04 Желтоқсан, 2017

Ұлық іс ұлт таңдамайды

460 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда Би-Би-Си-дің орыс қыз­­меті Дағыстан және чешен халық­­тарының ұлттық батыры Қа­жы­мұраттың Санкт-Петер­бургтің музейлерінің бірінде сақ­таулы тұрған бас сүйегін Чешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың сұратып, жер қойнына беруге ниет еткені туралы жазды.

Ұлық іс ұлт таңдамайды

Бұл бізге Кенесары ханның оқи­ғасын жадымызда жаңғыртып, оның да бас сүйегі отарлаушылардың алып кетуімен музей қорларының бірінде сақталып, осы күнге дейін табылмай отырғанын еске салды. Сонымен бірге жауларының бас сүйегін жинау сияқты тағылық дәстүр Ресей империясында ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқанын көріп отырмыз. 1923 жылы большевиктердің қолынан қаза тапқан Кейкі батырдың бас сүйегінің былтыр ғана Мәскеуден елге жеткізілген тағдыры бұл сөзімізге дәлел. Мың мұсылманда мұндай дәстүр жоқ. Олар дұшпанына өлгенде де әділ болып, мәйітін бөлшектеп, паршаламайды.

Қажымұрат Ресей патшалығының жаулап алуына қарсы Кавказ халық­тарының азаттық (ғазауат) күресін 1859 жылға дейін, яғни 25 жыл бойы жүргізген имам Шәмілдің сенімді серіктерінің бірі, қолбасшы мүриді, наиб имам. 36 жасында жауларының қолынан опат болған. Ол да имам Шәміл секілді авар халқынан шыққан. Патшалықтың озбыр саясатын сынаған орыс халқының озық ойлы өкілдері Шәмілдің күресіне іш тартса, әскер басшыларының өзі тұтқынға алғанда оған құрметпен қараған. Оның оң қолы болған Қажымұратты орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой кейіпкер етіп, кітап жазғаны да белгілі... Кейбір деректерге қарағанда Қажымұраттың арғы тегі авар хандарынан тарайды. Туған жылы дәл анықталмаған, бірақ жоба бойынша 1816 жылғы деп топшыланады. Ал өлген жылы 1852 екендігі анық.

Қажымұрат Ресей патшалығымен ортақ тіл тапқан авар хандығының мұрагерлерімен жақын болып, имам Шәмілдің ғазауат соғысына да, оның мүридтік қозғалысына да көп уақыт қосылмаған. Алайда 1840 жылы Шә­мілмен құпия байланыста деген жаламен оны Ресей патшалығының әкім­шілігі тұтқындап, Темірхан шора­ға айдайды. Жолда Қажымұрат өзін айдап келе жатқан екі айдауыл­ды бірге тартып, құз жартастан секіріп кеткен. Жанындағылар өлген­де Қа­жы­мұрат тек аяғын ғана сындырыпты. Осы жылдан бастап ол Шә­мілге қосылып, өмірінің соңына дейін оның сенімді серіктерінің бірі болды. Оның батылдығы мен еп­тілігі, қайтпас қайсарлығы туралы артында ұмытылмас аңыздар қал­ған. Басқыншыларға қарсы жосын жо­рықтар жасап, ержүректіліктің ке­ре­­мет үлгілерін көрсетіп тұрған. Оның ерліктерін Дағыстан ғана емес, Чешенстан ерлері де өзіне үл­гі тұ­тады. Қасындағы шағын тобы­мен ол тұт­қиылдан шабуылдап, жау қосы­нын жиі-жиі сан соқтырып отыр­ған. Қолға түсірген олжаларын жарлы-жақыбайлар мен жетім-жесірлерге бөліп берген. Сондықтан да оған деген халық сүйіспеншілігі әлі де ұмы­тылмай келеді. Басқыншыларға қарсы атамекені үшін күрескен тау халқы ерлерінің арасында Қажымұраттың батырлығы осы күнге дейін өрлік пен ерліктің үлгісі ретінде аталады.

Көріп отырғанымыздай, Қажы­мұрат­тың барлық тарихы Кенесарымен ұқсас. Екеуі де ХІХ ғасырдағы патша басқыншыларына қарсы азаттық жо­лындағы күресте ел бастаған ерлер. Ке­йін­гі тағдырлары да ұқсас болып, екеуінің де бастарын саны көптігімен алғанына мәз болған басқыншылар музейге қойып, кейінгі ұрпағына «мақта­нышқа» көрсетуде...

Қажымұрат қазіргі Әзербайжанның Гах ауданында 1852 жылдың 5 мамырында қасындағы төрт серігімен бір­ге 300 казакпен шайқасқан тең емес со­ғыста шейіт болған. Соның өзінде ба­тыр 17 жауын жер жастандырып, қор­шаған жерден қашып шыққанда нөсердей жауған оқтың астында қалып, қаза табады.

Қажымұраттың денесі осы жердегі Онджалы деген ауылдың қасына жерленген, ал басын кесіп әкеткен жаулары Санкт-Петербургтің Әскери-медициналық академиясына тапсырады. Оның зираты әлі күнге мұсылман таулықтардың зиярат ететін мекені. 2015 жылы Мәскеудің Ұлттар үйінде туғанына 200 жыл толуына байланысты оны еске алу шарасы өткізілген.

1959 жылы бас сүйектерді тізімде­ген комиссия оның басын тауып, Ан­тро­пология және этнография (бұ­­рын­ғы Кунсткамера) музейіне өткізе­ді. Қазір бұл музей федералдық өкімет­тің қарауында. 2015 жылдан бері бас сүйектердің тағдырымен Мәдениет минис­трлігінің комиссиясы айналысады екен. Міне, батыр туған оғландардың бас сүйектері осындай тағдырға ұшыраған.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»