Тарих • 10 Қараша, 2017

Алаш мұрасына адалдық

832 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бүкіл түркі халықтарының азаттығын аңсаған, осы асқақ мұратқа бар саналы ғұмырын арнаған Мұстафа Шоқай өзінің 1930 жылғы «Түркістан ақындарынан» атты мақаласында «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз» деп келешекке көрегендікпен сенім білдірген еді. Осыдан 60 жылдан кейін туған елі егемендікке қол жеткізіп, ежелгі қазақтың мекені – Ұлы Дала төсіне тәуелсіздік туы тігілген болатын. Содан Мұстафа Шоқай азаттықтың алғашқы жылдары-ақ Отан есігін қақты. 

Алаш мұрасына адалдық

Атақты жазушы Әнуар Әлімжанов «Қазақ әдебиеті» газетінің 1991 жылғы 24 және 31 мамырдағы сандарында жария­лаған «Мұстафа Шоқай... Ол кім?» атты ерек­ше сезім мен толғаныстарға толы мақа­­ла­сында «Түркістан халықтарының тең­дігі мен тәуелсіздігі үшін, оларды қор­лық-зорлық пен рухани құлдықтан құт­қару үшін аса зор жауапкершілікті арқа­лаған тұғырлы заңғар тұлғаның» адами, аза­­мат­тық және қайраткерлік болмысын ашып, оның шындығында кім болғанын ал­ғаш жан-жақты дәлелдеуге ұмтылған еді. 

Кешегі кеңестік кезеңде Мұстафа Шоқайға «сатқын», «опасыз», «нағыз пантюркист» және «панисламист» дегендей толып жатқан аттар тағып, оның азан шақырып қойған атын атауға тыйым салынғаны белгілі. Тек егемендіктің ерен күші мен қайсар күрескер туралы шындық өзінің кіндік қаны тамған, өмір бойы аңсап, сағыныштан сарғайтқан Сыр еліне де жетіп еді. Бұдан алғаш хабардар болған облыс басшылары іске жүйелілік беру үшін қоғамдық қор құру туралы шешімге келеді. Ал оның басшылы­ғына кімді ұсынған жөн дегенде ауызға бірден көп жылдар облыстық денсаулық сақтау саласында басшылық қызметтер атқарып, енді өзі құрылысын басқарып, өзі аяқтаған облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Базарбай Атабаев түсті. Оның ес білгелі ашық айтылмаса да үлкендер арасындағы әңгімелерге құлақ түре жүргендігі, ол туралы оң өзгерістерді тез де ерекше сезім­мен қабылдап, іле-шала баспасөзде бірер мақала жазғандығы ескерілді. Содан 1992 жылдың ақпан айының 18-і күні елдегі туыстар, жерлестер, көзі ашық журналистер мен тарихшы, ақын-жазушы­лар шақырылып, «Мұстафа Шоқай атын­дағы облыстық қоғамдық қор» құры­­лып, төрағалығына Базарбай Атабаев сай­ланды.

Сол 1992 жылдан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде Базарбай Атабаев Шоқаймен байланыс­ты облыстық, республикалық және шетелдік деңгейдегі іс шаралардың бір­де-бірінен қалған жоқ десек, көп қате­лесе қоймаспыз. Облыс орталығында, Алматыда, Ташкентте, Ыстанбұлда өт­кен жиын-конференцияларда Мұстафа Шоқай туралы арнайы баяндамалар жасаса, Сыр бойында Мұстафа Шоқай аты көше­лер мен мектептерге беріліп, ескерткіштер орнатылып жатса, соның басы-қасын­да болып келеді. Франциядағы Мұстафа­ның Ножан-Сюр-Марн қаласындағы тұрған үйінің жанына биіктігі 125 см тұғырға қоладан жасалған «Мұстафа Шоқай» ескерткіш-бюст қойылғанда да жүрегін қолына алып жүгіріп жүргендердің алдында Базекең болған еді. Сұлутөбеден 10-12 шақырым қашықтықтағы Мұстафа Шоқай туған жер – Наршоқыға мәрмәр тас қойған да осы кісі болатын. Дегенмен осы орынға бүгінгі заман талабына сай белгі қойылып жатса, дұрыс болар еді деген ой оны әлі мазалап жүр. 

