Әдебиет • 07 Желтоқсан, 2017

Өзіне өлеңімен ескерткіш соққан ақын

903 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Байтақ мекенім» қоғамдық қорының бастамасымен Ресей астанасы Мәскеуде ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің 80 жылдығына орай «Бір тойым бар...» атты әдеби-сазды кеш өтті. Маңғыстаулық бір топ азамат бастаған шараның Ресейдің бас қаласында өтуіне қол ұшын созған Мәс­кеудегi Халықтар достығы мен ұлттық мә­де­­ниет­т­ердiң дамуын қолдаудың «Астана» қоры және Алматы қаласының әкімдігі. 

Өзіне өлеңімен ескерткіш соққан ақын

Шығармашылық кешке ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері, жоғары оқу орын­дарының оқытушылары мен Мәс­кеуде білім алып жатқан қазақ студент­тері қатысқан. 

Сахна төрінде ақынның өлеңдері оқылып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәуле Жанпейісова және танымал әнші Роза Әлқожа сынды әншілердің орындауында бірнеше әні шырқалды, кешке ақынның қыздары Сал­танат, Махаббат, Құсни, Айнар қатысты.

«Байтақ мекенім» қоғамдық қорының төрағасы Сәбит Тоқымбетовтің айтуынша, ақынның шығармашылығын зерттеуді қолға алу мақсатында өткен жылы 22 ақпанда Ақтау қаласында бастау алған «Ата жұртын аңсаған Айбергенов» атты бірінші ғылыми-теориялық конференция өткізіліп, сол жылы қазан айының 14-ші жұлдызында Шымкент қаласында бір топ кәсіпкерлердің қолдауымен «Төлеген Айбергенов аңсаған әлем» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен және Жазушылар одағындағы әдебиетшілер үйінде «Төлеген Айбергенов поэзиясы және қазіргі заман» атты үшінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасқан. Ақтау мен Шымкентте өткен конференцияның материалдары кітап болып шықса, Алматыда өткен конференция туралы толыққанды мағлұмат жуық арада жаңа кітап болып шығады деп күтілуде. 

Ақынның 80 жылдығының қоры­тынды кеші Астана қаласында биыл 22 желтоқсанда өтеді деп жоспарланып отыр. 

– Төлеген Айбергеновтің есімі ел жадында мәңгі сақталып қалары сөзсіз. Қай қалаға барсақ та, ақынға деген құрмет ерекше. Осындай ауқымды шара биыл Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында өткен еді. Сонымен қатар, Бесқаланың Нөкіс қаласындағы Бердақ атындағы университеті мен Әжинияз атындағы педагогикалық институтында, ақынның кіндік қаны тамған «Таң нұры» ауылында да шығармашылық кеш өтті. Шараға танымал ақындар Қасымхан Бегманов және Бауыржан Бабажанұлы мен ақынның ұрпақтары түгел қатысты. Бұл ретте Ай­бер­геновтің шығармашылығын насихаттауда Қоңырат ауданындағы Төлеген Ай­бергенов атындағы орта мектеп директоры Жеткізген Сәрсенбаев деген азаматтың елеулі үлес қосқанын айтып өткеніміз жөн, дейді «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының төрағасы Сәбит Тоқымбетов. 

Сондай-ақ, белгілі болғандай ақынның кейбір өлеңдері бұған дейін орыс тіліне аударылса, биыл түркиялық ғалым Оғыз Доған түрік тіліне, Бұлбұл Матай қытай тіліне, Баходир Убайдуллауғлы өзбек тіліне аударуды қолға алған. Ал, алдағы уақытта Шымкент қаласында Төлеген Айбергенов атындағы ғылыми-зерттеу орталығын ашу жоспарланып отыр. 

Көзі тірісінде заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев «Біздің қолымызда қалған бір-екі жұқа кітап – Т. Айбергенов талантының шалқар дариясы емес, асау арнаның басы ғана еді. Оның көк телегей көл болып шалқуын көруді тағдыр біздің маңдайымызға жазбапты» десе, өзге де белгілі ақындар Төлеген туралы жақсы лебіздерін арнаған. Өлеңімен өзіне мәңгілік ескерткіш соққан ақын есімі халқының жүрегінде, ал оның өлеңдері халқының жадында сақтаулы күйінде жұртымен бірге жасап келеді.   

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»    
 
Маңғыстау облысы