Әдебиет • 31 Қазан, 2017

Хан Кененің Бала Баубегі

1246 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

10 жылға созылған ұлы көтерілістің бас батырларының бірінің шынашағы Есіл-Терісаққандағы елінде, сүйегі Түменде жерленген. 

Хан Кененің Бала Баубегі

Терісаққанның Есілге құйған тұсы. Құйқалы түбек. Бірі түстіктен, бері теріскейден келіп құшақтарын айқастыра қосылған қос өзен әр көктем сайын бірінен соң бірі тасып, жаз бойы жырғайтын көкорайлы, көкмайсалы, ырыс-берекелі жалпақ жон. Осынау көлденең Есілдің кішкене түбекке үйірілген Бесоба атырабындағы бұрын Қызыл ту, кейінірек Баубек батыр аталған, қазірдегі жұрты қалған ауылдың іргесінде осынау батыр бабамыздың биік те көрнекті кесенесі сонадайдан көз тартады. Кесененің арт жағында қара тастан соғылған құжыра там қарайып көрінеді. Кесене үстінде батырдың рухы қалықтайды, там астындағы қабірде шынашағы жерленген. 

Бектауыл Баубек батыр ақ пат­­ша­ның отаршылдығына қар­сы жаннан кешіп күрескен Кене­сары – Наурызбай бастаған ұлт-азат­тық көтерілісіне бастан аяқ қатыс­қан тарихи тұлға. Өспірім шағын­дағы қолбалалықтан қол бастау дәрежесіне, жас кезіндегі жалпақ елге жайылған Бала Баубек атынан одан да зор батыр атағына жеткен, ақырында Хан Кененің қадірлейтін ең жақын үзеңгілес серік­терінің біріне айналған. Кене­сары ханның өмір-өлім тайта­лас­қан жорықты жолдарында әрқашан арына кіршік шалдырмай, ерлікте есе жібермей, қара күште де қапы­сыз, әдіс-тәсілге де алғыр, абыро­йы артық болып, сол кездегі даң­қы шарықтаған Шұбыртпалы Ағы­бай, Қыпшақ Иман, Жанайдар, Төле­бай, Басықара сынды батырлар­­мен үзеңгілес жүріп, кеңесіне қосы­лып, аты қатар аталатын бол­ған. Нау­рызбай бауырым деп құр­мет­т­еп, жақсы көріп жақын тарт­қан. Оның бір себебі, екеуі де Күнім­жан бәй­бішенің баласы есеп­ті бол­­ған­дықтан, аналық ортақ тәр­бие­сін ал­ғандықтан да шығар деп ойлаймыз.

Азаттық мұратына, хан иесіне ақырына дейін адалдығының бір айғақты белгісі сол, Кенесарының батагөйі, қылды қарауыл Бөгенбай би ханның рұқсатымен соңындағы бір қауым елді ертіп Көкшетауға бет түзегенде Баубек батыр руластарына ермей, қансоқта майдан төрінде, арпалыстың ажалмен беттескен алғы шебінде қалып қойды. Бұл да оның ешбір жағдайда сүйекке таңба түсірмес, жүрегі түкті мәрт­ті­­гін, қайтпас қайсарлығын таныт­қандай. Сөйтіп қырғыз еліндегі қай­­ғылы уақиғаларға да етігімен саз кеше, өмірінен баз кеше қаты­сып, Кене ханмен бірге қолға түседі. Бірақ тағдырдың жазуы, құдай­­­­дың құдіретімен аман қалып, тұт­­қыннан қашып шығуы, елге келіп ағайын-аумағын жинап көл­де­нең Есілге орнығып қонуы, онда отаршылардың сойылын соққан патша жандайшаптары тарапынан қуғын-қудалауға ұшырап, ақыры, кейінірек Түмен облысына жер аударылып тынуының өзі бір ерлік дастаны, шерлі хикая іспеттес.

