ бол­ғандықтан, ілгері күнді еске алып, аймақта әріп тізетіндер курсы ашылсын. Оған әрбір губерниядан разверсткамен кісі алынсын» деген ұсыныспен аяқтайды. Әрине Сәкеннің пікірі аяқсыз қалған жоқ.
Баспа ісін жолға қоймай еш­теңе де тындыра алмайтынын сезген Сәкен енді Қазақ­стан мемлекеттік баспасын ұйым­дастыруды шындап қолға алды. Оған мекен тауып, кадр­ларды жинау ісіне белсене кірісті.

Сәкен бабамыздың ана тілі­мізді кең­се істеріне енгізіп, оның мерейін арттыра түсудегі іс-әрекетін, жанкешті еңбе­гін ерекше атап өткен жөн. Үкіметті бас­қара отырып, осы мәселе туралы «Ең­бекшіл қазаққа» бір­неше мақала жазды. «Кеңсе іс­терін қазақ тілінде жүргізу керек» (9.06.1923), «Кеңселерде істі қа­зақ тілін­де жүргізуге кірісу» (25.06.1923), «Не қылдыңдар?» (15.08.1923), «Қазақстанның Ор­талық Кеңес Комитетінің 3-жалпы жиналысының қорытындысы» (11.09.1923), ­«Қазақстанның заң комиссариатына теңе­ліңдер» (19.09.1923), «Кең­селерде қазақ ті­лін жүргізу» (22.12.1923) сияқ­ты көптеген мақалалар газет оқу­шыларына ой салу үшін беріле салған жай қатардағы жур­налистің жазбалары емес, бұл үкімет басшысының, Сәкен Сей­фуллиннің тиісті ресми орын­дарға берген тапсырмасы есе­біндегі нұсқау сияқты пәрмені бар­ ­дүние болатын. Міне, осыдан соң РКП(б) XII съезінің шешіміне сәй­кестендіріп, Сәкеннің ті­зер­леуімен 1923 жылдың 22 қарашасында КазЦИК-тің Президиумы іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу туралы арнайы қаулы қабылдады. 

Совнарком төрағасы қызме­тіне кіріске­ніне бір ай болмай жа­тып ол «Еңбекшіл қазақ» га­зетінде жарияланған «Зор мін­дет» деген мақаласында (21.11.1922) «Өнер-білім жолын­да артта қалған біздің қазақ хал­қына оқу бек қажет. Оқусыз – қа­зақтың болашақтағы күні қараң. Оқудың қазаққа қандай керек екенін айтпаса да жұрттың бәрі біледі»,  дей келіп, «алдағы меже енді ...жиырма жылдың ішінде қазақ өнерлі халықтардың қата­рына кіруі керек. Бұл қазақ жігіт­терінің зор міндеті»,  деп нақты мақсат қояды. 

Үкімет басқарған Сәкеннің сөзі мен ісі әрқашан бір жерден шығып отырды. Сол кезде үкімет қаулысымен халық шаруа­шылығы, мәдениет, денсаулық сақтау, тағы басқа салалар бойынша мемлекет қаржысы есебінен мұғалімдерді, мал дәрігерлерін, зоотехниктерді, ақ­­ша-қазына, заң, милиция, әскери қызметкерлерді, салық инспектор­ларын, т. б. көп­теген мамандарды жаппай­ даяр­лау ісі қолға алынды. Мәселен, Сәкен басқарған үкімет белгілеген шәкіртақымен Петербургте Әлкей Марғұлан мен Мұхтар Әуезов, ал Томскіде Қаныш Сәтбаевтың білімін толықтырғанын айтсақ та жеткілікті болар. Олармен бір­ге қазына есебінен оқы­ған талай қазақ түлектері кейін хал­қы­мыздың білім мен мәдениетке ұмтылуына кең жол ашқан аса маңызды рухани ағартушылық миссияны жүзеге асырды. Бұлар­дың қатарынан ондаған мемлекет, қоғам қайраткерлері, ұйым­дас­тырушы іскер басшылар­ шықты. Сөйтіп еліміздің оқу-­білім, мәдениет, ғылым сала­сындағы үдемелі өрлеуінің бе­рік негізі сол кезде – өткен ғасыр­дың жиырмасыншы жылдарында қаланды. Мұны Сәкен Сейфул­лин мен оның әріптестері, заман­дастарының ұлт алдындағы тарихи еңбектерінің жемісі деп есеп­тегеніміз жөн.

 

Амантай КӘКЕН,
«Сәкен Сейфуллин»

көп томдық шығармалар жинағының

редакциялық алқа мүшесі

АСТАНА

Суретте: С.Сейфуллин мен Қ.Өте­­­кин. 1934 жыл