Футбол • 05 Қараша, 2017

Вахид Масудов: «Астана» мен «Ақжайықтың» деңгейі жер мен көктей

255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ақжайық» командасының бас бапкері Вахид Масудов «Астанаға» қарсы ойын туралы ой бөлісті.

Вахид Масудов: «Астана» мен «Ақжайықтың» деңгейі жер мен көктей

– Өте ауыр ойын өткізгеніміз белгілі. Командалардың деңгейі жер мен көктей. «Астана» екі күн бұрын ойын өткізгеніне қарамастан, бірінші минуттан бастап қыспаққа алумен болды. Екі голдан да көбірек соғатын мүмкіндіктері болды. Ал біз қарсы шабуыл арқылы ойнауға әрекет еттік, бірақ ол ойымыз жүзеге аспады. Қолымыздан келгенше қарсылық көрсеттік, бірақ ақыр соңында «Астананың» деңгейі үлкен рөл атқарды.

— «Астана» лайықты түрде чемпион атанды деп ойлайсыз ба?

— «Астананы» чемпиондығымен құттықтаймын, ал біз өз қиындықтарымызды шешуге тиіспіз. «Ақжайық» үшін маусым әлі аяқталған жоқ, 9 қарашада өтпелі ойынды өткізуіміз қажет.

— Футболда үшінші команданы ынталандыруға тыйым салынбаған ғой, сізге «Қайраттан» біреу хабарласқан болар?!

— Біз өз мәселелерімізді шешуіміз керек. Бірақ маған ешкім хабарласпағанын айта кетейін, ал футболшыларға біреу қоңырау шалғанын білмейді екенмін. Ол жағын өздерінен сұраған жөн. Жігіттер қаншалықты қиын жағдайға тап болғанын көрдік, біз «Астанаға» қарсылық көрсетуге тырыстық. Бірақ бәрі де біз ойлағандай болған жоқ.

— «Астана» қатарынан төртінші рет ел чемпионы болып отыр, еурокубоктардың көктемгі кезеңіне шығу мүмкіндігі де бар. Осыған қарап «Астана» дәл қазір еліміздің ең мықты командасы деуге бола ма?

— «Астана» Еуропада жақсы тәжірибе жинады. Сол үшін Қазақстанда үстемдік құрып отыр. Біздің футболшыларымызға жетпей тұрған дүние — міне, осы.

Айта кетейік, «Астана» бүгін Премьер-лиганың соңғы турында Оралдың «Ақжайығын» өз алаңында 2:0 есебімен ұтып, төртінші жыл қатарынан ел чемпионы атағына қол жеткізді.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»