Жасауылдар ұстап, ырдуан ар­ба­ға салып итжеккенге айдап алып кетіп бара жатқанда: қарауыл­шыдан сұрап алған қанжармен шынашақ саусағын шорт кесіп, қойнындағы таспиғымен қоса қасынан қалмай еріп келе жатқан екі жігіттің біріне беріп: «Енді ма­ған туған елімнен топырақ бұ­йыр­майтын шығар. Мыналарды Кіш­кене түбектің қырында жер қой­нына тапсырып, басына маған бір белгі салар болсын, балаларым!» деп арттағы ауылға қайтарған екен. Кейінгі ұрпағы батырдың сол өсиетін қалтқысыз орындайды. Ал Сүлікқара тұлпарымен дала­ны дүбірлеткен, тірі жаннан беті қайтпаған арыстан ер қайран­сыз­дықтан қамығып: «Қош бол, туған ел, өскен жұрт, қош бол, жақсы­ларым мен жайсаңдарым қара түнектегі, қараққұрым халқым!» деп аһ ұра, беймәлім жаққа ырық­сыз, еріксіз жөнеле беріпті. 16 жыл айдауда болған Баубек батыр Түмен жерінде бақилық болып дүниеден озады. Ақ жуылып, ақи­ретімен адал табысқан зираты да сонда. Батыр бабаның рухы бүгінгі ұрпағымен де қауышты. Оның жа­йын алда айтамыз.

Бектауыл Бала Баубек батыр есімі Есіл бойындағы Ақмола-Көк­шетаудың, Жақсы-Қиманың, батагөй Бөгенбай бидің атажұрты, бер жақтағы Зеренді-Айыртау жамағатына ежелден жақсы таныс болған. Аруағына тағзым етіп, әрқашан қариялар бата-дұға­лары­нан тастамай қосып отырған. Осыған байланысты ел аузындағы әңгімелерді көп тыңдаған даңғыл көкірек ағамыз, шежіреші, ақын Айдос Әбутәліповтің: «Қарауыл­дың Бектауыл атасынан Кенесары ханның қосынына 12 жасында қосылып, ер жетіп, жүрегінде түгі бар батыр атанған Баубек Баймыр­заұлы » деп көрсетуіне ден қойған дұрыс сияқты. Батырдың неліктен Бала Баубек атануының да сыр-себебі тап осы арада анықталып ашы­лып тұрған жоқ па.

Әкесі мыңды айдаған бай Бек­мырза, шешесінің аты Шұға екен. Кенесары баланың көзіндегі отына қызығып, ордамда жүрсін деп Бекмырза байдан қалап алған дейді. Мәрттігі емес пе, Бекмырза да баласын бір ауыз сөзге келмес­тен ат мінгізіп аттандырып салып­ты. Баубек баланың болашақ ұлы жорықтарының сызашықтай жіңіш­ке жолы осылай басталыпты. Әуелде ордадағы Күнімжан бәй­бішенің барыпкел-шауыпкел қол­балалық қызметінде болады. Яғни орданың күнделікті өз адамы. Кенесары сұлтан отбасының бір мүшесіндей дерлік.

Торғайлық қаламгер Ахметхан Бай­жан өзінің ел әңгімелерін ізер­леп зерттеу негізінде жазған «Кене­сары хан мен Бектауыл Баубек батыр» атты деректі хикая­тында өр­шіл жеткіннің қолбала­лықтан қол бас­тар ерге лайықты шаруаларға ауыс­қан тұсын сурет­тейтіні бар. Бір­де Баубек бала боз­қы­рау кезінде ор­даға бір қап тезек алып кірсе, төр­де Кенекеңе сыйлы қылды Бөгенбай би отыр екен. Оның Бекмырза бай­дың баласы екенін естіген би:

– Япыр-ай, хан ием, мына бала­ның көзі жақсылық қылсаң да, жа­мандық қылсаң да жүз есе қай­­тара­мын деп тұр ғой, – дейді. Бек­мырза Арқаға атағы шыққан бай емес пе, баласын сізге асырай алма­ған соң бермеген шығар. Өзіңіз де ай­тып отырғандай, жүрегінде түгі, көзін­де шоғы бар мұндай өрен­ді бас-аяғын бүтіндеп, өзіне ла­йық­ты ер кәсібіне баулығаныңыз жөн болар.