Базарбай Атабаев Мұстафа Шоқай атына айтылған әртүрлі пікірлермен де тұрақты күресіп келеді. Жаратылысын­да қоғамдық сананың баяу жылжып, кешегі кеңестік идеология күшімен чекист Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күй­реуі» атты кітабындағы жалған мәлі­мет­тер­дің көпке созылғаны белгілі. 1997 жыл­ғы қаңтар айында Ыстанбұлда өт­кен Дү­ниежүзі қазақтарының көшпелі құ­рыл­­тайында Қазақстаннан барған зиялы қауым арасындағы әңгімеде Мұстафа Шоқай туралы шындықпен жанаспайтын пікірлер айтылғанда, Базекең реті келген мінбені тиімді пайдаланып қарсылық білдіріп, өзі білетін мәліметтерді жайып салған болатын. Сонда Мұстафа Шоқайға қатысты қайшылықты ой-пікірге жан­ды жауап қайтарып табандылық танытқа­н інісіне риза болып, Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих, археология және этнография институтының директоры, академик Манаш Қозыбаев келесідей бата беріп, оның ұсынған блокнотына мына сөздерді жазып берген екен: 

Iнiм Базарбайға!
Шоқайдай елдiң iрiсiң, 
Қазақтың пiрi – ұлысын 
Iздегеннiң бiрiсiң, 
Биiк болсын тынысың, 
Тiрлiктiң iсi бiтеме, 
Құтты болсын бұл iсiң.
31.01.1997 ж. Ыстамбұл – Алматы. 

Мұны Базекең осы күнге дейін академик ағасынан тәбәріктей сақтап келеді. 

Базарбай Атабаев 90-жылдардан жарық көрген Мұстафа Шоқай шығармаларын, оның өмірі мен шығармашылық қызметіне қатысты материалдарды аз оқыған жоқ. Онсыз Шоқай атындағы қорды басқару мүмкін емес еді. Бұл дәрігерлікті өмір бойы серік еткен маманды қаламға жетеледі. Айтпай, жазбай отыра алмады. Ондаған баяндамалар мен мақалалар жазылып, олардың бірсыпырасы басылым беттерінде жарық көрді. Соларды жинақтап Мұстафа Шоқайдың туғанына 125 жылдығына байланысты «Ел жадында қайта жаңғырған ұлы есім» атты 16 баспа табақтан астам кітап дүниеге келді. Ол негізінен «Ұлы есімді елге оралту жолында», «Ұлы есімді елге таныту жолында» және «Ұлы есімді тани түсу жолында» атты бөлімдерден тұрады. Бұл бір жағынан қор қызметінің бағыт-бағдарын да танытады. Әлі қолда бірнеше кітап боларлық дүниелер бар.

2015 жылы Алматыдағы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ұлттық кітапханасы «Библио­графиялық көрсеткіш» шығарған еді. Оған Мұстафа Шоқайдың өмірі, қызметі мен шығармашылығы туралы сегіз тілде жазылған 1405 әдебиет енген болатын. Одан бері қаншама дүние жарық көрді.

Алайда Сыр еліндегі Мұстафа Шоқай атын­дағы қордың төрағасы Базар­бай Ата­баевтың қолынан шыққан туын­ды­лар­дың мейлі ол хат болсын мейлі ол баяндама, мақала болсын орны бөлек. Айрықша маңызды, ерекше жылы оқылады. Бұл, шын мәнісіндегі, бүгінгі жақын туысқандар арасынан соңғы ширек ғасырдан астам уақыт бір тыным таппай, ылғи ізденіс үстін­де болған ата мұрасына адал перзенттің көңіл күйі, ішкі сезімі, кейде жан айқайы. Осы сезімде кешегі кеңестік заман күрде­лендіріп жібергенмен жоя алмаған, хал­қы­ның жадына қайта оралған, шынына келгенде жарқырай оралған, аты әлемге танылған тұлғаны кейінгі ұрпақтың, елінің танымы жатқан болатын. Автор Мұстафа Шоқай атына арналған пьеса, кино немесе сөздерге, мейлі ол белгілі жазушы-драматург болсын, болмаса атақты тарихшы болсын, өз көзқарасын, пікірін білдіріп отырған. Мысалы, Мұстафа Шоқай туралы кинофильмдерге қайшылықты пікірлер мен көріністерге қарсы пікір жазған да Базекең болатын. Оның кейбірі кітабынан орын да тапты. Айтқан уәждері орынды. Өйткені автордың артында ұлы шындық тұр, ол – Мұстафа Шоқайдың шындығы. Мұстафа Шоқайға қатысты жаңсақ пікірлер әлі жоқ емес. Осыдан екі-үш жыл бұрын, яғни 2014 жылы Астана қалалық мәслихаттың отырысында Мұстафа Шоқайдың атын қаладағы №51 мектепке беру туралы мәселе қойылғанда екі депутат қарсы болып, кеңестік кездегі әңгімелерді айтып, мәселе шешімін таппай қалған еді. Сонда мәслихатта қайсар күрескерді қорғайтын ешкім табылмағаны өкінішті-ақ болды. Бұл мәселе әлі күнге шешімін табатын емес. 

