Тарих • 10 Қараша, 2017

Қазақ тілінің кемшілігі жұмсалмай тұтығып жатқандығы

916 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

З.Ерғалиевтің «Еңбек туы» газетінің 1920 жылғы №2 нөмірінде жарық көрген «Тіл» мақаласын ұсынып отырмыз. Бұдан ғасыр бұрын айтылған әңгіме әлі маңыздылығын жоймағандай... 

 

Қазақ тілінің кемшілігі жұмсалмай тұтығып жатқандығы

ТІЛ

Дүние жүзінде болған жанды мақұлықтар бәрі де өздерінше біріне-бірі ойға алған мақсаттарын аңғар­тады. Аңғартулары түрліше: біреулері дауыспен, біреу­лері дене мүшелерінің қозғалыс­тары­менен, енді біреулері шырайларымен...

Адам баласы басқа жануарлардан тіліменен айырылады. Тіл деген бек құтты нәрсе. Ол біздің барлық ішкі сырларымыздың айнасы. Әуелі, адамды басқа айуан­дардан айыратын белгісі болса, екінші, бір-біріне ұқсау­шы болған адам балаларын бір-бірінен айыратын ұлт­тық айырмасы. Адамдарды қараңғыдан жарыққа сүй­рейтін, төменнен жоғарыға қарай тартатын, аңдар дүние­сінен адамшылық майданына шығаратын және сол – тіл.

Адам баласының тілі­нің түрлері бек көп. Қазір дү­­ние жү­зінде сегіз жүзден аса тіл бар. Бұ­лар­дың 153-і Азия­да, 114-і Африкада, 117-і Австралия ме­нен ұсақ арал­­д­арында, 422-ы Америкада, 53-ы Еуропада деп ай­тылады. Мұның үстіне бұл тілдердің айырым тармақ­та­рын да есептесең, бүтін дүние жү­зін­де 3,5 мыңнан астам тіл болады екен.

Енді осы тілдердегі сөздер­дің һәм сөйлеушілердің салдары бір шамада емес, біреулері ора­сан көп болса, екінші біреу­лері шамадан тыс аз.

Мәселен татар тілінде 70 мың, орыс тілін­де жүз мың шамасында, ингылизше менен арабша бұдан да көбірек есеп етіледі. Америка үнділері сияқты тағы ұлттардың тілдерінде он мыңға да толмайды. Әлі бұ да ешнәрсе емес, Американың күнбатыс жақ жағасында сондай тағы зеңгілер бар, олардың тілдерінде 350-400-ден артық сөз жоқ. Сондай-ақ ингылиз, француз тілдерін жер-жерде естуге болады, әлгі тағы жұрттардың тілдерін де тек сол тұрған орындарында ғана ести аласың.

Сөздердің һәм сөйлеуші­лердің көп-аздығы неліктен? Бұл сол тілменен сөйлеуші ұлттың ағарып-ағар­мауынан, яки қай шамада ағаруы­­нан, өнер-білім­нен һәм ұлтты­ғын сақтай алып-алмауынан келеді. Қара­саңыз жоғарыда көрсетілген сандардан осы айтыл­ғанды байқауға болады. Ұлттығын сақтай алмай, тілдерінен ат-жұт айырылып қалған елдердің де барлығы тарих оқығандарға мәлім. Жалпы қарағанда, тағы жұрттар тіл жағынан бек жарлы болады екен. Әлі олар тұра тұрсын, тіпті бір ұлттың өз іштерінен оқы­ған білімдер менен оқымаған­дар бір болмайды. Оқығандар соңғыларға қарағанда, көбірек зор біліңкірейді. Бұның себебі: тағылардың, надандардың тұрмыстары оқыған, ағарың­қыраған кісілерге қарағанда, көп төмен. Төмен тұрмыс үшін сөздің көптігі керек емес. Ала­йық Австра­лия тағыларын, олар жылға, көл дегеннің не екенін де білмейді. Өйткені онда бұлар жоқ. Сол себепті олардың тілдерінде бұл екеуінің орнына сөз де табылмайды.

Енді өзіміздің қазақ тіліне келейік, қазақ тілі үлкен түрік тілі тарауынан болған бір табы. Тәураттың айтуынша, бұл тіл осы күнде бар түрік тілі тараулары арасында нағыз әуелгі қалпында тұрған, өзінің бұрынғы сипатшылық түрін бұз­бай, бұзылмай, аман сақталып келген тіл. Қазақ тілі осы істел­меген­нің өзінде-ақ біркелкі тілдерден бай. Тек бір кем­шілігі болса, о да осы заманға дейін жұмсал­май тұты­ғып жатқандығы. Әл­бет­те, оның себебі бәрімізге мәлім, ұзақ баян­даудың қажеті жоқ. Ойлап қарасақ, бізге оған өкіну керек емес, қайта қазақ ұлтының патша билеуінде тұр­ған кездерінде басынан өт­кен­дерін, жай-күйлерін һәм билік басын­дағы ұлықтардың бұра­таналарды орыстандыру деген сая­саттары бағытына даңқты Ильминский сияқты миссио­нер­лердің құрған тұзақтарын еске алып, бұ шаққа дейін тілі­міздің жоғалмай, яки бұзылмай аман-сау сақталып келген­дігіне алақайлап қуануымыз, алақан шапалақтауымыз керек.

