Футбол • 22 Қараша, 2017

Станимир Стойлов: «Вильярреалдың» деңгейі «Астанадан» жоғары

187 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана» командасының бас бапкері Станимир Стойлов Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында Испанияның «Вильярреалына» қарсы ойын жайлы ой бөлісті.

Станимир Стойлов: «Вильярреалдың» деңгейі «Астанадан» жоғары

– Бұл тартысқа толы, қиын ойын екені белгілі. Қазір топта үш команданың плей-оффқа шығатын мүмкіндігі бар. Мен ылғи да испаниялықтарды фаворит ретінде санап келдім. «Вильярреал» Испанияның үздік бес командасының бірі. Бірнеше жыл бұрын испаниялықтар біздің осал тұстарымызды ашып көрсеткен болатын. Одан бері біз біраз тәжірибе жинадық. Ертең жанкүйерлеріміздің алдында барымызды  салатын боламыз. Қажет нәтижеге қол жеткізу үшін аянып қалмаймыз.

– «Ақжайыққа» қарсы ойыннан кейін сыйақы мәселесі туралы сөз қозғап едіңіз. Сол мәселе қазір шешімін тапты ма? Осыған байланысты ойыншылардың көңіл-күйі туралы ой білдірсеңіз.

– Жағдай әлі өзгерген жоқ. Ешкімнің қарызы төленбеді. «Самұрық-Қазынадан» әзірге келіп ешкім ешнәрсе түсіндірмеді. Шәкірттерімнің ойында не барын білмеймін. Бірақ бұл мәселеге қарамастан ойыншыларым ертең жоғары деңгейде ойнап шығады деп үміттенемін. Қазақстанда бір жылдан астам уақыт сыйақы алмаған жалғыз командамыз деп ойлаймын.

– Marca басылымының тілшісі «Вильярреал» «Астанадан» ұтылуы мүмкін деген ақпарат тарады. Ол тілші қандай аспектілерге сүйеніп айтты деп ойлайсыз?

– Шынымды айтсам, бізде айтарлықтай артықшылық жоқ. «Вильярреал» қай жағынан болсын бізден деңгейі жоғары. «Астана» ойыншылары еуропалық футболдың деңгейіне сай өнер көрсете алады. Бәлкім сол шығар! Сондай-ақ, ең басты артықшылығымыз – жанкүйерлеріміздің алдында өнер көрсетеміз.

– Қазақстанда айтарлықтай нәтиже көрсетпесе де жалақысын да, сыйақысын да уақытында алып отырған командалар бар. Елімізді Еуропаға танытып жүрген команданың мұндай жағдайға тап болғаны өкінішті. Клуб басшылығы биыл ғана сыйақы төлемей отыр ма?

– Шынымды айтсам, сыйақы мәселесі маған да ұнамай отыр. Мұндай маңызды ойын алдында біз қаржы туралы сөз қозғап отырмыз. Кез келген бапкер мұндай жағдайды қаламас еді. Бұл мәселе тезірек шешімін табуы тиіс. Біз алдағы ойынға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Ертеңгі ойынның нәтижесіне бұл мәселе кедергі келтірмейді деп үміттенемін.

– «Астананың» ойнамағанына 20 күндей уақыт болды. Ал испаниялықтар керісінше әр үш-төрт күн сайын алаңға шығып жүр. Бұл қиындық тудырмай ма?

– 20 күн шынымен ұзақ уақыт. Осы уақыт аралығында команда өз ритмінен жаңылып қалуы мүмкін. Бұл үшін мен де алаңдап отырмын. Егер жиі алаңға шығып тұрса, деңгейін де ұстап отырар еді. «Вильярреалдың» бұл тұрғыда жағдайы жақсырақ. Футболшылары ұлттық құраманың да ойындарына қатысты. Бірақ ертең командам өз мінезін көрсетіп, тиісті деңгейде ойнайды деп үміттенемін. Біз мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отырған жоқпыз.

Айта кетейік, «Астана» мен «Вильярреал» арасындағы кездесу ертең, яғни 23 қазан күні «Астана-Арена» стадионында 22:00-де басталады.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»