06 Қараша, 2017

Фанатизм

1193 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адамзатты ақ жолдан тайдыратын жаман әдеттің бірі – фанатизм. Бұл саяси, ұлттық және діни сенімдердің біріне бассыз-көзсіз беріліп, санасына сіңіп алған сол идеялардың құлы болып, соны ғана дұрыс деп санап, оған сын айтқанның бәрін жау көретін қатып қалған көзқарас. 

Фанатизм

Біз көбінесе діни сенімдерге көзсіз берілген фанаттарды жақсы білеміз. Бүгінгі өмірімізде ондайлар көбейіп бара жатқаны да шындық. Діни сенімнің радикалдық бағыттарына түсіп кеткен қауіптілерімен қатар дінді орта деңгейде ұстанамын дейтіндердің арасынан да кейде фанаттар шығып қалады. Мысалы, жуырда ғана намаз оқитын жолдасымыз бір дұғалықты мың рет қайталауым керек дегенді айтты. Бұл да фанатизм­нің бір көрінісі екені даусыз. Алла тағала адам­ды жаратып, өмірге бағыттағанда дұрыс өмір сүр, өтірік айтпа, ұрлық қыл­ма, біреуге қиянат жасама, адамзат қоғамына салып берген дұрыс жолыңнан тайма (ата-анаңды, жарыңды күт, ұрпақ өсір, т.т.), адамгершілік қасиеттерді сақта, таза жолмен табыс тап және т.с.с. жаса деп жіберді емес пе? Ал күніне мың рет бір дұғалықты айтып отыратын болсаң Алланың басқа талабын қай уақытта орындайсың? Әрине, Алланы ауыздан тастамай, үнемі сыйынып отыру, бес уақыт намазды қаза қылмау бір басқа. Осының үстіне тағы бір дұғалықтарды айтып, үнемі қайталай бергендік ақылға сыйымсыздау көрінеді...  

Діни фанатизмнен саяси фанатизмнің қасіреті көбірек. Бұған түскен адамдар бір саяси бағытқа күмп беріп қойып кетеді де, содан шыға алмай, тереңдей береді және оны қорғау, қоғамға сіңіру үшін неше түрлі қантөгістерден бас тартпай, қолдарын қанға батыра түседі. Уинстон Черчилл «фанатик – өзінің шешімін өзгерте алмайтын, тақырыпты ешқашан ауыстыра алмайтын адамдар» деген. Өзіміз тарихтан жақсы білетін большевик-революционерлерміз дейтін фанаттардың ісі дәл сол еді. Орыстың белгілі философы Н.Бердяев та «діни конфессиялар мен марксизмге тән төзімсіздік пен фанатизм көріністері бар­ын­ша бірдей болып келеді» деп жазған. 

Коммунистік қоғам құру туралы теорияның атасы утопистерден кейін  Карл Маркс болды. Оның қоғам­ды қанаушы және қаналушы тап деп екіге бөлуі, олардың арасындағы қай­шы­лықтарды ашуы мен жою жолдарын көрсеткен идеясын езілген тапты қорғаймыз деген большевиктер бас­шылыққа алып кетті. Бұл теорияны тереңдетіп, ұлттық мазмұн бергендер де көп болды. Әрине, теорияны ашқан­дар­дың білімінде шек жоқ, олар­дың зерт­теулері мен тұжырымдарын ешкім жоқ­қа шығара алмайды, бірақ соны іске асырушы – большевиктер соқыр фанаттар еді. Олар XVIII ғасырдағы Француз революциясын іске асырған якобинші фанаттардан да асып кетті. Өздерінің түсініктерінен басқаның бәрін большевиктер тек жау санап, олардың бәрін құртуды көздеді. 

Маркстің теориясын тереңнен ұқпай, бетінен қалқыған фанаттар әлемде, одан кейін жеке мемлекетте іске асырып, қанаушы тапты тегіс жойып, «езілгендерге елдің барлық билігін алып береміз» деп өзеуреумен болды. Құдай адамның бәрін дене құрылысында тең қылып жаратқанымен өмір сүрген қоғамында ол әртүрлі факторлардың әсерімен жеке-жеке болып қалыптасады. Соның ішінде ата-ананың тәрбиесі, қоршаған ортаның әсері, ата-бабаның бойына қонып, қанмен берілген тектілік, алған білімнің әсері, міне, осылар оның қалыптасуына зор әсер етеді. Бұлардан басқа Алланың өзі әркімге әртүрлі деңгейде ерекше дарын, орасан зор талант, қолға алған ісінде үнемі жолы болғыштық және т.б. беретіні сөзсіз. Осылар адамның бойына Құдайдың құдыретімен  ғана қонатын қасиеттер. Осы факторлар адамның бәрін бірдей қылмай, әртүрлі өмір сүруге міндеттейді. Қазақ мұндайды «бір қолдың бес саласы да бірдей емес» деген қысқа сөзбен нақты айтқан. Ал революционер-фанаттар біз адамның бәрін бірдей қыламыз деп өзеуреді. Олардың көсемі Ленин Құдайды да, Құдай берген құдіретті де жоққа шығарып, «әрбір аспазға дейін мемлекет басқара алатын болады» деп соқты. Ол ол ма, «поптар мен дінді тезірек жоюымыз керек. Поптарды (ішінде молдалар да бар – Ж.С.) контр­революционер, қаскүнемдер ретінде тұтқындап, барлық жерде жаппай ату керек», деді Ленин. Өзінің соңынан ерген фанат-революционерлерді ол ешкімді де аямай, идеяға қарсы болғандарды тек қыра беруге шақырды. 

Әрине, Лениннің 55 томдық шығар­маларының толық жинағын құрас­тырушылар кейін оның мұндай сөздерін барынша азайтып, ұрпаққа адамзаттың бәрін сүйген, жылы жүректі «ұлы Ленин» қылып танытты. Бірақ большевиктік қырғындардың басында тек осы идеялар болып, оны іске асырушы фанаттар тек Лениннің айтқаны ғана дұрыс деп санап, бастары тұмшаланып қалғандар еді. Ал фанатизм ессіз, өзінікінен басқаның бәрін жау деп қыра беруден ешқашан қашпаған. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»