Тарих • 12 Желтоқсан, 2017

Алашордалықтардың ерлігі ерен

2722 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Олар тәуелсіздікке алғашқы болып жол салды. Олар өз Отанының қоғам­дық-саяси және мемлекеттік да­­муының теориялық негіз­дерін қалап, озық еуро­па­лық және халықаралық жетіс­тік­тер мен стандарттарға сай практикалық үлгілерін ұсын­ды.

Алашордалықтардың ерлігі ерен

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы сананы жаңғыртуға бағытталған ұсыныстары жұртшылықтың жаппай қолдауы мен қызу мақұлдауынан кейін іске асырыла бастады. Соның ішінде қазақ халқы үшін аса күрделі, тарихи сілкініс болып табылатын Алаш оқиғасының 100 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың қорытындысы мемлекеттік жоғары деңгейде өткізіліп жатқаны қуантады.  

«Алашордалықтар» өткен ғасырдың бас кезеңінде Қазақ­стан­ның қоғамдық-саяси өмі­рін­де қайта өрлеу дәуірін жасады, белсенді ғылыми-пуб­лицистикалық қызметімен ха­лықтың сана-сезімін оятты, ұлттық еркіндік пен ұлт­тық мем­лекеттілікті қайта өркен­детуге де­ген рух пен үміт­ті оят­ты.

Осыдан 100 жыл бұрын, 12 желтоқсанда Орынборда болған 2-ші Жалпықазақ съезінде (құрылтайында) құ­рыл­ған «Алашорда» Үкіметі қазақ мемлекеттігін қайта жаң­ғыртты. Бүгінгі таңдағы құқық, саясаттану және әділет тұр­ғы­сынан алғанда бұл саяси ше­шім қазақ халқының еркі мен арманына сай және толығымен заңды еді. Алаш партиясы қоз­­ғалысының және аса көр­­­нек­ті көшбасшыларының ұмы­тылмас тарихи еңбегі осында. Қазақ халқының ұлт­тық мемлекеттілігін қайта дамы­тудағы осы ерен ұмтылыс 1920 жылғы 26 тамызда Қазақ (Қыр­ғыз) автономиялық республикасын, одан кейін 1936 жылы Одақтас республиканы құруға ұласты және ол ақырында 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрудың негізі болды.

«Алаш» көшбасшылары­ның ерен еңбегі сол – олар әкімшілік бөлініс кезінде Қазақ елі­нің шекарасын жан-жақты әрі ғылыми-теориялық және сая­си тұрғыдан негіздей отырып, Ленин басқарған Кеңестік билік басшылығының көзін жеткізіп, патшалық Ресей алып қойған, тарихи тұрғыдан қазақтарға тиесілі жерлердің қазақ халқына (Автономиялық Республикаға) қайтарылуына қол жеткізді. Олар ХХ ғасырдың басындағы тың үрдістерді пайдаланып, Қа­зақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін, жеріміз­дің тұтастығын сақтап қалу үшін ата-бабаларымыз жүр­гізген күресті жалғастыра оты­­­рып, оның нәтижесін ша­­рық­тау шегіне жеткізді. Жа­ңа өр­кениетті талаптарға сай нысандар мен тетіктерді бекітіп, жалпыұлттық партия құрып, біртұтас ұлттық мемлекеттілік құру жолдарын көрсетіп, билікті бөлу туралы ұсыныстарында президенттік лауазым енгізуді және т.б. ұсынды.

Үстіміздегі жылдың нау­рыз айында Алматыда, Алаштың 100 жылдығы мен Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған еске алу жиынында мен алдымен Алаштың же­ті көрнекті көшбасшысына «Ха­­лық қаhарманы» атағын беруді ұсындым. Олар Әли­хан Бөкейхан, Ахмет Байтұр­сынұлы, Мұстафа Шоқай, Мір­жақып Дулатұлы, Жа­һан­ша Досмұхаметұлы, Мұха­мед­жан Тынышбайұлы, Ха­лел Дос­мұхамедұлы еді. Өйт­кені бұлар ту­ған халқы үшін теңдессіз рухани және азамат­тық ерліктер жасап, рия­сыз сүйіспеншіліктері мен жан­қиярлықтарын көрсе­тіп, Қазақ мемлекетінің демокра­тиялық, еуропалық және халық­аралық стандарттар бойынша қайта өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып, бүкіл саналы өмірлерін Отаны мен халқының еркіндігі мен тә­уелсіздігіне арнап, сол үшін өз өмірлерін еш ойланбастан қи­ғандарын атап көр­сеткен едім. Олар­дың ерлі­гі халқымыздың жадында әрдайым сақталады және өз халқына деген сүйіс­пеншіліктің, еркіндік пен тәуелсіздік үшін күресудің үлгі­сі, эталоны болып қала бер­мек.

Олар өз Отанының қоғам­дық-саяси және мемлекеттік да­­муының теориялық негіз­дерін қалап, озық еуро­па­лық және халықаралық жетіс­тік­тер мен стандарттарға сай практикалық үлгілерін ұсын­ды. Бұл сол кездегі ресей­лік солшыл-төңкерісшіл, мо­нар­­хиялық көзқарастағы сая­­си қайраткерлердің бағ­дар­ла­маларына қарағанда әлде­қай­да объективті, көреген әрі ма­ңыз­ды екеніне көз жеткізіп отырмыз. Алаштықтардың стра­тегиялық бағдарламалары мен тактикалық іс-әрекеттері қазақ халқының мүдделерін терең әрі жан-жақты қолдап, сол кездегі даму үдерісі мен саяси ахуалға сай болды.

«Алаш» ұлттық-азаттық қоз­­­ға­лысы іс жүзінде бүкіл өңір­­лерді, барша қазақ қоға­мын қамтыды. Зерт­теуші ға­лым­­­дардың ресми дерек­теріне қарағанда, ХХ ғасырдың басында, 1917 жылға қарай Қа­зақ­стандағы қазақтардың саны 6 миллионнан асатын. Сон­­дықтан, «Алаш» қоз­ға­лы­сын қолдап, оның іс-ша­ра­ларына миллиондаған қазақ­тар және басқа ұлттардың өкіл­дері қа­тысты деп айта аламыз. Барлық дерлік өңір­лерде құрылған Қазақ ко­ми­тет­тері «Алаш Орда» үкі­меті­нің жергілікті жерлердегі атқа­рушы органдары (құры­лымдық бөлімшелері) болып табылды. Артынан солардың бәрі де қуғын-сүргінге ұшы­рады. Оларды «ақтар» да, «қы­зыл­дар» да қуғын-сүргінге ұшыратты. Өйткені жат пиғыл­дылардың ешқайсының жоспарында қазақ халқына тәуел­сіздік сыйлау болған емес.

Алаш көшбасшылары Қа­зақстандағы «Кіші октябрь» сая­сатына және Голощекин бас­­­қарған Қазақ өңірлік коми­те­тінің қызметіне мұқият тал­­­дау жасап, оның өрескел қа­те­ліктерін атап көрсетіп, со­ның ішінде халықтың жасанды түр­­дегі ашаршылыққа ұшы­рай­тынын болжай отырып, бай­лардың шаруашылықтарын тәр­кілеп, құқығынан айыруға және жаппай ұжымдастыруға қар­сы шықты. Ал Голощекинді Қазақстанның бірінші басшысы қызметінен кетіруді ашық түрде талап етті. Кеңестік империя­да бұл өте ауыр мем­лекеттік қыл­мыс болып са­налған.

Халықтардың ұлттық мүд­делерін аяққа басқан сталиндік-кеңестік қуғын-сүргін маши­насы өзінің империялық «бөліп ал да билей бер» саясатын қол­данып, Қазақстанның сол кездегі саяси элитасы мен зиялыларын ыдыратып, Алаш көшбасшылары мен бел­сенділерін жаппай қудалай бас­­тады. Голощекин республика басшылығындағы қазақтар ара­сынан шыққан қуыршақ жақтастарының қолдауымен халқымызды ғаламат қасіретке алып келген «Кіші октябрь» бағдарламасын іске асырды.