Батагөйінің сөзіне ден қойған әрі өзі де осы жөнінде бұрыннан ойланып бір шешімге келіп жүрген ақылман Кене сол арада дереу Баубекті шақыртып, аяғына етік, басына бөрік кигізіп:

– Қарағым, үй шаруасының өз адамдары бар ғой. Сен бұдан былай қауға тарт, жылқыға ие бол. Өз бойыңа, ер жігітке лайықты іс­тер­мен айналыс! – деп пәрмен қылған екен.

Сол пәрмен Баубекке дәрмен болады. Осы күннен бастап балалық артта қалып батырлықтың жолына түседі. Үлкен жігіттерге, ысылған сар­баздарға еріп жылқы күзетіне, ал­ғын-шолғынға шығады. Ат үсті­нен шоқпар сілтеп ұрыстасудың, найза түйреп, қылыштасудың әдіс-тәсілдерін меңгереді. Оның үстіне еш қаһардан қаймықпайтын дүлей өжеттігі және бар. Сөйтіп, он бес, он алты жасында-ақ жылқыны жау­ға алғызбайтын Бала Бау­бек атанады. Оның жайы былай. Ал­ма-кезек барымталасқан заман­да қырғыздың қырық жігіті сайланып келіп Ерейментаудағы өріс­тен Кенесары жылқысының бір бүйірінен тиіп, ширек бөлігін шиы­ра бөліп алып қиқулап айдап жө­нел­ді. Жылқышылар қайранға жа­ра­май қалып, ес жиғасын барым­ташылардың соңынан іле-шала жиналып шыққан қуғыншы жасақ­тың ішіне Баубек те қосылып, ілесе кетеді. Айтып-айтпай не керек, осы жолы сары бет, салқам баланың қара бүркіт аруағы көтеріп, қырғыздың бетке ұстап келген Тіленші батырын аттан түсіріпті, дейді. Батырдың емес, баланың аруа­ғы асып, айдыны тасып аттан түсір­геніне қырғыздың қара буралы қияпаты қорланса да, мәрттігін танытады. Жігіттерін тоқтатып, жеңі­лісті мойындайды. Жылқы кейін қайтарылады.

Болған оқиғаның мән-жайы анық­талғаннан кейін Баубекті ор­даға шақырады. «Сол жолы Кене­кең алты жылғы асыл қошқарын сойып, Баубекке асықты жілігін ұстатып, өзін өкіл бала қылып Күнімжан бәйбішенің кеудесіне құлатқан еді. Әлі бала деп жүрген Баубекке «Бала батыр Баубек» деген атақты да осы жолы өзі лайықтаған» деп бір түйіп қояды аталған деректі хикаятында Ахметхан Байжан. Ел аузының басқа әңгімелері де осыған үйлес. Баубектің өтініш-тілегімен барымташылардың басшысы Тіленші батырға кешірім етіліп, еліне жіберіледі. Кейін ханмен және басқа жортуылдас-жорықтас серіктерімен бірге қолға түскенде Баубек батырдың қырғыз тұтқынынан, туралап келген ажалдан құтылып шығуына осы Тіленші батыр жақсылықты жақсылықпен өтеп себепші болса керек.

Қолбаладан қауғашылық, жыл­қы­­шылық, одан өкіл балалық, одан бала батырлық, бала батыр­лықтан жасақбасылық мәртебе­лерге біртін-біртін ауысқан Баубек жортуыл-жорықтарда ысылып шың­дала береді. Батырлықпен ғана емес, алғыр ақылымен, епті мәмі­легерлігімен де танылса керек. Сонысымен хан дәргейіне жа­қын­­дай түседі. Кенесары хан­ның әскери кеңесіне кіреді. Соны­мен бірге, тарихшы Ермұқан Бек­ма­ханов Кенесарының негізгі күш­терімен қатар дұшпан тылына алғын-шолғын жасайтын және көтеріліске қатысудан бас тартқан сұлтандар мен ірі феодалдарды билігіне бас ұрғызатын ерекше қолдары болғанын айтады. Әсіресе, 1841 жылы Кенесары Ұлытауда ақ киізге көтеріліп хан болғаннан кейінгі жылдарда әрі өзі де жасы 20-дан асып, қайрат-күші, ақыл-есі толысып кемеліне келген кездерде Бопай ханым, Наурызбай, Жоламан Тілен­шиев, Ержан Саржанов, Жеке батыр­лардың өкшесін баса,сон­дай төтен­ше жасақтарды Бектауыл Баубек батыр да басқарғанын аңдаймыз.

