Әдебиет • 02 Қараша, 2017

Ұлттық кітапхана ұжымы Қытайдың басты кітапханаларында іссапарлық кездесулер өткізді

296 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Мәдениетіміздің қаншалықты ілгері басқанын немесе кері кеткенін көрсетіп отыратын қатесіз өлшеуіштің бірі – кітапхана» дейді Міржақып Дулатұлы. Жастарымыз бойындағы отансүйгіштік, ұлтжандылық, әдептілік, төзімділік сынды қасиеттерді арттыру жолында рухани құндылықтардың маңызы зор екені, ал рухани құндылықтардың қайнар көзі – кітапханалар екені белгілі. Еліміз рухани ордаларының қазіргі қоры тек өзімізге тиесілі  кешегі және бүгінгі тарихымызға ғана емес, күллі адамзатқа ортақ құнды мұраларға толы екені бізді аузын айға білеген алпауыт мемлекеттер алдында да ерек ете түсетіні анық. 

Ұлттық кітапхана ұжымы Қытайдың басты кітапханаларында іссапарлық кездесулер өткізді

Елбасымыз Н.Назарбаевтың кеңінен қолдауға ие болған жалпыұлттық Рухани жаңғыру бастамасы өз елімізде ғана емес, өзге елдерде де рухани құндылықтарымызды таныта білуге міндеттемек. Осы орайда, Елбасының «Болашаққа бағдар - рухани жаңғыру» мақаласының аясында ҚР Ұлттық кітапханасы ұжымының Қытайдың Бейжің, Сиань қалаларының басты кітапханаларында іссапарлық кездесулер өткізіп келудегі басты мақсаты – Қазақ елінің рухани құндылықтарын кеңінен насихаттау, екі ел арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайта түсу, мәдени мұрасы мол тарихымызды әспеттеу, кітапхана саласының әлемдік деңгейдегі білікті мамандарымен тәжірибе алмасу, еліміздің мәдени келбетіне айналған құнды кітаптарымызды кітапхана көкжиегі арқылы әлемдік аренада көрсету, сондай-ақ, екі ел кітапханалары арасындағы келісімшартқа қол қою болған еді. Іссапар жүктеген үміт үдеден шыққандай. 

ҚР Ұлттық кітапханасы мен Қытайдың ірі кітапханалары басшылары қол қойысқан келісімшарттардағы: кітапхана саласын меңгеріп келе жатқан өскелең ұрпақтың шет елде оқып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік жасау; білікті мамандарды тәрбиелеп шығару; қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын шет елде насихаттау; сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды толығымен өз қорымызға қайтару сынды басты міндеттердің толықтай жүзеге асуы алдағы күндердің еншісінде дегенмен, нақты шешімдерін тауып қайтқаны ақиқат.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз», – деп атап өткенін есте тұта отырып, әр азамат, әр ұжым атқарған игі істің өз Отанына, халқына тигізер пайдасы, елдің рухани жаңғыру жолына қосқан сүбелі үлестердің бірі екені хақ.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы делегациясының болашағы бекем бұл бастамасын Қытайдай алып елге «Рухани жаңғыруымызды» жан-жақты насихаттай отырып, болашақ ұрпақтың қажетті білім нәрімен сусындау жолында жасалып жатқан зор мүмкіндіктерге өз тарапынан қосқан үлесі десек артық айтпаған болармыз. Әрдайым болашағы бекем бастаманың бағдарлы жасыл шамында жолға шығуды нәсіп етсін дейік!

Аян ЖОЛДАСОВ,

ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері

АЛМАТЫ