Әдебиет • 07 Желтоқсан, 2017

Жанболат АУПБАЕВ. Автограф

1147 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Дмитрий Федорович Снегин... Дима ағай. Митя атай. Метрей қарт... Жетісудың қазағы мен орысы осылай атап кеткен бұл қаламгер туралы кезінде көп айтылған. Шығармашылығы жайлы жеткілікті жазылған. Үкімет тарапынан да лайықты құрмет көрген. Біздің сөз етейік деп отырғанымыз бұлар емес, құрметті оқырман! Ойымыз – оның туғанына 105 жыл толуы қарсаңында жазушымен 1989, 1992 және 1998 жылдардағы кездесулерде айтқан соны пікір, тың фактілерге толы естеліктерін оқырмандарға шағын штрих, деталь арқылы қадери-халімізше баяндап беруге күш салу.

Жанболат АУПБАЕВ. Автограф

– Менің осы ұзақ ғұмырымда көз жеткізген бір нәрсем, – деген-тін жоғарыдағы жүздесулердің бі­рінде Дмитрий Федорович, – ол адам зердесінің балалық шақ­­тағы көрген оқиғаларды еш уақытта да ұмытпайтындығы. Шы­нымды айтайын, күні кешегі болған жайт­тардың көбі қазір есімде жоқ, ал бірақ осыдан 70 жыл бұрынғы кө­ріністер әлі де көз алдымда. Айт­­шы, бұл не ғажап, не құдірет деп ойлайсың? Мен, міне осыған таң­ғаламын.

Иә, ол үшін бұрынғы Верный, кейін­гі Алматының тастақты кө­­­­ше­лерінде қызыл комиссар Дми­­­­трий Фурмановтың ауыз­ды­ғын қарш-қарш шайнаған арғы­мақпен кіші станицадағы қорғанға қарай желе жортып бара жатқаны, төңкеріс демо­ны Лев Троцкийдің қазіргі Го­голь көшесіндегі Офи­церлер үйі­ ма­ңайындағы гүлзарда паң әрі тәкаппар кейіппен серуен­ құ­рып жүргені, экономика мәсе­лелерінің ірі реформаторы Алек­­сандр Чаяновтың Қазақ ауыл­ ша­­руа­шылығы институты сту­денттері алдында тереңнен толғай лек­ция оқып тұрғаны осы күні ке­ше ғана сияқты болып көрінеді де тұрады.

Рас, Дмитрий Фурманов жө­ніндегі есте қалғандарын ол өзінің «Ежелгі Верныйда», «Таңсәрі мен сәске түстің арасы» атты та­­рихи романдарында талапқа тал­ғам қоя отырып, барынша шын­шылдықпен жаздым деп ойлайды. Қаламгердің пайымдауынша қызыл комиссардың адам­гершілікке, зиялылыққа тән­­ игі қасиеттерімен қатар қа­те­­ басқан қадамдары да бол­ған сияқты. Ол онда Жетісу гу­бер­­ниясының тыныс-тіршілігін ор­та ғасырдың ар жақ, бер жағы ретінде ғана елестетіп, Верный қаласын қараңғы, сауатсыз, жабайы елдің мекені деп ұққандығы және осы түсінігінен орталыққа аттанғанынша айыға алмай кет­кен­дігі. Дауыл алдындағы тыныш­тық – төңкеріске дейін Зеньков, Недзвецкий, Бокин, Жандосов, Виноградов, Бәрібаев сияқты озық ойлы жандардың отаны болған Жетісу жері алдындағы Дмитрий Фурмановтың кешірілмес кінәсі де, түзете алмас қатесі де міне, осында еді.

