Қысқы спорт • 29 Қараша, 2017

Көп күттірген қола медаль

282 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Швеция. Эстерсунд қаласы. Биатлоншылар эстафетасы. Əлем кубогінің алғашқы кезеңі. Көп күттірген қола жүлде. Алғаш рет. Тарихи жетістік. Галина Вишневская мен Максим Браунға тиесілі. Галинаның осыған дейін топ жармаса да, үздіктермен тең дәрежеде өнер көрсетіп жүргенін білеміз. Ал бұл жолы Максим Браунның бір сәтте бағы жанып, тынысы ашылғанын байқадық. Әлемдік биатлонның алғашқы жүздігінде жүретін жігітіміз ендігі медаль еншілейтін күнге жетті.

Көп күттірген қола медаль

Біз, қазақ еліне биатлоннан Əлем кубогы кезеңінде алғашқы жүлдені сыйлаған Максим Браунның анасымен тілдестік. Павлодардағы орта мектептің бірінде мұғалім екен. Хореограф. Ақжарқын кісі. Ағынан жарылды. Ұлының жеңісінен кейінгі əсерімен бөлісті.

– Əлі сене алар емеспін. Кешеден бері телефонымызда тыным жоқ. Туған-туыстарымыз, достарымыз, көршілеріміз құттықтап жатыр. Қазақ елінің мерейі үстем болды. Максимді ғана емес, баршаңызды тарихи жеңісімізбен құттықтаймын, – деп бастады қуаныштан көзіне жас алған Браун Ольга Владимирқызы.

– Жарысты қайдан көрдіңіздер? Ұлдарыңыздың жүлде алатынына сендіңіздер ме?

– Үйде отбасымызбен отырып көрдік. Болашақ келініміз де бізбен бірге болды. Трансляцияны үйде инттернеттен тамашаладық. Ұлымның жылдар бойғы еңбегінің ақталғанына қуанамын. Жүлде алмаса да жерге қаратпайтынына сендім. Максим мəреге жеткенше əзер шыдадық. Абырой болғанда қолаға қол жеткізді. Алдағы уақытта талай тұғырдан көретінімізге сенімдіміз. Қандай жарысқа қатысса да әкесі екеуіміз тілеушісі болып отырамыз.

– Максим қанша жасынан биатлонмен шұғылданып келеді? Бұл спортты таңдауының сыры неде?

– Қатарластары секілді алғашында футболға қатысты. Бірақ атасы футболды құптай қоймады. Қысқы спортпен айналысқанын қалады. 4-сыныптан бастап биатлонға апардық. Басында ұнатпай жүрді. Дегенмен көп ұзамай үйреніп кетті. Оқуда да үлгерімі жақсы болды. Жаттығудан қалмайтын. Жастайынан жарыстарға көп барды. Талай додада топ жарды. Ел чемпионы атанды. Универсиадада жақсы өнер көрсетті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Енді міне бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізіп отыр. Қолдағандарға көп рахмет! Осындай биіктен көрінуі білікті мамандардың арқасы. Бапкерлеріне мың алғыс!

Осыдан кейін Максим Браунның алғашқы бапкері Николай Выдринге хабарластық. Шучинскте оқу-жаттығу жиынында жүрген бапкер шәкіртінің жетістігіне дән риза екен.

– Жарыстан соң Максим бірден хабарласты. Толқып жүр. Мықтылардан озғанына өзі де қуанышты. Екі дүркін Олимпиада чемпионы, 11 дүркін әлем чемпионы Мартен Фуркадты озып кеткеніне өзі де сене алар емес. Енді өзіңіз ойлап көріңіз. Оңай емес. Керемет жетістік. Жеңіс жолын жалғастырады деп сенемін.

– Максимнің алғаш жаттығуға келгені есіңізде ме?

– Əрине. 2005 жыл болатын. Бойы кішкентай, арық еді. Бірақ, өте еңбекқор-тын. Жаттығудан жалықпайтын. Қиындықтан қашпайтын. Өзгелерден ерекше болды деп айта алмаймын. Дегенмен табандылығының, төзімділігінің, өз еңбегінің арқасында осындай жетістікке жетті. Шəкіртім үшін қуаныштымын.

– Максимнің жетістігі елімізде биатлонның дамуына қаншалықты септігін тигізеді деп ойлайсыз?

– Мына бір жайтқа назар аударайық, қазір жұрт балаларын қысқы спортқа көп əкеледі. Қол астымда 70-ке жуық жасөспірім жаттығып жүр. Бұл көзқарастың өзгергені. Ал Максимнің жеңісінен кейін жұрттың қызығушылығы одан сайын арта түсетініне сенімдімін. Өткенге көз жүгіртіп көрейікші, осыдан 10 жыл бұрынғы жағдай мүлде басқа еді. Биатлонға қажетті спорттық құрал-жабдықтар жоқ болатын. Қазір жағдайымыз жақсарып келеді. Мемлекет тарапынан жұмыстар жасалды. Щучинскте спорттық база салынып жатыр. Іске қосылғанын асыға күтіп жүрміз. Дұрыс жолда екеніміз анық. Талай чемпиондарды тəрбиелейміз, бұйыртса!

Ата-анасы мен бапкерлерінің көз қуанышына айналған Максим Браунды қазақстандық мамандар болашағы зор спортшы деп топшылап отыр. Келер жылы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын аброймен қорғайтын спортшының бірі дейді. Ал алғашқы мақтауын естіп, ел назарына түскенін біліп жүрген Максим қазір, бұл жетістікпен шектеліп қалмай, келесі кезеңдерге күш салады. Айта кетейік, биатлоннан Әлем кубогының алғашқы кезеңі 3 жетоқсанға дейін жалғаспақ. Біз, әрине де Эстерсундтан елең еткізер тағы бір жағымды жаңалық күтетін боламыз.

Еркебұлан Жомарт,

«Егемен Қазақстан».