Өкінішке қарай біз, Тәуел­сіздік алғанымызға 25 жылдан артық уақыт өтсе де «Алаш» партиясы және «Алаш Орда» үкіметі қозғалыстарына бі­рік­кен алдыңғы қатарлы, жо­ғары білімді қазақ элитасын және партияның қатардағы мүшелерін, облыстар мен үйездердегі филиалдардың қызметкерлерін, «Алаш Орда» әскери бөлімдерінің сарбаз­дарын әлі де түгел ақтай ал­май­ отырмыз. Олардың жә­не­ жергілікті жерлердегі бел­сен­­­­ді жақтастарының Ота­ны­мыз­дың бостандығы үшін, қа­зақ халқының мүдделері мен болашағы үшін құрбан бол­ғаны сөзсіз. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы шең­берінде туған ел үшін жа­салған ерлік пен ба­тырлыққа мем­лекеттік баға беру мәселесін де қолға алуы­мыз керек. Әлемнің барлық дерлік мемлекеттері тәуел­сіздікке қол жеткізгеннен кейін бірінші кезектегі шара ретінде өз халқының азаттығы мен бостандығы үшін күрескен ұл-қыздарының тағдыры мен көрсеткен ерлігі туралы ар­найы шешім қабылдады. Олар өз Отанын, өз жерін қор­ғау­шы­ларды ұлттық батыр дәре­жесіне көтеріп, ұлықтады. Бұл – әлемдік заңдылық, ғаламдық практика, жаңадан құрылған барлық мемлекеттер осы жолды ұстанады.

Әрине, Қазақстан Респуб­ликасында да тәуелсіз­дік ал­ғаннан кейін бірқатар маңызды мемлекеттік шешім­дер қабыл­данды. Олар негізі­нен тарихи және мәдени ескерт­кіш­терді қалпына келтіруге, қазақ тілін дамытуға, сәу­лет­ құрылыстарын қайта өркенде­туге бағытталған «Тарихи са­наны қалпына келтіру тұжы­рымдамасы», «Мәдени мұра» бағдарламасы. Сондай-ақ жекелеген тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға (негізі­нен жоңғарлармен соғыс ке­зін­де) арналған ғылыми-прак­тикалық конференциялар өткізілді, олар­дың құрметіне ескерткіштер қойылып, көше атаулары бе­ріл­ді, олар жайлы Мемлекет бас­шысының баян­­­дамаларында сөз етілді, кі­­таптар шығарылып, мақа­ла­лар жазылды, бірқатар көр­кем және деректі фильмдер тү­сірілді. Бірақ олардың бәрі ака­демиялық және бір реттік си­патқа ие болды, жалпы тәсіл­дер мен ұсынымдарға, сондай-ақ мерейтойлық дата­ларға арналды, салтанатты шара – той түрінде өткізілді.

Сонымен бірге біз Қазақ­станға күштеп көшіріл­ген бас­қа­ халықтарды да ақта­дық. Оны­­мыз дұрыс-ақ. Бі­рақ біз әлі күнге, жоғарыда айт­қа­ным­дай, Қазақстанның азат­­тығы, тәуелсіздігі мен аумақ­тық тұтастығы үшін кү­рес­­кен­­дерге қатысты ешбір арнайы мемлекеттік акт қа­был­да­мадық. Басқа одақтас рес­пуб­­­ликалардың бәрінде мұн­дай құ­­жат қабылданды.

Кеңес Одағы орнағаннан бері мемлекет тарапынан қуда­лауға ұшырап, жазалаушы жасақтар қырып-жойып, ата-жұртынан тұтастай қуылған қазақ халқының жартысынан астамы бір үзім нанға зар болып, аштықтың азабынан ажал құшты. Осындай зұлматтың құрбаны болған қазақ халқына қатысты бір арнайы құжат қ­а­былданып, онда «қызыл им­перияның» ісіне саяси және заң­дылық тұрғыдан баға беріліп, ал құр­бандарды тұтастай ақтау жө­ніндегі қажетті шаралар Тә­уелсіз елімізде жасалуы керек еді. Бірақ бізде бұл іс әлі күн­ге «жабулы қазан» күйінде жа­тыр. Мәселен, 1929 жылы Тор­ғайда орын алған Батпаққара көтерілісіне қатысып, «бандит» атанып сотталған 500 адамның бар болғаны 3-уі ғана ақталды. Ал қалған қайсар жандардың бірнеше ұрпағы «қылмыскер», «бандит», «бандылық құры­лым­ға қатысушы» атанып, қа­ра күйе жағылып, азаттық үшін алысқан аталарының ақтал­ғанын көре алмай келеді.

Айта кететін болсақ, Қа­зақ­­­стан бұрынғы КСРО-ның бас­­қа одақтас республикаларына қарағанда отаршыл бас­қын­шылыққа көбірек ұшы­рап, тоталитарлық сталиндік ре­жі­мнен көбірек зардап шек­ті. Сондықтан да бізде қуғын-сүргін ауқымы мен құрбан­дар санатының жан басына шақ­қандағы саны басқа рес­пуб­ли­каларға қарағанда кө­бірек.

Ал еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен­дердің есімдерін толық ақтау және олар­дың ерліктерін мәңгі есте сақтау – бұл өзінің тәуел­сіздігін жа­риялаған хал­қы­­мыз­дың және Қазақстан Рес­­публикасының ардақты мін­деті. Сондықтан да бұл мәсе­ленің «Рухани жаңғы­ру» бағ­дарламасының темір­қазығы, бі­ріктіруші тетік­терінің бірі болуға тиіс екендігі – табиғи әрі заңды жайт.

Өткен жылдың соңында бір топ белсенділердің баста­ма­сымен Қазақстанның бос­тан­­ды­ғы мен тәуелсіздігі үшін кү­­рес­те зардап шеккен адамдарды ақтау және мәң­гі есте сақтау мақсатын көздеген «Қаhармандар» Рес­­пуб­­­ликалық Қоғамдық Қоры» (РҚҚ) құрылды. Ол мем­лекеттік органдармен, ғалым­дар­мен, саяси партиялармен және басқа да қоғамдық ұйым­­­дармен, демеушілермен өзара іс-қимыл жасай отырып, осы мәселелермен жүйе­лі түрде айналысуға ниет етіп отыр. Қордың міндет­терінің қа­та­рын­да: Қазақ­станның азат­тығы мен тәуелсіздігі жолын­дағы кү­рес барысында зардап шек­­кен адам­дардың барлық са­нат­­тарының (саяси, әскери, қыз­меттік, идеологиялық, шы­­ғар­машылық, ғылыми, мә­дени және т.б) ғылыми тұ­жы­­рым­­дамаларын әзірлеу; Қазақ­стан­ның азаттығы мен тәуел­сіздігі жолындағы күресте зардап шеккен құрбандардың барлық санаттарын ақтау және олардың есімі мен ерліктерін мәң­гі есте қалдыру жөнінде заң­­­намалық, нормативтік және жеке-дара актілер әзір­леуге мұрындық болып, атқа­ру­шы және өкілді билік орган­да­рының, соттардың, прокуратура органдарының осындай шешімдер қабылдауына мүм­кіндік беретін заңнамалық актілердің әзірленуіне және құқықтық бастама субъек­тіле­ріне көмек көрсету сынды мә­се­­лелер бар.

Мұндай қорлар басқа мемлекеттерде бұрыннан бар. Мы­салы, Ресейде федералдық және өңірлік деңгейде осындай адамдарды іздестіру жө­нін­дегі қорлар құрылды. Олар­дың мұндай қор­лары орта­лық биліктің нұс­қауы мен қол­дауы бойынша әртүрлі көздерден, соның ішінде өңір­лік мемлекеттік қорлардан, биз­­­нестік қоғамдастықтардан жә­не тағы басқалардан қаржы­лан­дырылады. Федерация су­бъек­­тілерінің, мемлекеттік құ­­ры­­лымдардың идеологиялық және тәрбие қызметтерімен ай­на­­лысатын басшылары бұл жұ­мыстарға бағыт беріп отырады және бақылау жасайды. Ал біз мемлекет тарапынан қол­дауға мұқтажбыз. Бізде де осы мәселені жолға қоятын уа­қыт жетті.

Қазір қор Қазақстанның азат­тығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендерді толық ақтау және олардың ерліктерін мәңгі есте сақтау мәселелерін дәйекті түрде шешу үшін мынадай жұмыстарды атқару қажет деп санайды: Біріншіден, өмірдің түрлі салаларындағы, сондай-ақ барлық өңірлердегі ұзақ және мақсатты түрде орын алған отарлау саясатына қарсы шынайы патриоттар күресінің және оның мемлекеттік деңгейде іс­ке асырылуының негізгі нысандары мен әдістерін кешенді түрде нақтылау (зерделеу, талдау). Екіншіден, кәсіби мамандар «Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрес­керлер туралы» атты дербес заң жобасын әзірлеп, оның қабылдануы (алдын ала жобалар бар) керек. Бұлар еліміз бойын­ша өркениетті мемлекеттік сая­сатты дайындауға және оны жүр­гізуге құқықтық негіз жасайды.

