14 Қараша, 2017

Сабақтастық құбылысы

901 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ елінің ұлы мұраты жолын­дағы ұлттық-рухани құндылықтарды айқындап, көсемдікпен жіктеп көрсет­кен замана қайраткері Елбасының «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты стратегиялық байыпта­масында: «Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-сал­танат емес, керісінше, ұс­там­ды­­лық, қанағатшылдық пен қа­ра­пайым­дылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану – көргенділікті көр­сетеді» деп айтылған.

Сабақтастық құбылысы

Иә, орынсыз, жөнсіз, даңғаза дағ­ды-әдеттер, пасық пысықайлардың шай­танның дұғасындай мағынасыз балдыр сөздері салтанатты асқақ ауди­ториялардың да, жиын-тойлардың да,­ жиналғандардың да берекесін кеті­ретіні анық. Жалған намысқа тырысу, өткінші қызыққа берілу хақында дана халқымыздың: «Өсер елдің ба­ла­сы қо­зысын бағып қой қылар, Өс­­пейтін елдің баласы қойын сойып­ той қылар» деген нақылы бар-ау! Ұлы жұр­тымыздың ұлық, озық мәдени-та­рихи дәстүрлері, асыл өсиет-ғиб­раттары, қарекеттері, адам­гершілік қа­сиеттері – Мәңгілік Елдің төрі­не шы­ғаратын, руханият кеңістігінде ша­рықтататын қамал-қорғанымыз, қор­ғап-қолдаушымыз. Мұның аты – ұлт пен ұрпақ қамын діттейтін кісілік ірілікке, тұлғалық бітім мен мінезге жерден пішіп алғандай «толық кәмәлатқа» ие үлкендік. Толық тұлғаға үлгілік, ізгілік, сыпайылық таныту, біліктілік, көшелілік көрсету, жарқын бастамаға, жақсы іс­ке жанқиярлықпен қол ұшын, ақыл-кеңесін беру, өмір, тағдыр жолында алтын балық іле-тұғын қармақ ұстату, байсалды, әділетті сөйлеу, мінсіз шешім шығару, сонымен қатар кішілерге үл­кен­ді тыңдау, тағылым-тәжірибесін, сөзін, ар-ожданын ой-санаға ұялату әрі құр­меттеп сыйлау – байырғы қымбат жау­һарымыз еді.

Ұлттық сананың айрықша таза, көр­кем қасиеттерге, сәулет-сымбатқа ие болуы өте маңызды. Мысалы, Алаш зия­­лыларының мемлекет, ұлт, халық, тарих,­ мәдениет, тіл, дін, жер үшін сіңірген ұшан-теңіз жақсылықтары жұрттың мұрат-­тілегінен әрі адамгершілік пен­ әдеп-мәдениетінен туындағаны кә­міл. Бұрынғы аналарымыз үйелмелі-сүйел­мелі балаларына: «Бір үйлі жансың, бір-­біріңе қонақсың» деп отырады екен. Тату­лық-ынтымаққа баулу дегеніміз осы. «Тәрбиеліліктен асқан мұра жоқ, ке­ңес­тен асқан қорған жоқ, даналықтан асқан байлық жоқ» деп Имам Әли айтқан. БҰҰ Бас Ассамблеясында Элеонора Рузвельттің (1884-1962) «Адамгершілік қарым-қатынас ғылымын жасауға мін­деттіміз» деп нығырлап айтқаны бар. Тірі­де сыйлайтындай, өлгенде жылайтындай өз ортаңмен әдемі, жарастықты қарым-қа­тынас жасай білу – өнердің падишасы, ізгі­ліктің қағидасы.

Иә, тарих сахнасында Ескендір Зұл­қарнайынның айдай әлемге даңқын жай­ған өзінің қарамағындағылар ғой. Ал бұл күнде бағыныштылар жалыныштылар есебінде. Жыланша арбайтын сумаңдаған құбақан жылымқұрттар, «кеселді қулар», құбыжық көріністер қоғамның ішкі өзе­гін жегідей жеп барады. Бұл ретте халықтың ақыл-аузындай, арқан-қазы­ғындай үлкендердің мойнында ұлы қыз­мет бар. «Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақ­таншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, бай­лаусыз, пайдасыз, сұраншақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мі­нез – ақылдылардың, алғырлардың, ар­тықтардың мінезі», деп Абай жасы, жа­ны, жолы, ақылы өзгеше алуан қырлы ел серкелерінің нағыз болмысын нақты си­паттайды.

Елді аузына қаратқан кейбір құзғын­дардың айлалы әрекеттер жасап, бойын­да дүниеқоңыздық, жағымпаздық, шен­құмарлық өршіп, мысықтабандап жыл­жып дегенін істетеді, айтқанына көн­діреді, арыстанның аузындағыны қағып түсіреді. Абай айтады: «Кәпір көздің дүниеде араны үлкен, Алған сайын дүниеге тоя ма екен...» немесе «Қар­таң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең, Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең. Тіп­ті оңбассың өзіңе-өзің мәз боп, Дас­тархан мен қатынды мақтан көрсең». Мұ­ны қазіргі жаһандану жағдайындағы қо­ғамның суреті ғой дерсің!

Заман, уақыт, парасат биігінен сөй­лей­тін, ұлттық игіліктерді бой­тұмардай кие санайтын дана жұрты­мыздың: «Көп отырсаң көл азады, Көп са­былса жер азады, Көп жасаса, ер азады, Ер азған соң, ел азады» дегенінде шындықтың сәулесі бар-ау!

Ұстаздық, хакімдік, ойшылдық-оқы­мыстылық жолда, ел басқару өнерінде, билер институты тарихында, ата тарихымызда, ата дәстүрімізде, оқу мен тыңдау, ойлау, жазу мен сөйлеу өнерінде, ғы­лым, мәдениет, білім беру жүйесінде, ата мен немере, әке мен бала арасында, аға буын мен жас буын ортасында, өнер атау­ларының баршасында сабақтастық, өзара байланыстылық бол­майынша ру­хани өркендеу, жеті­лу, жаңару болмайды, ұлттық сана, мәдениет көркейіп же­тіл­мейді. Негізінде, сабақтастық құ­­былысы – ұлттық өркендеудің күретамыры!

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері