Қазақстан • 06 Қараша, 2017

«Көшбасшы жолы» басталды

528 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана және Алматы қалаларында Елбасының қызметімен тығыз байланысты жерлерде өтетін «Көшбасшы жолы» турлары сериясының алғашқы экскурсиясы басталды. Шара Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қолдауымен ұйымдастырылуда.

«Көшбасшы жолы» басталды

Турларға Алматы, Ақмола, Жамбыл, Қа­ра­ғанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарының 13 және 17 жас аралығындағы 480 үздік оқушысы қатысады.

Осылайша Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының оқушылары Ас­та­наға келсе, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының үздік оқушылары Алматы қаласы мен Үшқоңырға барады.

Астанада оқушыларға Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тұңғыш Президенті – Елбасының мұражайы, қоры мен кітапханасы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Астана-Бәйтерек» монументі және Назарбаев Университеті таныстырылады.

Алматылық турдың бағдарламасы бойынша Алматы облысындағы Елбасы оқыған Қарасай батыр атындағы мектеп, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің үй-мұражайы, «Батыр Бабалар» мемориалды кешені, сондай-ақ Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражай, 28 панфиловшылардың саябағы сияқты объектілерге бару жоспарланған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының кеңесшісі Әлия Қайшарованың айтуынша, осындай турларды өткізу мектеп оқушыларының ой-өрісін кеңейтіп, қызығушылығын арттырады әрі балаларды жақсы оқып, белсенді болуға қосымша ынталандыратын болады.

«Назарбаев орталығында» оқушылардың бірінші тобымен кездесу барысында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов осындай турлардың балалар мен жасөспірімдер туризмін жандандыруға, сондай-ақ еліміздің жас ұрпағын патриоттық тәрбиелеуіне зор әсер ететінін атап өтті. «Балалар мен жасөспірімдер турлары жас ұрпақтың патриоттық рухын қалыптастыруда маңызды рөл атқара отырып, еліміздегі ішкі туризмді дамытуға әсер етеді», деді ол.

Сондай-ақ Қ.Сәдуақасов ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде еліміздің өңірлерінен келген 185 мың оқушы үшін 700-ден астам тур ұйымдастырылғанын еске салды.

 

«Егемен-ақпарат»