Бұған дәлел ретінде 1844 жылы Кенесары ханның өз қол астына бірікпеген бір топ сұлтандарға жол­даған мына үшбу хатын келтіру­ге болар еді. Онда былай делінген: «Сізге – Бәйтөре биге, уә Бәшек биге, уә Сүлеймен биге, уә Қаракүшік биге, уә жәмиғи назарының кісілеріне, уә мырзаларға сөз!

Сол Құдайының дағдыры болып, біздің біраз мұнша кісіміздің қаны сіздің мойныңызда болып еді. Ол қалған ісіңізге тәуба қылып: бізді хан біліп, өзіңіз қараша болып, бізнің бірлән ерісер деген ниетіміз бар еді. Сіз Құдайдан қор­қып, аруақты сыйламадыңыз. Сіз­нің қылаптаңыз...тілеуді ұрды. Егер бұрынғы істеріңізден тәубә қылып қайтсаңыз, жақсыларының бізнің алдымызға келіңіз. Біздің мейірбамлығымыз сізлерге көп дүр. Егер келмесеңіз: біз отыз жас келіппіз, сізні құдайдан тілеп енді отыз жыл жаулармын, еншалла хаһ!

Сіздерге Баубек құлымызны жібердік. Әрбір ауыз тіліне бауыр қылың».

Осы хаттан көрініп тұрғандай, Баубек батыр Кенесары ханның сенген адамы, сөзін ұстаушы, пәр­менін орындаушы өкілі, ерекше жасағының басшысы. Хан өз хатында «Әр бір ауыз тіліне бауыр қылың» деу арқылы Баубекке біраз құзыр да беріп отырғаны аңғарылады. Ол пәтуәгер, мәмілегер. Бұдан оның жалпы көтеріліс барысындағы орыны мен рөлі айқындала түскендей.

Ал енді Баубек батырдың Ке­не­сары ханның әскери кеңесіне мүше болғандығына дәлелді тарихшы ғалым Е.Бекмаханов­тың «Қазақ­стан ХІХ ғасырдың 20-40- жыл­дарында» атты атақты м­о­но­­графиясынан табамыз. Нақ­ты мәліметтерге сүйенген тарихшы: «Кенесары шақырған кеңеске әр­түрлі рулардың өкілдері: Бегім­бет руынан Иман батыр, Арғын­ның Төлек руынан Тәуке батыр, Қарауыл руынан Баубек, Керей руынан Қошқарбай батыр, Төртқара руынан Байгелді және Әйгер батырлар, Берді руынан Сүгірбай батыр келді... Кеңесте Торғай мен Ырғыз ауданын тастап кету туралы шешім қабылданды» деп көрсетеді. Одан әрі Кенесарының Сарыарқадан кетуі көтерілісшілер үшін ауыр соқ­қы болғанын айтады.

Бұл, сірә, 1845 жылдың жаз-күз айлары болса керек. Жазушы Ілияс Есенберлин де «Қаһар» рома­нында қарауыл руынан хан кеңе­сіне Баубек батыр кіргенін жазады. Демек, осы кездерде ол өз руы­ның атынан сөйлейтін дәре­жеге жеткендігін байқаймыз. Соның өзінде әлі жиырма беске келе қой­маған жас өрен. Дүйім елге дүбір­леткен батырлығымен танылуы бұдан әлдеқайда ертерек. Ал мұн­дай абыройға батыр білек пен ақыл-тілек, арыстан жүрек тең түс­кен жағдайда ғана жетер болар. ­Жалғыз бұл ғана емес, Біләл Мал­ды­байұлы «Жаңа әдебиет» жур­налы­ның 1928 жылғы 9-шы нөміріне шыққан «Кенесары хан» деген мақаласында да: «Қарауыл ішіндегі белгілі батырлар Бөгенбай, Амалдық, Кенжебай, Арлан және Шамай Шауыпкелұлдары, Баубек, Елубай, Көбе басшы болып Кене­сарыға еріп кетеді» дейді. Бұл деректі ертеректегі бір мақаласында жаны жаннатта болғыр профессор Жанұзақ Қасымбаев ағамыз келтірген екен. Сөйтіп, мұнда да бүтін бір руға басшы адамдардың ішінде жас Баубектің жүруі көп жайды аңдатса керек.

