Театр • 21 Қараша, 2017

Астанада Жорж Бизенің «Кармен» операсының премьерасы аншлагпен өтті

486 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрында аса көрнекті француз композиторы Жорж Бизенің «Кармен» операсының премьерасы аншлагпен өтті. Зәулім сарайдың салтанатты залында ине шаншар орын болмады.

Астанада Жорж Бизенің «Кармен» операсының премьерасы аншлагпен өтті

Спектакль басталмас бұрын осынау қойылымға тікелей қатысы бар мамандар арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, журналистермен әңгіме-дүкен құрды.

«Астана Опера» театры бас дирек­торы­ның бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиев әйгілі Бизе шығармашылығының шыңы саналатын бұл музыкалық туындының тұ­сауы кесілуі еліміздің мәдени-рухани өмі­­рін­дегі ерекше оқиғалардың бірі екен­і­не айрықша назар аударды. Өйткені «Кармен» тұңғыш рет 1875 жылы 3 наурызда Париждегі «Опера Комик» театрында қойылыпты. Бірақ бірден сәтсіздікке ұшыраған. Бекзат көрермендер көп тірлігі күмәнді, көше кезген сыған қызының бас кейіпкерге айналғанын қабылдай алмаған көрінеді. Тәрбиелік мәні жоқ дүмбілез дүние ретінде репертуарға кіргізбеуді талап еткен. Мұндай қорлыққа шыдамаған автор ауруға шалдығып, үш айдан кейін өмірімен қоштасады. Осы тұста орыстың ұлы композиторы Петр Ильич Чайковский көрегендік танытып, түбінде «Карменнің» алдына түсетін опера болмайтынын айтыпты. Айтқаны айдай келді. Бүгінде кез келген ордалы өнер ордасы оны сахналауды өзіне үлкен абырой санайды.

Осылайша ой толғаған Төкең «Карменді» көпшілік кәдесіне жаратқан шығар­машы­лық топпен таныстырды. Айтып отыр­са, олардың атақтарынан ат үріккендей. Қою­шы-дири­жер – өрелі өнеріне Еуропаны елік­тіріп жүрген өзіміздің өрен жүйрігіміз Алан Бөрібаев, режиссер – бұған дейін «Астана Операда» Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляйын» көрерменге ұсынып, көп-көрім бедел жинаған белгілі италиялық өнерпаз Лоренцо Амато. Сценограф – дүние жүзінің небір дүлдүл театр­лары­ның сахнасын айшықты декорация­ларымен әрлендірген саңлақ суретші Эцио Фрид­жерио (Италия). Костюмдер бойынша сурет­­ші – шығармашылық жолын атақты Ла Скалада бастаған теңдессіз шебер, Амери­ка киноакадемиясы тағайындайтын «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарча­пино. Басты партияларды орындайтын әртістер де шетінен «сен тұр, мен айтайын» екен. Кармен рөлінде Дина Хамзина мен Татьяна Вицинская кезектесіп ойнайды. Дон Хозені бейнелеуге белгілі румыниялық тенор, талай театрдың дәмін татқан тарланбоз Мариус Влад шақырылыпты. Ақпарат құралдары өкілдерінің алдында көсіліп сөйлеген көр­некті әнші өзі сомдайтын Хозенің кезін­де Проспер Мериме жазған «Кармен» новел­ласын­дағы түпнұсқа кейіпкерге көбі­рек келің­кі­рейтінін кесе-көлденең тартты. Оның ойынша операдағы Хозенің мінезі «жұмсақтау» көрінеді.

Ал тореодор жігіт Эскамильоның рөлін­де қазақтың жарық жұлдызы, жақында үлкен іріктеуден өтіп, Рим опера театрына келісімшартпен қабылданғалы жатқан Сүндет Байғожин, талантты солист Талғат Мұсабаев, Арменияның халық әртісі Барсен Туманян ойнайды. Нәзік жанды шаруа әйелі Микаэланың партиясын Майра Мұхамедқызы, Салтанат Ахметова, Әлфия Кәрімова секілді нағыз майталмандар нақы­шына келтіре шырқайды.

Дәулескер дирижеріміз Алан Бөрібаев­тың айтуынша, өнбойы өнер жауһар­лар­ы­ның жиынтығынан тұратын «Кармен» опе­расы астаналықтардың атақ-даң­қын алыстарға жаятын секілді. Мұн­дай кесек туын­дыны тапжылмай оты­рып тамаша­лау­дың өзі бір ғанибет. Сахна­дағы керемет көріністерге үздіге көз тіккен көрер­мен үш сағат­тың қалай тез өте шық­қанын білмей қалады.

...Шынымен солай екен. Шымылдық ашылғаннан шырайлы көріністерге арбалып, тамаша музыкаға құлақ құрышын қандырған қалың көпшілік ойын біткен соң да әдемі әсерден арыла алмай, сыртқа қарай көтеріңкі көңілмен беттеп бара жатты.

Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»