Дмитрий Федоровичтің есінде «үздіксіз төңкеріс» теоретигі Лев­ Троцкийді де өзінің Алматы кө­шелерінде қалай көргені жақсы сақ­талынып қалған. Он үш-он төрт жастағы кезі болуы керек, бір­де ол әкесі жаздырып алып оқи­тын «Шаруа» журналының ескі сандарын қолына алғаны бар. Соның біреуінің мұқабасында қырынан түскен бұйра шаш, дөңес мұрын, шоқша сақалды адамның суреті бар еді. Астында «Үкімет мүшесі – Л.Д.Троцкий» деп жазылған бұл бейне оның көз алдынан көпке дейін кетпей жүрді. Арада оншақты күн өткенде анасы Митяны базарға жұмсағаны бар. Сол кездегі Гу­бер­натор үйі деп аталатын орам­ға жете бергенде ол қолында сән­­­ді тросы бар, та­йыншадай ит­ жетектеген төртпақ денелі адам­­­ды көріп тоқтай қалды. Қа­рай­ды, жүргіншінің өңі де, жү­зі де өзіне таныс, кеше ғана жүз­дескен жан сияқты. «Қайдан, қашан көрдім осы кісіні?» – деп ой­лады жеткіншек оның сыртынан көз алмай тұрып. Сол сәт­те Митяның есіне журнал, он­дағы сурет сап ете түсті. «Қой қате­лес­кен шығармын, – деп ойлады­ ба­­ла көңілі, – Мәскеудегі Троц­кий­ бұл жерге қайдан келсін? Үкі­мет мүшесі, атақты адамның Алматыда ит жетектеп жүруі мүм­кін емес». Сөйткен де қолын бір сілтеп базарға қарай кете бер­ген.

Бірақ, арада үш-төрт ай өт­кен­де Митя әлгі адаммен қала сыр­тындағы Таулықырат беткейінде тағы да кездесіп қалды. Ол тұра­тын Садовая көшесінің балалары бұл жерге жыл сайын бүлдірген теруге келіп жүретін. Осы жолы да жеткіншектер өздеріне таныс тау бөктеріне ертелете жетіп, енді жидек іздей бергенде жандарынан бір емес, үш ит ерткен аңшы сопаң етіп шыға келді. Үрпиісіп қалған балаларды көрген бейса­уат жүргінші бұларға жақын келіп, қорқудың қажеті жоқ екенін, өзінің қоян аулап жүргенін, Лев Давидович деген ағалары болатынын айтты да олармен кәдімгі ере­сек адамдар сияқты сөйлесіп, әң­гімелескені бар.

Арада бір жылдай уақыт өтеді. Қыс­тың қыраулы бір күнінде Ал­маты мен Бішкек арасына кі­ре тартатын Митяның үлкен аға­сы Парфиль үйге кештете келіп мы­надай әңгіме айтады. Олар Қор­дай асуына жақындағанда омбы қар­дан жүре алмай тоқ­тап қалған автомашинаны кө­реді. Оны қор­шаған жеті-сегіз әскери адам кі­рекештерді тоқ­татады да жарау ат­ты, жүгі же­ңіл Парфильдің шана­сына ка­би­надағы бір әйел мен брезент жабылған кузовтағы екі ер адамды әкеп отырғызып, Бішкекке дейін апарып салуды талап ете­ді. Қалған шаналарға бөлініп отыр­ған қызыл әскерлердің біреуі жол­­да кірекештерге бұл әкеле жат­қан адамдары Лев Давидович Троц­кий деген саяси тұтқынның өзі және зайыбы мен баласы еке­нін айтып қалады. Ағасы бұл­ жайды баяндағанда бұған де­йін бойы өсіп, ойы ержеткен Ми­тя әлгі адамның осы қа­ла­да был­тырдан бері айдауда жүр­ген Троцкийдің нақ өзі екенін біледі. Иә, кірекеш Парфильдің айтқанының бәрі де рас болатын. Себебі Троцкий 1929 жылғы 22 қаңтарда орталықтан келген зілді нұсқауға сәйкес өзі мұнда тура бір жыл болған Алматымен еріксіз қоштасып, ГПУ қызметкерлерінің қы­рағы күзетімен Бішкекке ат­тан­дырылған. Содан кейін ол­ Ташкент-Мәскеу пойызына отыр­ғызылып, Ақтөбеге, одан Ас­тра­­ханьға, ақыры 12 ақпанда «Ильич» жолаушылар кемесімен Қа­ра теңіз арқылы Түркияға сыртта­тылып жіберілгені мәлім.

Дмитрий Федоровичтің жас­тық шағындағы өмір жолында ерек­ше із қалдырған адамдардың бі­рі – есімі ғылымда көп жылдар­ бойы әділетсіздікпен аталмай кел­ген ірі экономист-ғалым Алек­­сандр Васильевич Чаянов еді.­ Тағдыр бұл адаммен оны Ал­ма­ты ауыл шаруашылығы инс­титутының аудиториясында жолықтырды. Тәуелсіз ой-пі­кірі үшін жазықсыз жазалауға ұшы­рап, орталықтан Алматыға жер аударылып келген Александр Васильевич Чаянов аталмыш инс­титуттың жеміс-жидек фа­культетінде оқитын бұған жә­не Сергей Калмыков, Айман Жан­ғалиев, Алек­сандр Гукасян сияқты студент достарына статис­тика пә­нінен сабақ беретін. Осы жерде ғой нәзік жанды, өнерден хабары ­мол ­профессордың жас Митяның әдебиетке деген бейімділігін бай­қап: «Антик дәуіріндегі ұлы ақын­дардың бірі Виргилий бау-бақша әлемі туралы пайымдауларын поэзия құдіретімен кес­телеп, та­нымдық кітап жазған. Сен де диплом жұ­мысыңды өлең­мен өр­нек­те, өлеңмен баянда. Ауыл шаруашылығына қажет ма­­мандығыңа поэзия көзімен, поэ­­зия сазымен қара. Сонда се­нің бойыңды рухани жұтаңдық би­лемейді», деп айтқаны.

Иә, Александр Васильевич Чая­нов жалғыз экономика мә­се­­лесінің білгірі ғана емес, өнер мен ғылымның көптеген са­лалары­нан мол хабары бар ға­жайып адам болатын. Ол осы Алматы ауыл шаруашылығы инс­титутын­да оқытушы болып жүріп «Кооперация туралы» де­ген атақты еңбегін жазды, көп жылдар бойы өзі тірнектеп жи­наған Еуропа бейнелеу өнеріндегі гравюра туындыларын зерттеумен айналысты. Жақсы көретін сүйікті шәкірті Дмитрийге инс­титутты тәмамдар тұсында ол Аль­фред Дюрердің «Төрт пері» ат­ты гравюрасын сыйлағаны бар. Александр Васильевич Чаяновтың сол ескерткіші жазушының үйінде күні бүгінге дейін бар екен. Осы ұзақ ғұмырында оның өзінің жеке басында да, отбасында да қиын жағдайлар болмай қалған жоқ. Бірақ соның бәріне де қарамай Дмитрий Федорович аталмыш картинаны аяулы ұстазының көзіндей көріп, қастерлей сақтап келіпті.

Жоғарыда біз өзіміз сөз етіп­ отырған кейіпкеріміздің әде­биет, журналистика, тарих салаларын қамтитын гуманитарлық ба­ғыттағы жоғары оқу орнын емес, ауыл шаруашылығы маман­дарын даярлайтын институтқа тү­сіп, соны тәмамдағанын сөз арасында айтып өттік қой деп ойлаймыз. Көп жұрт оның өмір­баянындағы осы бір жайды біле де бермейді және оған онша мән беріп те көрген емес. Ал ба­йыппен бағдарлап қарасақ, бұл Жетісу сияқты шырышы бұ­зыл­­маған арда табиғат аясында туып-өскен оның қасиетті Жер-­ананың жанашыры болсам, со­ның тылсым сырларын ашсам деген жүрекжарды арманы еді. Со­дан кейін, иә, содан кейін бұл мамандық оған қоршаған ортаны жете білу, өмірді терең тану үшін де керек болатын. Осындай романтикамен, энту­зиазммен жігерленген ол және оның дос­тарына 30-шы жылдардың бас кезінде Алматыдан Мәскеу тү­біндегі Коз­лово селосына ба­рып,­ Бүкілодақтық бағ­ба­ната Иван Вла­ди­мирович Ми­чу­­­рин­­­ге жолық­қан­дарының өзі кездейсоқ оқи­ға емес.

– Алыс сапарға деген жол қа­­ражатын табу үшін сабақтан кейінгі бос уақытымызда жалданып жұмыс істеуге тура келді, – деп еді Дмитрий Федорович сол 1932 жылғы оқиғаны ойлана еске алып. – Ол кезде Алматыдағы қы­зу қарқынмен жүріп жатқан құ­рылыстың бірі қазіргі Бөгенбай мен Панфилов көшелерінің қиы­лысындағы Түркісіб темір жо­лы басқармасының кеңсесі-тін. Мі­не, біз сонда барып жер қаздық, кір­піш тасып, тақтай түсірдік. Ақыры жеткілікті қаражат жинадық-ау деген кезде сапарға аттануға бел байладық.

Мәскеу маңына жеткен­ соң Козлово селосындағы бағбана­таның үйін тауып алу алматылық студенттерге онша қиынға түс­кен жоқ. Бірақ үсті-үстіне келе бе­ретін делегациялардан әбден запы болған кінәмшіл қарт бұ­ларды да сондай шулыған топ­тың бірі деп ойлады ма, қайдам, әй­теуір оларды қабылдап, әңгі­мелесуден мүлдем бас тартыпты. Сонда студент-энтузиастар не істеген дейсіздер ғой. Үй ие­сі бізбен қашан жүздесіп, әң­гі­мелескенше кетпейміз деп келі­седі де беседкаға жайғасып жатып алады. Түс болады. Кеш те ба­тады. Бір мезетте жиекті қара қал­пағын милығына түсіре киген тарамыс денелі қарттың бұларға қарай беттеп келе жатқаны бай­қалады. Сол жерде әңгіме тие­гі ағытылды-ай дейсіз. Иван Вла­­димирович Жетісу өлкесін ака­демик Вавиловтың «Дүние жү­зіндегі қолайлы табиғат орталары» теориясы бойынша сырттай бі­леді екен. Пікір алысу таң атып, тауық шақырғанша толастамайды. Ертесінде қарт бағбан бұларға өзінің жеміс ағаштары егілген тәжірибе бағын көрсетіп, бір ап­таға жұмыс істеуге қалдырады. Ал мерзімді уақыт бітіп, студенттер елге қайтар кезде ол қазақ­стандық студенттерді өте жақсы кө­ріп қалғанын айтып, бұлармен қи­май қоштасады.

Өз кезінде қалың жұртшылық Дми­трий Федорович Снегинді бел­ді прозашы, қара сөздің майталман шебері ретінде жақсы біл­ді. Оған жазушының «Шалғай шеп­­­те», «Парламентерлер рей­х­с­таг­тан шығып келеді», «Кү­ту», «Ежелгі Верныйда», «Таң­сәрі мен сәске түстің арасы» сияқ­ты әр жылдары жазған ро­ман, повестері анық дәлел. Бі­рақ оның үлкен әдебиетке келер жолдағы алғашқы қадамын сұ­лулық пен нәзіктік музасы – поэзиядан бастап, жоғарыдағы про­залық шығармаларының алдында «Шығыстан соққан самал жел» (1934 ж.), «Жетісу» (1936 ж.) сияқты екі-үш жыр жи­­­на­ған шығарғандығын, ақ­иық ақын Ілияс Жансүгіров пен жыр дүлдүлі Нұрлыбек Баймұ­ратовтың шығармаларының орыс тіліндегі табанды аудармашысы болғандығын қазір осы бәріміз дерлік түгел біле береміз бе? Жоқ. Міне, бұл да оның көп қырлы твор­чествосының бір қайнар көзі болса керек.

– Сіздің ең алғашқы шы­ғар­ма­ңыздың баспасөзде жа­риялануы­на кім ықпал ет­ті және «Поцел­уев»­ деген әу бастағы тума, төл­ фа­­ми­лия­ңыздың орнына «Сне­гин» атты бәрімізге белгілі псев­доним­ді таң­дап алуыңызға не себеп болды? – деген едік біз жазушымен әңгіме барысында.

