Әдебиет • 29 Қараша, 2017

Қайсар мінезді қаламгер Нұрмахан Оразбеков

885 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Жалпы Нұрмахан көзі тірісінде де құрмет-сыйдан сырт қалмаған азамат. Онда да бір лауазымды қызмет тұтқа­с­ын ұстап, содан басқаларға шапа­ғат үлестір­гендіктен де емес, кәдімгі қара­пайым азаматтық мінезімен қадірін асырған. Көзінің тірісінде-ақ ол жайында аңыздар айтылды. Бірінен бірі естіп, сонан соң өз тарапынан қосып дегендей, азын-аулақ өзгертіп айтатындар да бар еді. Сөйтіп бір оқиғаның түрленетін де кезі болған. Бірақ сонда сол әңгіме-аңыздың негізінде алтын тін – шындық жататын.

Қайсар мінезді қаламгер Нұрмахан Оразбеков

Фото: azattyq.org

Сол аңыз-әңгімелердегі жағдайдың біразына, замандас болған соң, өзіміз де куә болғанбыз, кейбірін өз аузынан есітіп, анық-қанығына көзіміз жеткен. Оған онша мән бермей, кейде ондай әңгімеден қашқалақтайтыны да болушы еді. «Жұрттың қолынан келмейтін нәрсе емес қой, мен болмасам, басқалар сөйтер еді» дейтін. Бірақ басқалар сөйткен жоқ. Ол Нұрмаханның қолынан ғана келді.

Жұртқа белгілі бір мысалды алайық­шы. Ол «Орталық Қазақстан» газетінде редактор болып тұрған кезде Компартиядай құдыреттің ұраны «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» дегенді жаңа­жылдық нөмірде қазақтың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мәтелімен алмастырды. 3 қаңтар күні Нұрмаханға облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы хабарласып, «Мұ­ныңыз қалай?» дейді ғой. Нұрекең оған диалектика жөнінде лекция оқып, заман өзгерген, ұранның өзгеруі де тиіс­ті­гін айтады. Бұл жайында ол өзінің «Өткенге өкпе жүрмейді» кітабында жазды.

Осыны басқалар жасай алар ма еді? Әй, жасай алмас. Біреудің батылдығы жетпейді, біреудің өресі жетпейді. Өресі дегенде, обком хатшысы «мұның қалай?» дегенде, ол Нұрмахандай өз бастығына лекция оқи алмайды. Көпшілігі басымды қатерге тігіп қайтемін дейтіні анық. Және бұл шындықтан алыс та емес. Бас кететін шаруа. Қағады да тастайды. Жұмыстан қуады. Ең алдымен бұған Нұрмаханның батылдығымен қатар, қағып тастауға келмейтін Нұрмаханның басы керек. Сол редактор болып тұрған кезінде ол обкомның бюросында хатшылармен де, басқалармен де тең дәрежеде сөз талас­тырып, өз пікірін тыңдатар еді. Бірде сол бюрода МҚК-нің бастығы Давыдов деген «Индустриальная Караганда» газетінің редакторы Эдуард Широкобородовқа жекіре сөйлегенде, ешкімнен рұқсат сұрамай Нұрекең орнынан тұрып: «Сіз өзіңіз кімсіз осы? Бұл болса жүз мыңнан астам данамен тарайтын облыстық газеттің редакторы. Оған айғайлайтын, жәбірлейтін қандай қақыңыз бар? Әлде КГБ-ға сондай құқық беріліп пе?» деп, өз әріптесіне ара түскенде, сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Локотунин де, әлгі Давыдов деген де үндей алмаған.

Осылайша обкоммен шайқаса алатын Оразбековтей редакторлар ғана сондай әрекеттерге бара алар еді. Ондайлар сонда болмаған ғой бірақ.

Сірә, мұндай мінез адамға туа бітетін шығар. Туа біткенде, ата-ананың қанымен келді деуге де болмас. Анасы қарапайым ғана қазақ әйелі. Ол ес білгелі төсектен тұрмай ауырған, сәбиін еміреніп еркелете алмаған күйінде өмірден өтті. Ал әкесі Оразбек ауылдың жекеменшік малын бағудан көп аса қойған жоқ. Тек ашықса да біреуге қолын жаймай, адал өмір сүрген адамдар. Соны да өнеге ет­кен шығар. Сөйтсе де Нұрмаханды өмір дейтін қатал ұстаз тәрбиелеген-ау дей­сің. Жоқшылықтың ащы дәмін татты. Киімі жоқтығынан сабаққа да бара алмаған ке­зі болған. Тіпті бірде үйден шығып, әп­кесінің үйіне бара жатқанда, қар жауып кетіп, жалаңаяқ үйіне қайта алмай қал­­ғаны бар. Сонда қар жауғанша қара суықта жалаңаяқ жүрген ғой!