Бір ұлттың тілінің жоға­луына, яки үлкен өзгеріс тауып бұзылуына көбіне көп бас­қа мәдениетте ілгері болған уалаят­ты елдермен аралас болу, со­ларменен түрлі реттерде қатынас жиірек болуы себеп. Қазақ ұлты жоғарыда айтыл­ған миссионерлердің тұзағы­нан қалыс болмаса да, қоны­сы басқа мәдениетті ұлттардың қонысынан бірыңғай болып, олар­менен қатынасу, ара­ласуға еріксіздендіретін сауда, кәсіп, әрекет сықыл­ды нәрселерде мешеулігімізден әлгі айтылған үл­кен мақсатқа көп жәрдем етті. Тілдеріміз сақталып келді дегенмен соның өзінде орыс, ноғайға көршілес отырғандардың тілдері шұбарланған. Сондай-ақ орыс школдарында, татар мектептерінде оқыған бірсыпыра жастар әуел­гі әзірде жат тілге үйрету, жаттығу мағы­на­сыменен ар­тық көңіл қойып кетіп, өз тілдерін ұмыта жаздап, аздап қалған. Әйтеуір соңға таман өздері оянған ұлт­шылдық арқасында қайтадан арттарына айланып, өз­дерінің ана тілдерін іздене бастаған. Бірақ осы күнде де кейбір оқы­ған­дар әлі күнге дейін, білмеймін, үйреніп қал­ған әдет бойынша қазақша сөйлегеннің өзінде екі сөздің бірін орысша айтады.

Тіпті орысша түгіл нағыз қазақ сөзін айтқанда да «Қ» орнына «К», «Ғ» орнына «Г»-мен айту секілді орысша қолдана­ды. Мұсылманша оқығандар татаршасынан, татар мен араб сөздерінен құтыла алмайды. Әлбетте, мұндай азаматтар бұл әдеттерін тастамаса, шексіз ана тілін үйрене алмайды. Со­нымен тек өз тіліне емес, жалпы қазақ тіліне кемшілік кел­тіреді. Біздерге бар тілімізді жо­йып, бұзып-жарып, қазақша аты бар сөздерді орысша атап, соған әдеттену һәм оның орнын­дағы қазақ сөзін ұмытудың орнына қазіргі мәдениет дүние­сін­де әдебиетімізде жетіспей жатқан қазақ сөздері үшін жаңа-жаңа сөздер табу деген құлақтарыңызға жат болып естілмес. Жаңа сөздер тағы жұрттарда да, тараққи еткен ұлттарда да бүтін дүние жүзінде шығып, өршіп тұрады. Бұл адам баласы дүниеге келгеннен бері солай. Тағы жұрттарда жаңа сөздер өз-өзінен шығады екен. Содан бір уақыт тағы адам өз дәуірінде ең әуелі сиырды көріп, «Муу» аталған дауысын естіп, оған «Пуу» деп ат қойған. Көкектің аты әр ұлтта деп айтарлық бір-біріне ұйқас екендігі білінген. Көп сөздер солайша өздіктерінен пайда болған. Сондықтан біз өзіміз де бір нәрсенің аты болмайды екен, жаңадан лайықты, үйлес нағыз қазақ тілімен ат қойсақ; егер ат таба алмайды екенбіз, шет тілдерден сол күнде ғана тіліміз арасына жаңа жат сөздер кіргізіп алсақ та оғаш іс еткен болмасақ керек. Біз өз тілімізді тексеріп қарасақ, өзімізден де жаңа сөздерді көп табуға болады. Соның сияқты қазақша ат таба алмай, я болмаса табуға азаптанбай тұп-тура өзіміз айтып, қазақ жобасына аударып қолданып кеткен там-тұм шет сөздер бар. Олардың енді қазақ арасында біздің өз сөзіміз емес деп айтуы бек жат түйіледі. Біздерге жат сөздерден сақтану дегенде болады да, тілімізден шығарып тас­тау деген сөз аңғарылмас. Бұлар бұ күнде өз сөзіміз болып кеткен. Оларды шығарып тастасақ, орындарын басатын бізде басқа сөздер жоқ болғандықтан бәрібір өз сөздерімізді алып тастағанға есеп болады. Бізге тек осы күнге дейін қазақ тіліне кірмегенін я кіре тұрса да оның тілімізде басқа аты болған я болмаса ат табуға мүмкін болған жат сөз­дерден ғана бек сақтану тиіс.

Әзірлеген 
Ұларбек Нұрғалымұлы, 
«Егемен Қазақстан»