Кино • 01 Қараша, 2017

«Әкеге қоңырау шалу»: Ішкі дүниенің үні

831 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көптен бері Қазақстанның авторлық кино бағытында дәл осындай мазмұны терең фильм көргеніміз жоқ. Кейіпкердің ішкі әлемін төңкерген. Отбасылық құндылықтарды сөз еткен. Жантану мен жаратылыстану тұрғысында терең психологиялық талдау жасаған. Ғылыми зерттеу жүргізген. Бұл біздің отандық киноөндіріс саласында терең пайымдағы, кемел режиссердің бар екендігінің дәлелі.

«Әкеге қоңырау шалу»: Ішкі дүниенің үні

Автор тақырып төңірегінде өте салмақты ойларымен бөліседі. Дүниетанымы назар аударарлықтай. Серік Апрымовтың қолтаңбасы қашанда ерекше болған. Фильмдері шынайы. Автордың туындылары оның жан дүниесінің ажырамас бір бөлігі. Оның ойлары батыл. Қашанда өзін мазалаған мәселелер төңірегінде ашық ой бөліседі. Тіпті көрерменімен сырласады десек те болады.

Режиссер ретінде қашанда таңғалдыратын қа­дамдарға барады. Оның «Соңғы аялдамасы» көп­шілік көрермендердің әлі де жадында деп есеп­теймін. Осы аралықтағы фильмдерін жүйелі түрде зерттесек, оның шығармашылық ізденісі белгілі бір нақтылықтың нүктесіне жақындағандай. Көп­теген сауалдарының жауабын тапқандай. Өз өмірі­нің мағынасын толық түсінгендей. Миссиясын айқындағандай әсер береді. Оның тұлға ретіндегі болмысы күрделі әрі қызықты. «Әкеге қоңырау шалу» – автордың эксперименттік бағыттағы фильмі.

Фильм несімен ерекшеленеді? Шым-шытырық күрмелген мәселелер. Жүйке жүйесіндегі күйзеліс процесінің қалай өтетіндігін рентген аппаратымен айқындағандай деңгейде көрсетілген. Серік Апрымов – шебер суреткер. Баланың ішкі әлемін екі-ақ бейнелі теңеумен ашып тастаған. Бала Еркіннің әлеміндегі тереңдік пен құлдырау күйін жардың шетімен, ал оның қалыптасу кезеңін кірпіш арқылы бейнелі түрде жеткізген.

Бүгінгі таңда Қазақстанда балаларға арналған фильмдер тапшы. Дегенмен де режиссерларымыздың балалардың ішкі дүниесіне әлеуметтік тақырып­тардың төңірегінде зерттеу жүргізуі қуантады. Бұл көп жағ­дайда өз баласының өмірінде не болып жатқа­нын терең білмейтін, тәрбиесіне немқұрай­дылық танытатын кейбір ата-аналардың санасына соққы бергендей нәтижеге ие.

Соққы ауыр. Жанды жеріңді нысанаға алғандай. Есеңгірететіндей деңгейде. Фильмнің атмосферасы еңсеңді езіп, шаншып отырып түсіндіреді. Көтеріп отырған мәселе осы тақырыптың төңірегіндегі өкін­ген ата-аналардың барлық өксігін жи­нап алғандай. Ойлануға мәжбүрлейді.

Серік Апрымовтың бұл фильміндегі бала Еркіннің әкесіне қоңырау шалуы қоғамға осы тұрғыда көп жайттың басын ашып берді. Бұл жәй ғана қоңырау емес. Бұл бейнелі түрде жеткізілген үндеу. Баланың ішкі дүниесінің үні. Жақыныңа, жаныңды түсінген жанға бір қадам жақындау. Туыстық байланыс. Ішкі әлеміндегі күйдің диагнозын қоятын бұл маңызды қоңыраудың мағынасы тереңде. Бір ғана қоңырау алқаш болса да әкенің ұрпағы, баласы ал­дындағы жауапкершілікті көтере білгендігін дәлелдейді.

Бауырға деген сағыныш. Елесімен сырласу. Сену. Үлгі ету. Ағаның орны. Оның қазасы. Анасының тастап кетуі. Алқаш әкемен өткен күнкөріс. Соққының үстіне соққы қосылу. Бірақ тұлғаның жігерін шың­дайтын ең үлкен мектеп – осы сынақтар мен соққылар. Егер жақыныңнан қолдау тапқан жағдайда бұл сағыңның сынбай, өзіңді сақтауыңа жәрдемдеседі. Әкесі Еркінді сақтай білді. Өресі құрығанда бала жанының қалауын сұрауға жетті. Адамды алға жетелейтін, сынаққа толы сәттерде оны көп жағдайда теріс жолдан сақтап қалатын – арманы. Әкесі Ерболат баласының арманын орындауға қолдау жасады. «Малым – жанымның садағасы» деген сөздің бар мәні осы фильмде ашып көрсетілген. Құрбан­дыққа қолындағы бар малын салып, баласының оқуына, қатарымен бірге алға жүруіне жағдай жасайтын қадам­дары көрермендерге көп нәрсе айтады. Бала ең бірінші қолдауды отбасындағы ата-анасынан табуы маңызды.

Еркінге қойылған медициналық диагноздың астары тереңде. Қоғамда адамдардың бір-біріне жасайтын қолдауы мен мейірімі шешуші күшке ие. Біз көп жағдайда немқұрайдылық танытамыз. Бір-бірімізге. Әркім өз қалауымен алысып әлек. Жан бөлек болған соң, оның қалауы да бөлек. Оның мысалы – Еркіннің анасының қиын сәттерге шыдамай отбасын тастап, өзге еркекке кетуі. Өз баласына жеккөрініш сезімін ашық білдіруі. Мейірімнен мақұрым күй кешуі. Ыза мен кекке толы қарым-қатынас. Отағасы мен отанасының ішкі дүниелеріндегі қарама-қайшылық. Науқас деп диагноз қойған бала Еркінге қарағанда, ересек ата-анасының өздерін жаны науқас адамша ұстауы. Үлгі бола алмауы. Осындай отбасыларға сын. Тағылған айып. Рухани қылмыскерге айналуымыз. Өзімізді кейде жындыхананың емделуші науқастарындай ұстайтынымыз да шындық. Бұл қоғамның дертіне қойылған диагноз.

 

Гүлзат КӨБЕК,

кинотанушы, өнертану

PhD докторы