Сол мектепте жүргенде-ақ жоқшы­лықты ғана емес, адамдардың қатыгездігін де, әділетсіздікті де көрген. Жап-жас бала соған қасқайып қарсы тұрды. Сонысын ұнатпаған мектеп директоры Бахтияров деген соңына түсті. Класқа кіргізбей, сабақтан қуды. Оқушы Нұрмаш сонда мұны Оқу министрі Сембаевқа жазып, қайтадан сабағына кірген. Мектеп бітірерде барлық сабақтан «бес» алған балаға сол директор өз сабағынан «төрт» қойғанда, емтиханға қатысқан партияның ауком хатшысы Балдақ Бершинова «беске» зорлап түзеттірген. Сол директоры аттестатыңды бермеймін дегенде, жас жігіт: «Кешкі мектепте экстерн емтихан тапсырып-ақ аламын», деп оған жалынбаған.

Сол мінезі оған серік болды. Жүрген жерінде оның ізін қалдырды. Мектептен соң арман қуып, «тыңға» аттанды. Соколов-Сарыбайдай ұлы құрылысқа барды. Ел таныды, жер таныды. Орысы жоқ ауылдан шыққан бала солардың тілінде пікір таластыратын, ой жарыстыратын дәрежеге жетті.

Мектептен кейін екі жылда біраз ел көріп, жер көріп, университетке түсті. Онда кім оқымай жатыр, қызыл дип­ломмен бітіргендер де баршылық, бірақ қайсысының онда ізі қалып еді. Ал Нұр­маханның ізі қалған. Ізі қалғанда, соның бірін үлкен жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауин «Шытырман» роман-эссесінде былай жазды: «Мектептен соң өндірісте екі жыл темірші болып, «орыс пролетариатының» ортасынан шығып келген, өзі өңді, өзі қайратты бір жігітіміз – Нұрмахан Оразбеков орыс бөлімімен ортақ дәріс үстінде: «Сенің түрің сүрленген ет сияқты» деп кемсіткен «асыл нәсілді» бір курстасын үзілісте сабап алды; жеке төбелес жаппай төбелеске ұласа жаздап, ...ақыры факультет басшылары әдеткі кикілжіңге сүйеп, сылап, сипап, әзер бас­ты». Жазушы айтқан бұл жай жастық қызбалықтың төбелесі емес еді, ұлттық намыс үшін, бір халықтың өктемдігіне қар­сы­лық білдіру төбелесі еді ғой. Сол сту­дент Нұрмахан кешегі 1986 жыл­ғы Желтоқ­сан оқиғасына кезіккенде, жастар­дың алдында жол бастап жүрері анық еді-ау дейсің.

Нұрмаханның екінші бір университетте із қалдырған әрекетіне жазушы, тағы бір­ Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ораз­бек Сәрсенбай куәлік етеді. «...Әлі есім­де, осы жолғы комсомол конферен­ция­сы да әдеттегіден гөрі қызулау бас­тал­ды.

Әңгіменің бұлай басталуына мұрындық болған филология факультетінің бірінші курс студенті, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының бұрынғы жұмыскері Нұрмахан Оразбеков еді. Сонда біздің курстасымыз не айтты дейсіз ғой?

«Бүгінгі өтіп жатқан комсомол конфе­рен­циясының жұмысы неге бірың­ғай орыс тілінде жүргізіледі?.. Неге бізде демо­кратиялық централизм принциптері сақталмайды?. Біз халықтар достығын әр жерде-ақ уағыздаймыз. Бірақ жастар арасында ұлы державалық шовинизм көріністерін жиі байқайтын болдық. Тіпті осы университетте оқып жүрген орыс студенттері тарапынан «черномазый», «чупик», «копченый» секілді намысқа тиетін мазақ сөздерді естігенде, кейбір есерсоқтардың сыбағасын беруге тура келеді...».

Нұрмаханның осы сарындас сөзін естігенде, үлкен залдың іші гуілдеп кеткені есімізде. Көпшілігі, әсіресе, қазақ жастары жағы қол шапалақтап, қошемет білдіре бастады.

...Осы оқиғадан кейін студенттер арасында Нұрмаханның абыройы аспандап кетті».

Мұндай әрекет тек Нұрмаханның ғана қолынан келді. Басқалары сонда бұлай жасай алған жоқ.

Нұрмаханның университетте қалдыр­ған тағы бір ізі – оның дипломдық жұмысы. «Правда» газеті және Қазақстан» деген тақырыпта жазған дипломдық жұ­мысы үлкен шу тудырды. Оның сон­дағы пікірлерін тіпті өз ұстаздары «ұлт­­шылдық» деп бағалап, дипломын қор­ға­тпау керек деп өре тұрды. Орыс им­п­е­­­риясының, тіпті Кеңес өкіметінің жер­­­гілікті халыққа кемсітушілік көрсету сая­­сатын қазір жұрттың бәрі айыптайды. Тек қана сонда басқалар айта алмаған сөзді студент Оразбеков айтқан еді. Сірә, бағы шығар, сонда мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Қасым Шәріпов болып, диплом жұмысын жоғары бағалап, кінәмшілдердің талауына жібермей, қорғатып шыққан. Сол диплом жұмысы кейін арада отыз жыл өткенде «Жұлдыз» журналында жарияланды.

Жүрген жерінде оның ізі қалды дегенде, айтатын мысал да, әңгіме де көп. Университеттен кейін алдымен төмен­нен бастайын деп, аудандық газетке бар­ған. Біраз жұмыс істеген соң, мұны да көріп болдым, енді Алматыға қайтайын деп өтініш айтқанда, жұмысты жақсы істегенін алға тосып, оны жібермей, бі­раз әурелегені бар. «Лениншіл жасқа» Шер­хан Мұртаза қабылдады. Араға бір жыл салып, бөлімге бастық етті. Бәл­кім, сонда бұрын келгендер неге бізге жол бермейді деп ренжіген де шығар. Мұн­дайда Шерағаңның мұрты жыбырлап: «Алдымен Нұрмахандай жұмыс істеп алыңдар, ол менің туысым емес», дейтіні бар. Осы жерден оны комсомолдың Орталық Комитеті қалап алып кеткен. Соншалықты көңілі соқпаса да, бармаймын дейтін заман емес, барды. Онда да өз орнын тапты. Ең алдымен, комсомолдың басшысы, қазақтың қайсар азаматы Өзбекәлі Жәнібековпен тіл табысты. Сірә, мінездері де сәйкес келгендіктен шығар. Кейде сол табысудың да кедергі болатыны бар екен. Сонда редактор Ұзақ Бағаев «Социалистік Қазақстанға» бөлім меңгерушілігіне шақырғанда, жақсы көретін Өзбекәлі ағасы жібермей қойды. Кейінірек жөні келіп, комсомолдан «босап» шыққанда, газеттегі баяғы қызмет болмай, жай тілшілікті қанағат еткен.

Сол қызметте жүріп те мұнда ол өз ізін қалдырған. Редактордың қол­дауын көрген Нұрмахан белсенділік танытып, жаңа тақырыптар ұсынып, өзі де көрінді, газеттің белгілі дәрежеде келбетін өзгертуге үлесін қосты. Сыртқы саясат мәселесі, шетел өмірі жайында танымдық материалдар жазып, жалпы қазақ баспасөзіне жаңа леп әкелді. Сол тек Мәскеудің ғана пікірі алға тосылатын заманда бұл жаңалық болып көрінген. Басқалары бара қоймайтын тақырыпқа Нұрмахан барды.

Мұнда да тік мінезіне басып, басқа­лар бүгіп қалатын ойларды ортаға салған. Партияның қаулы-қарарларына көп жүгіну артық болмайтын заманда Нұрмахан: «Неге біз сол қаулы-қарар­ларға әр мақала сайын жүгіне бере­міз, біреуінде айтсақ жетпей ме?» деген ұсы­нысы редакциядағы коммунист аға­ларына ұнамаған. Тіпті оны «саяси сауат­сыз» деп жазғырғандар да табылды. Сонда ағаларымен айтысып жатуды ар­тық көрген ол өзін қайта-қайта шақы­рып жүрген Партия тарихы институтына кете барған.

Әсіресе саяси сауаты жоғары, аудар­маны айтарлықтай меңгерген ол орнын тапты-ау, бірақ бұл қабілет ерекше қажет бір жер бар еді, ол – ҚазТАГ. Сол кезде министрлік деңгейіндегі мекеме. Елдегі ақпарат орталығы, әсіресе қазақ баспасөзін КСРО-дай алып елдің саяси өмірінен хабардар ететін мекеме. Одан келген хабар күттірмейді, жарияланады. Және өзгертілмейді, түзетілмейді. Сол кезде, не жасыратыны бар, оның тілі қасаңдау, тіпті мүкістеу еді. Сол ҚазТАГ-қа басшылық жасаған азаматтар соны жөндемек оймен білгір журналистерді өздеріне шақыратын. Жалақылары да, гонорарлары да жоғарылау еді. Олар Нұрмаханды да шақырды. Басшылық жұмысқа.

Нұрмахан Оразбек онда табаны күрек­тей он бес жылдай еңбек етті. Қазақ­тың қайраткер азаматтары, қаламгер­лері Қа­сым Шәріпов, Жұмағали Смағұлов, Кә­кім­жан Қазыбаев сияқты абзалдармен бірге қоян-қолтық жұмыс істеді. Бұл мекеменің ерекшелігін ескерсек, ондағы қыруар жұмыс күн сайын жауапты редактор, кейін директордың шығармашылық жөніндегі орынбасары Нұрмаханның қолынан өтетін. Бұл жерде қандай ізі қалды дегенде, қолының табы қалды деген дәлірек шығар. Сол тұстағы саяси өмірдің шежіресі оның қолынан өтетін. Өңделетін, ширатылатын.

ҚазТАГ-та әбден қалыптасып, онымен біте қайнасып кеткен Нұрмаханның бұл жерден кетуі де қызық. Сол 1988 жылы Сарыағашта демалып жатқанына екі-ақ күн болғанда, Үлкен үйден телефон шалынды. Қарағандыға облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне редактор болып баратыны айтылды. Дереу сонда жет дейді. Ол кезде Үлкен үйдің айтқаны – заң. Бірақ Нұрмахан көнбеді. Демалысымды бітіріп барамын деді. Солай да етті. Ал Қарағандыға мұнша жедел жетудің не сыры бар еді? Мұны газеттің қазіргі редакторы Мағауия Сембай былай түсіндіреді: «Нұрекең редактор болып келгенде редакциядағы ахуал асқынып, қызметкерлер екіұдай болып айтысып, бірқатары обком бюросына түсіп, қызметтен қуылған өте ауыр шақ еді. Міне, осы бір қиын кезеңде Нұрекең ешкімге бұрмайтын турашыл мінезімен, қайсар табандылығымен ұжымды бір мақсатқа – мазмұны бай, өткір газет шығаруға тастүйін жұмылдыра алды. Небәрі үш жыл редактор болып тұрғанда, Қарағандыдай орысы ормандай облыста қазақ рухын, қазақ тілін, қазақ газетін асқақтатып, абыройымызды асырды. Әдетте орыс тілді газеттің көлеңкесінде жүретін «Орталық» осы тұста алғы шепке атойлап шықты».

Нұрмаханның азаматтық іздеріне мұндай мысал көп. Бәрін айтып тауысу да қиын. Бірақ біреуінен аттап та кете алмайсың. Оны да өзіміз айтпай, қазақ баспасөзінің қарт қайраткері, жазушы Сапабек Әсіпұлына сөз берейік.

«Қаламдас інімнің ірі қимылына риза болып, мақтаныш сезіміне бөленген мен сол жылдың 19 қазанында өткен Қазақстан журналистерінің съезінде сөйлеген сөзімде былай деппін:

«Құдайға шүкір, бізде ақылды да білімді, таяқтан тайсалмай, семсерден сескенбей шындықты айта білетін батыл қаламгерлер баршылық. Солардың бірі ғана емес, бірегейі, Қарағанды облыстық газетінің редакторы Нұрмахан Оразбековтің азаматтық ерлігі кешегі ГКЧП бүлігі кезінде айқын көрінді. Ол газетке арнайы мақала жазып, бүлікшілерге бағынбауға, олармен ашық айқасқа шақырды. Осы жолда қандай жазаны да қабылдауға әзір екенін мәлімдеді.

Азаттық үшін, демократия үшін жа­сал­ған ерлік деп осындайды айтсақ керек.

Айналайын, Нұрмахан, сол ерлігің үшін мен сенің алдыңда ақ шашты басымды иемін. Денің сау, өмірің ұзақ, отбасың аман болуын тілеймін!

Жаратушы Алла Нұрмахандай қайрат­ты да жалынды қаламгерлер қатарын көбейте бергей!»

Сонда съезд делегаттары мен шақы­рыл­ған қонақтары Ұлттық Ғылым акаде­миясының үлкен мәжіліс залын жаңғы­рықтыра ду қол шапалақтап, маған ілесе Нұрмахан Оразбектің алдында бастарын игені, қаһарман қаламгерге лайықты құрмет көрсеткені күні бүгінге дейін көз алдымда».

Осыны оқи отырып, журналистер қауымы ішінде Нұрмахандай ерлік жасаған, соған орай құрмет көргендер сирек шығар дейсің. Бәлкім, жоқ та болар.

Бұдан кейін Нұрмахан Баспасөз министрлігінің басқарма бастығы болды, ағылшын тілінде шыққан халықаралық «Қазақстан» газетіне бас редакторлыққа тағайындалды. «Қазақстан» баспасының директоры, сонымен бір мезгілде «Ақиқат» журналының бас редакторы қызметін атқарды. Кезінде республикамыздағы ең үлкен баспа болған «Қазақстан» баспасын сақтап қалу үшін бүгінгі нарық заманында жанын салып жұмыс істеді. Бір ғана көмекшісімен екеуі үлкен ұжымның жұмысын атқарып, «Ғибратты ғұмыр», «Замандастан мирас» деген сериямен қаншама кітаптар шығарды. Елдің талай тұлғаларын халқына қайтарғандай іс тындырды. Оған 10 томдық саясаттану антологиясын, 10 томдық әлеуметтану антологиясын қосыңыз. «Соның өзіне төрт жылдан аса уақытым кетті», дейді Нұрекең. Жылына 5 кітап! Оған қоса, жыл сайын «Қазақ күнтізбесін» шығарып тұрды. Осының бәрін із емес деп кім айтар?!

Бұл жерде біз оның әр жылдарда жарық көрген оннан аса публицистикалық кітаптарына тоқталған жоқпыз. Әр жыл­­дарда олар журналистер қауымы ара­сында жаңа сөз, жаңа ой-толғамдай қабылданған. Тек биыл ғана өзі дайындап кеткен «Өтіп еді сол заман нақ осылай» дейтін кітабы жарық көрді. Ерекше кітап. Аты жойылып кеткен бір ауданның қиын-қыстау замандағы жылнамасы бүкіл елдің өмірін көз алдыңа жайып салғандай әсер қалдырады. Сол кітаппен қабаттас Нұрмаханның өзі туралы оның шәкірт-қарындасы Гүлсім Оразалықызы құрастырып, әзірлеген «Шындықпен шыңдалған адам» деп аталатын жақсы естелік кітап жарық көрді. Сондай қайсар азаматтың мынау «алмағайып күндерде адаспайық деп едік» деп шарқ ұрған өмірінен көп ғибратты мағлұматтар бар, жарқын істерінің іздері сайрап жатыр.

Қайраткер қаламгер Нұрмахан Оразбектің ешкімнен ықпай, қандай жағдайда да айтар сөзін іркіп қалмайтын қайсар мінезі туралы естіген жұрт оны қатқылдау, мінезі шадырлау көруі әбден мүмкін. Ал шын мәнінде ол өте жайдары, жұмсақ мінезді адам еді. Біз Нұрмаханмен жиі араластық. Отбасы қуанышы бар, басқа да жағдайлар бар, басымыз қосылғанда оның біреуге қатқыл сөз айтып, дауыс көтергенін көрген емеспіз. Жымиып қана отырып сөйлеп, жақын адамдарының көңілінен шығуға тырысатын. Тіпті біреулерге көпшік қоюға да мырза еді. Ал қайырымдылығы, жолдастықта мәрттігі тіпті бөлек. Оның батыл мінезі осынау көңіл жомарттығынан туындап жататындай көрінетін. Сол тазалық, әділдік үшін күресу керек болғанда, ол еш нәрседен тайынбайтын.

Сірә, бір адамның бойында қайсарлық пен нәзіктік ұштасар болса, ол сыртқа батырлық болып шығатын сияқты.

Мамадияр ЖАҚЫП,

Қазақстанның құрметті журналисі

Соңғы жаңалықтар