– Шынымды айтсам, бұл екі нәр­сеге бір-ақ адам себепші болды ғой деп ойлаймын, – деген-тін Дмитрий Федорович жоғарыдағы сауалға. – Ол – журналист Виктор Чер­кесов. Осы бір ақкөңіл жанмен 30-шы жылдардың бас кезінде мен Алматыдағы кәсіподақтар клубында құрылған жас әдебиетшілер үйірмесінде танысқан болатынмын. Сол кездері «Советская степь» (қазіргі «Казахстанская правда») газетінде жұмыс істейтін ол шектен тыс ұялшақтығым мен жасқаншақтығымды сезді-ау деймін бір күні: «Сенің өлең­дерің ешкімдікінен де кем емес. Неге газет-журналдарға ұсын­бай жүрсің? Мұның жарамайды? Сыншылардан сескен­сең бүр­кеншік фамилиямен жария­лап көрейік. Сонда сенің кім еке­ніңді ешкім де білмейді. Он­дай дәстүрдің қазіргі ке­ңес­ әдебиетінде бар екенін кім­­ жоққа шығарады? Ойлап қара­шы, Горький, Бедный... Бұл олар­дың шын фамилиялары емес, бүркеншік есімі»,  деді. Содан ол екеуміз әлгі жерде әрі ақылда­сып, бері ақылдасып баспасөзге менің атаман Анненковтің қанды қырғыны туралы жазылған поэмамның бір тарауын ұсынуды ұйғардық. Ал псевдонимге кел­генде есіме ақын Сергей Есенин­нің өзім таяуда ғана оқыған «Ан­на Снегина» поэмасы оралды да, «Снегин» деген фамилияны таң­да­ғаным дұрыс шығар деген шешімге келдім. Содан арада ай, одан кейін арбаның дөңгелегіндей айналып жыл өткенде Виктор Чер­кесовтің қуанышы қойнына сый­май алақайлап жеткенін көр­сең. Көзі күлім қаққан ол қолыма «Қазақстан» (қазіргі «Простор») журналының 1933 жылғы 1-санын ұстатты да басылымның жуан ор­та­сынан орын тепкен Дмитрий Сне­гин деген ақынның поэма та­рауларын көрсетті. Әңгіменің то­қетері, содан бергі 64 жыл бойы мен міне, осы фамилиямен шығып келемін.

...Қарт қаламгер осы сөздерді айтқанда бір сәтке үнсіз қалған. Менің көгілдір көзінен әлі нұры тая қоймаған, денесінде артық ет жоқ, көкірегі көреген, ақылы ай­дын әңгіме иесіне байыппен барлай қарап біраз отырғаным есімде.

– Адам өмірінде өзінің бір жұл­дызды сәттері болады, – де­ген сонда ойын жинақтап алып­ қайта тіл қатқан Дмитрий Федо­рович. – Менің жұлдызды сәтім Қазақ­станда туғаным, қазақ халқының Мұхтар, Ғабит, Сәбит, Бауыржан сияқты перзенттерімен тағдырлас, сырлас болғаным деп есептеймін. Бұл ғажайып жандар туралы қа­зір ұзақ та қызықты әңгімелер ай­туыма болар еді. Бірақ оған уақыт керек қой. Солай емес пе? Сон­дықтан оларға мен бір-бір сөзбен төмендегідей анықтама бергім келіп тұр. Мұхтар дегенде оны бір сөзбен «ғұлама» деп бейнелеуге болады. Ғабитті – «зергер», Сәбитті – «халық» дер едім. Ал Бауыржанға «ар-намыс» деген теңеу лайық. Өкінішке қа­­рай, осы аяулы жандардың бәрі қазір біздің арамызда жоқ. Олар­ды өмірдің қатал ағысы тір­шілік жағалауынан жұлып алып кеткелі қашан... Осыны ойлағанда өзегің өртенеді. Тірі жүрген менің міндетім – солар жөнінде естелік жазу. Оны бастадым деп те айтуы­ма болады. Мәселен, Бауыржан қайтыс боларының аз-ақ алдында жеке архивінің үлкен бір бөлігін маған беріп, аманаттап кетті. Қа­зір мен майдандас досымның сол тапсырмасын бір жүйеге тү­сі­ріп, бітіруге таяу қалдым. Өмір бол­са Мұхтар, Ғабит, Сәбиттің ама­наттарын да орындайтыныма күмәнім жоқ. Тек құдай мен сияқ­ты қарт адамның көретін көзі мен ақы­лынан айырмасын деңіз.
Осылай деген үй иесі менің қолыма 1981 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан 5 томдық шығармалар жинағын ұстатқан еді. Үйге келіп қарағанымда, ал­ғаш­қы кітаптың ішкі бетінен мынадай сөздерді оқыдым. «Дорогой Жанболат! Рад был с вами познакомиться, – улыбчивым, отзывчивым и пытливым человеком. От всей души желаю вам, долгого и плодотворного творческого пути на литературном поп­ри­ще. Обнимаю. Ваш земляк Дм.Снегин. 9 ноября 1992 г.»

