Таным • 21 Желтоқсан, 2017

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ: Елбасының ең басты еңбегі

479 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабы жарыққа шықты. Шынын айтқанда, бұл еңбекті қазіргі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялап, керегесін керіп, шаңырағын көтеріп, ел қатарына қосып, екі мүшелін еңсеріп, қазіргі жер-жаһан таныған қалпына жеткізген Нұрсұлтан Назарбаевтың ең бас­ты туындысы дер едік. 

 

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ: Елбасының ең басты еңбегі

Тәуелсіздік тұсындағы толағай табыстарымызда Елбасының еңбегі өлшеусіз. Бұған сыртта да, іште де ешкім шүбә келтіре алмайды. Қытай халқының «Өтпелі кезеңде өмір сүруді Құдай басқа бермесін» деген тағылымды мақалы бар. 90-шы жылдардың басындағы күйіміз қандай еді?! Қазір қандай күй кешіп жатырмыз?! Екі арада ширек ғасыр өтті деу санаға сыймайтындай көрінеді. Елбасының дана басшылығымен біз Кеңес Одағынан кейінгі өтпелі кезеңнен алдырмай-шалдырмай, абыроймен өттік.

Жан-жақтан Ресей және Қытай сияқты алып елдер ықпал етуге тырысқан, көп ұлтты, көп конфессиялы елде бәрі болуы мүмкін еді. Грузияда, Қырғызстанда не болғанын, Украинада не болып жатқанын бәріміз білеміз. Ал біздің елімізде тыныштық, түсіністік, тұ­рақтылық орнады. Әралуан ұлт­тар­дың, ұлыстардың қарым-қатына­сында ынтымақ, бірлік қалып­тасты. Мұндай үрдістер өздігі­нен болған жоқ. Бұған біз жан-жақ­ты ойластырылған ішкі және сырт­қы саясаттың арқасында қол жеткіздік.

Дер кезінде рет-ретімен әртүрлі реформалар, жаңғырулар, ел үшін, халық үшін шешуші маңызы бар шаралар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Біз өзімізбен өзіміз болып, өз мүдделерімізбен шектеліп, басқалармен байланыспай өмір сүріп жатқан жоқпыз. Әлемдік саясатқа араласып, жер бетінде болып жатқан үрдістерге өзімізше үлес қосып келе­міз. Бүкіләлемдік саясаттың тет­ігін ұстап отырған елдердің басшы­лары Қазақ­станмен, оның Президенті Н.Ә.Назарбаевпен санасатын, ақыл­да­сатын болды. Мұны қалай айтпасқа?!

Осының бәрін жеткіншек жастарымызға түсіндіруіміз керек. Осы үрдісті жалғастыратын солар. Себебі Елбасы қалыптастыр­ған дәстүрлер сапында үзіліс бол­мауы керек. Жаңа кітап осы мақсатқа көме­гін тигізері сөзсіз. 

Елбасы жыл сайынғы Жол­дауларында, бағдарламалық сөз­дерінде, кездесулерінде қадау-қадау мәселе­лерді қозғап, тайға таңба басқандай етіп нақты тапсырмалар беріп, ірі міндеттер қойып жатады. Айтқаны­ның бәрі орынды, бәрі нақты. Билік тармағына жастарды да, әйелдерді де жиі-жиі тартып келеді. Өзіне артылған сенімді біреу ақтаса, енді біреуінің шамасы келмей жатады. Біз Елбасымен мақ­тануы­мыз керек, оның еңбегі, елі­міз­дің жетістіктері осындай сүбелі дүниелерге арқау бола беруге тиіс. 

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор

ОРАЛ