1946 жылы Ташкентте «Қазақ­тардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» деген та­қы­рыпта тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін қорғаған, оппонентті көтеріліс тарихының білгірі Бекмаханов бол­ған диссертациясында тарих­шы Елтоқ Ділмұхамедов жоға­ры­дағы пікір-пайымды растап бекі­тіп, әрі қарай дамыта түседі. Осы айғақтамаға жүгінсек: «Көк­ше­тау ауданында халқының саны бойынша ең көп ру арғын тай­па­сының қарауыл руы болды. Қарауыл­дар Ресейдің боданды­ғын қабыл­дағылары келмеді. Олар Кене­сарының көтерілісіне қосы­­лып, көтерілісшілермен бірге кең дала­ға тереңдей сұғына, Қоңырат болысына қарайтын Қаратау ауданы­на, одан әрі Сарысу бағытына қа­рай жүрген. Олардың басшылары атақты батырлар Бөгенбай, Амал­дық, Кенжебай, Арлан және Шамай Шауыпкеловтар, Бала Баубек, Елубай және Көбе батыр, жақсы­лық Серкеш би және басқа­лары болды» деп түгендейді. Осы арада Баубектің басшылар мен атақты батырлардың бел орта­сында осыдан жеті-сегіз жыл бұрын шамасында Кенесары хан берген «Бала Баубек» атымен аталуы да қисынды. Он жылға созылған, азап пен ғажабы бірдей көтерілісті ұш­қын­дай алау­лап басталған арман-аңсарға толы басынан Кенесарының шерлі күңі­ренісімен біткен зарлық аяғына дейін сүйекке таңба сал­май өткеріп шыққан Бектауыл Баубек батырдың одиссеясы мұны­мен аяқталмайды. Ол отарлық езгіге қарсы Кенесары көтерілісінің рухын сонау Түмен жерінде 16 жыл айдауда жүрген өршіл өмірінің соңына дейін тік көтеріп өтті.

Жоғарыда айтқанымыздай, қыр­ғыздың Тіленші батыры қырғыз қамағынан, айтып келген ажалынан құтқарып жібергеннен кейін Баубек батыр 20 жыл шамасында Есіл мен Терісаққанның тоғысында, Қима жерінде қоныс көтеріп, үйлі-баранды болып, ағайын-туыстың басын қосып, ұрпақ өрбітеді. Бірақ ақ патша отаршыларына ішінде қатқан мұзы жібімейді, қызмет қылудан бас тартады. Бір қауым елін қондырған берекелі қоныс­ты келгінді мұжықтарға босатып бермейді. Бір жағынан, қазақтың өз ішінен шыққан жандайшаптар, бұрынғы дұшпандары суқиттап, «конакрад, барымташы» деп жалалап, әрі Кенесары көтерілісінің бас қаһармандарының бірі болғанын әлі күнге дейін әсте кешірмеген патша үкіметі үкім шығарып, жер аударады. Өзі болжағандай, топырақ жет жерден бұйырады.

Есіл ерді елі ұмытпады. Көзі тірісінде соңынан сонау Түмен жері­не Көбен деген інісі мен 19 жас­тағы Үдербай деген аталас аға­йын­ның баласы із­деп бара­ды. Кейін ауырып қай­тыс бол­ғанда қасында, ол да соттал­ған, троицкілік Зейнолла ишан бол­­ған екен. Қазақтың баяғы ата­қо­нысы, сол арадағы атығай, қарауыл­дар ие болып,кәдімгі өзінің Есілінің төменгі ағысындағы өзен жағасындағы биік төбеге жерлепті. Жаңағы Зейнолла ишан Баубек батырдың соңғы өсиетін орындап, елдегі туған-туыстарына киімін, заттарын әкеліп тапсырады. Болыс болған, қажылыққа барған баласы Мағзұм баяғы өзі тауып қалдырған әке саусағын жерлеп, басына там соғады. Баубек батыр бейіті деген белгі сол. Тәуелсіздіктің арай таңына ілесе 1993 жылы батырдың ұрпақтары мен ағайын-туыстары жалпы көпшіліктің қолдауымен Баубек батырдың биіктігі жеті метрлік келісті кесенесін көтерді. Оның ашылу салтанаты сол кездегі Торғай облысы көлемінде үлкен оқиға болған-ды.