Өкінішке қарай, бізде ке­зін­де архивтер мен дамыған жазу-сызудың болмауынан жә­не саяси режімдер сал­ған тыйым салдарынан қаһарман­дар­дың ерлігі мен аты-жөні ас­тыртын ғана айтылып, бірте-бір­те тарих қойнауына сүңгіп, ұмытыла бас­тады. Ал олардың әрбір ерлігін, әрбір наразылық әрекетін қайта жаңғыртып, объективті түрде бағалау – біз­дің перзенттік, азаматтық және моральдық борышымыз. Біз үшін және кейінгі ұрпақтар үшін баға жетпес ақпаратқа ие адамдар тірі тұрған кезде жоғарыда айтылған күрескерлер туралы мәліметтерді титімдей бол­са да тірнектеп жинау – аса­ маңызды әрі өте қажет іс. Та­рих­шылардың деректері бойынша, өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарында Қазақстанда халыққа қарсы жүргізілген сая­сатқа байланысты 350-ден астам көтерілістер мен бас кө­терулер болған. Бірақ біздің БАҚ-та олардың кейбірі ғана көрсетілді. Осы көтерілістердің себептерін, құрамын, мақсат­тары мен ұрандарын біздің ғылыми мекемелер мен ғалым­дарымыздың зерделеп, талдауы көңіл көншітпейді, өйткені мем­лекет немесе демеушілер мұндай зерттеулерді қаржы­ландырмайды. Тек па­триот-ғалымдар ғана өз күшіне сүйе­ніп, өз уақыты, қаражаты мен денсаулығы есебінен мем­ле­кеттік идеологиямыздағы осы ол­­қылықтың орнын толтыруға тырысып жүр.

Бүгінгі Қазақстанның зиялы қауымы еліміздің азаттығы мен тұтастығы жолындағы кү­рескерлердің басқаларға қа­рағанда анағұрлым күш­тірек және қатаң қысым­ға ұшы­рағанын, сотсыз және тергеусіз атыл­ғанын, қуғындал­ғанын жақ­сы біледі. Отарлаушы би­лік қазақ жұртының ең үздік, ең ба­тыл патриоттарын, ең ақыл­­ды және беделді өкілдерін қу­ғындап, көзін жойды.

Қазір сыртқы ықпалдардың салдарымен Қазақстанның идео­логиялық және ақпараттық қа­уіпсіздігіне елеулі қатер тө­нуде. Сондықтан «Рухани жаң­­ғыру» бағдарламасы шең­бе­рінде Отанымыздың тәуел­сіз­дігі жолындағы ерлік пен па­триотизмнің маңызын мем­лекеттік-қоғамдық бағалау мен ұрпаққа білдіру мәселелері қо­ғам­дық сананы жаңғыртудың бір бөлігіне айналуы тиіс. Ұлт­тың азаттығы жолында күш-қайрат көрсетіп, арпалысқан ерлердің ісі жастарға түпкілікті үлгіге айналуы керек.

Сонымен қатар біз басқа мем­лекеттер мен халықтардың жаулап алушылары мен тирандарын, діни апостолдарын емес, қазақ халқының ұлт-азаттық күресін түсініп, қолдаған, қуда­лау мен қуғын-сүргіннің ауыр кезеңінде бізге көмек қолын соз­ған ұлы демократтар мен гума­нистерді де мәңгі есте қал­дыруға тиіспіз. Мысалы, орыс халқының көрнекті ұлы Григорий Потанин (Ресейдің Құрылтай жиналысына «Алаш» партиясының атынан сай­­­­ланған депутат), Тимофей Си­­дельников (Мемлекеттік Думаның мүшесі), Орест Шкап­ский (Уақытша Үкіметтің комиссары), Сергей Швецов (Петербургтік профессор-этнограф) және бас­қа адамдар «Алаш» ұлт-азат­тық қоз­ғалысының идеяларын қолдап, қазақ халқының мемле­кеттік автономиясын жақ­тап әрекет етті, қазақтардың мүддесі мен өз жерлерін сақтап қалуын қорғады.

Қорыта айтқанда, Қазақ­стан­ның азаттығы мен тәуел­сіздігі үшін күрескендерді то­лық ақтау мен олардың ер­лігін мәңгі есте сақтау – өзінің тәуелсіздігін жариялаған хал­қы­мыздың және Қазақстан Рес­­публикасының ардақты мін­­деті. Сондықтан да бұл мә­селенің «Рухани жаңғыру» бағд­арламасының темірқазығы, бі­ріктіруші тетіктерінің бірі бо­­луға тиіс екендігі – табиғи әрі заңды екенін ұмытпауымыз ке­­рек.

Сабыр ҚАСЫМОВ,
«Қаһармандар» РҚҚ президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері