Әлем • 28 Қараша, 2017

Женева қаласында Қазақстанның консулдығы ашылды

322 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Женева қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі.

Женева қаласында Қазақстанның консулдығы ашылды

Женева қаласында Қазақстан Республикасы мен Швейцария Конфедерация арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай Қазақстанның Елшілігі Құрметті консулдығының ресми ашылуын өткізді. Аталған іс-шараларға ресми және іскер топтарының өкілдері қатысты.

Шара барысында Қазақстан Республикасының Швейцариядағы Елшісі Жанар Айтжанова, Швейцария Сыртқы істер департаментінің Протокол басшысы, Елші Мауро Рейна және Қазақстанның Женевадағы Құрметті консулы Жан-Поль Периа сөз сөйледі.

Ж. Айтжанова Швейцариямен ағымдағы және даму ынтымақтастығының келешегі, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Халықаралық «жасыл технологиялар» орталығы шеңберінде ынтымақтастық туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі.

М. Рейна екіжақты қарым-қатынастың деңгейін жоғары бағалап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Жан-Поль Периа жаңа Құрметті консулдықтың ашылуы екі ел арасында ресми, іскер, ғылыми және мәдени қарым-қатынастардың артуына себеп болатынына айтты. Аталған консулдық Швейцарияның инвестициялары мен технологияларды қазақстандық нарыққа тартуға жәрдем көрсетуге арналғанын атап өту қажет.

Ресми кездесуден кейін Қазақстанда жалпы бизнес жүргізу, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық, әсіресе Қазақстан мен Швейцария аймақтары арасында ынтымақтастықты нығайту бойынша ашық пікіралмасу өтті.

Швейцария Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің бірі болып табылады. 2005 жылдан бері швейцариялық инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 19 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстандық нарықта «ABB», «Philip Morris», «Glencore», «Nestlé», «Roche», «Novartis», «Syngenta», «Bühler» және тағы басқа швейцариялық компаниялар кеңінен ұсынылған.