Енді осы ұрпақтар батыр бабаларына топырақ бұйырған Түмен жақтан сыр тартуға сол жылы арнайы сапарлап барады. Батырдың шөбересі, дәрігер Амангелді Жү­сіпов, аталас туыс Қадыр Жә­кенов пен батырды халыққа алғаш таны­ту­шылардың бірі зейнеткер Мыр­зағали Дүйсенбайұлы Баубек бабаға қатысты біраз жайларға қанығып, жатқан жерін анықтап, бір уыс топырағын әкеледі, Түмендегі зират басында өсіп тұрған ағаштан бала қайың, тобылғы, шырша ала келіп елдегі кесене жанына отырғызды.

Батырдың сүйегі жатқан жер Түмен облысы, Ешім қаласының іргесіндегі Қызылтау деген төбе. «Красная горка» дейді. Кейін сон­дағы атығай-қарауылдың үл­кен қорымына айналған. Сол төңі­рек­тің орыс-қазағы бұл зиратты әулиелі жер деп ертеден тәуеп етіп қастерлейді екен. Қазақ былай тұрыпты, орыс ағайындардың өзі «Святая могила», «Святая гора» деп атап кетіпті. Осында 2015 жыл­дың жазында Баубек батырдың баласы Мағзұмнан өрбіген тікелей ұрпағы Жанарбек Ғалымұлы зиярат етуге келіп, Дүйсенбек Шәріпов және Қали деген жергілікті ақ­сақал­дардың көрсетуімен баба сүйегінің нақты қабірін анықтап, кеудесіне нұр толып, үлкен олжаға кенеліп, сүйініп те, мұндағы ағайын-аумақ­ты сүйіндіріп те қайтып еді.

Содан келесі, 2016 жылдың жазында осы Жанарбек бастап, Әнуар­бек және Әділбек деген інілерін ертіп, бұларға баяғы айдаудағы Баубек ағасын іздеп Түменге барып қайтқан Үдербайдың ұрпақ­тары – Қабиболла мен Мәжит Шаяхметов­тер қосылып, он шақты кісі екі мәшинемен Ресейдің Ешіміндегі баба зиратына қайтадан барып, сол арадағы қаншама бауырлар­дың басын қосып аруаққа ас берді. Батыр баба қабірінің басына арнайы жасап апарған құлпытас орнатты. Онда «Кенесары ханның көрнекті батыры Баубек Бекмырзаұлы. Руы Қарауыл «1820-1884. Белгі қойған ұрпақтары» деп жазылған.

Ресейдің Total.kz ақпарат агент­тігі «Түмен облысында қазақ баты­ры­ның қабірі» табылды деген тақы­рып­пен ақпарат жарияла­ды. Онда Кенесары ханның жа­қын серігі Баубек батырдың мәң­гі­лік жай тапқан жері Ешім қала­сы­­ның шегіндегі ескі қорым екен­дігі, Кенесары көтерілісі басылған­нан кейін Сібірге жер аударған атақ­ты батырдың сүйегі осында жатқан­дығын жергілікті ақсақалдардың ертеден білгендігі, енді шөпшек­тері іздеп келіп Құран оқып, ас бер­гені, басына құлпытас орнатқаны айтылған.

Иә, Хан Кененің Бектауыл Бала Баубек батыры өзін халқының азаттығы үшін жанпида етіп еді, туған елі ұмытпас үшін саусағын шауып беріп кетіп еді. Құдай тілегін қабыл қылған екен. Батыр рухы елге оралды... Осы мақаланы жазуға мұрындық болған Қабиболла Шаяхметов бауырымыз айтқандай, сүйегі жай тапқан Түмен жеріндегі құлпытасынан да, саусағы жатқан Есіл-Терісаққанның Кішкене түбе­гіндегі кесенесінен де батыр баба рухы туған елі мен жерін Арқаның ақ самалындай аялай бермек.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»