Мұстафа Шоқай туралы қалам тарт­қан­дардың біле бермейтін жайларын Базе­кең сонау бала жасынан біліп, өсіп келе жатқандығы оның артықшылығы десек, артық айта қоймаспыз. Мынандай бір мы­сал келтіре кетейік: Бірде 2000 жылғы 11 нау­рыздағы «Сыр бойының» «Сыр өнерi» қосымшасындағы Н.Қартабаев «Мұстафа Шоқай туған жер» атты мақаласын­да Шоқайдан тараған ұрпақтарды дұ­рыс көрсете алмай, көптеген қателiк­тер жi­бер­генде Базекең бұларды талдап әрқайсысын орын-орнына қойып берген болатын.

Базарбай Атабаевтың түркі әлемінің көрнекті тұлғасынын есімін халық жадында қайта жаңғыртып, мәңгілік есте қалдыруға құлшына кірісуіне тағы бір сал­мақты себеп бар. Мұстафаның ауылын­да туып-өскен жақын туыстары түгел дерлік кеңестік құйтырқы да зұлым саясат­тың зардабын көріп, қасірет шекке­ндер болатын. Кеңес мемлекетінің қас жауы деп танылған ағайындар қамалды, қудалан­ды, атылды. Сол жандардың ішінде опат болған Базарбайдың әкесі Асанбай да бар еді. Қиянатшыл кеңестік жүйеге деген кеудеде қатқан қара қазандай күйік, өкпе, ашу-ыза саналы азаматты белсен­ді іс-әрекетке итермеледі. Сөйтіп тәуел­сіз­дігіміздің елең-алаңында қолға алы­нып қызу қарқынмен басталған, коммунис­тік ішмерез идеологияның Мұстафа Шоқай­дың атына жаққан қара күйеден тазартып, оның адал есімі мен елі үшін бүкіл саналы өмірін аяусыз арнаған еңбегін халқына жеткізу, туған жұртына қайта табыстыру жолына өзіндік үлес қосу – Базекеңнің қазіргі де басты мұраты болып келеді. 

Осыдан 21 жыл бұрын Базарбай Ата­баев­­тың Мұстафа Шоқайдың өмірден қайт­­қанына 53 жыл толуы қарсаңында «Ақ­мешіт­ке Мұс­тафаның ескерткіші қойы­ла ма?» деген сауал-мақаласындағы асыл арман биыл­­ғы жылы жүзеге асты. Сыр бойы­ның бас қа­ла­сы Қызылордада бар саналы ғұмы­­рын қазақ халқының ғана емес, бүкіл түр­кі тектес халық­тар­дың мүд­десі үшін кү­рес­пен өт­кіз­ген Мұс­та­фа Шоқай­ға зәу­лім е­скерт­кіш ор­на­тыл­ды. Мұның тәуелсіз­дік­­тің қа­­сиетті шара­паты екеніне дау жоқ. Ен­ді бей­­нелеп айт­­қанда, Сыр сахнасына ор­на­­тыл­­ған Мұс­­тафа Шоқай бейнесі ежелгі Сыр бо­йы хал­қын бар дауыспен үндеп, Тәуел­­сіз­­дік­ті тұғыр­лы етуге шақырып тұрған сияқты. 

Міне, сонау азаттықтың алғашқы жыл­дарынан Мұстафа Шоқай атындағы қоғамдық қорды басқарып, ерен еңбек сіңірген, жарты ғасырдан астам халықтың денсаулық сала­сын­дағы 25 жылын басшылық қызметтерде жемісті еңбек еткен Базарбай Асанбайұлы Атабаев енді медицина саласының құрметті ардагері, КСРО және Қазақстан Республикасы денсау­лық сақтау ісінің үздігі, «Халықтар достығы» орденінің иегері, Шиелі ауданының құрметті азаматы. «Мұстафа Шоқай» қорына сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылым­дар академиясының «Құрметті академигі» атағын да алды. 

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы,
профессор