Дмитрий Федоровичпен Ал­ма­­тыдан Астанаға көшкенше бай­­­ланысымыз үзілген жоқ. Ха­барласып, хал-жағдай сұрасып тұрдық. 1999 жылдың күзіндегі Рес­публика күні қарсаңында мен ол кісі туралы «Отандас» ат­ты ша­ғын мақала жаздым. Оны ол кісі кө­ріпті. Мұны қарт қаламгердің ма­ған арнап Шо­та Уәлиханов аға­мыздан елор­даға беріп жіберген ха­­­­тынан оқып білдім. Онда: «...­Се­­­­­нің мен­ жөніндегі газет бетінде біл­­дірген лебізіңді оқып, риза болдым. Ұмытпағаныңа рақмет! Отба­сыңа береке-бірлік, өзіңе шы­ғармашылық табыс тілеймін. Дм.Снегин. 1999 жыл. 27 қазан. Алматы», деп жазылыпты. Сол кез­де қария 87-де еді. Содан кейін арада біраз уақыт өткен соң, яғни 2001 жылы Астанаға ол кісінің қайтыс болғаны туралы хабар келді. 

...Дмитрий Федорович Сне­гин.­ Ол – қазақ халқының руха­ни мұрасын біліктілікпен, жана­шырлықпен зерттеуші Рад­лов, Потанин сияқты орыс зия­лы­ла­рының ізбасары еді. Хал­қы­мыздың аяулы ұлдары Тоқаш, Ораз, Жұбаныш, Бауыржан сияқ­ты тұлғалардың күрмеуі көп күр­делі өмірін өз шығармаларында шын­шылдықпен суреттеп, олар­ды орыс оқырмандарына ал­ғаш­ таныстырған бірден-бір көр­кем­сөз шебері болатын. Бұ­ған қоса бұл аяулы жан ана тілі­міз­дің мемлекеттік мәртебе алуы­­на бел шеше кірісіп, үміт ұс­та­­раның жүзінде тұрған кезде: «Егер мен бүгін, дәл қазір қа­зақ тілінің тағдырына ара түс­пе­сем, онда мені ұстазым Мұх­тар Әуезовтің, майдандас досым Бауыржан Момышұлының аруа­ғы кешірмейді», деп өз ойын қандастарының алдында жал­тақ­тамай ашық айтып, ту­ра биде ту­ғандық жоқ екенін таныт­қан қай­раткер-тін. Тоқетерін айт­қанда, біз үшін Дима, Митя, Мет­рей аға ата­лынып кеткен бұл ға­зиз жан Қа­зақстандағы өз нанын адал же­ген бірден-бір орыс аза­маты бол­ды.

Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»

АСТАНА 
Суреттерде:  1.Полк ко­ман­дирі Б.Момышұлы мен батарея командирі Д.Снегин. 8-гвар­дия­л­ық дивизия, Холм қаласы, 1942 жыл; 2. Д.Снегиннің қолтаң­­­­ба­сы.