Тарих • 22 Желтоқсан, 2017

Қозыбасы атауының тарихы қандай?

2396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әулиеатаның Шу аңғары мен Мойынқұм аймағын байланыс­тырып жатқан Қозыбасы деген жер бар. Тарихи деректер бойын­ша, мұнда Қазақ хандығының алғашқы туы тігілген. Керей мен Жәнібек хандарға қоныс болған құтты мекен. Ал ел аузын­дағы аңыз бойынша, бұл жердің Қо­зыбасы аталуының тарихы былай екен. 

Қозыбасы атауының тарихы қандай?

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН

Ерте заманда хан­дар таққа отырғанда хан қарауындағы қалың жұрт жабыла қозы сойып, топтанып отырып етін жейтін болыпты. Сөйтіп қозының басы үйілген жер Қозыбасы аталып кетіпті дейді. Ал екінші бір аңыздарда аталған шоқы қозының басына ұқсағандықтан Қозыбасы аталып кеткен деген деректер бар.

Жалпы, тарихи зерттеулер бойынша Жетісу өңірінде бір­неше Қозыбасы бар. Алайда Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Қазақ хандығының құрылған жері ретінде Шу бойындағы Қозыбасы жері айтылады. Яғни бұл жер кезінде Моғолстан мемлекетінің батыс бөлігіндегі өңір болған. Сонымен қатар жыр алыбы Жамбыл Жабаев «Сұраншы батыр» дастанында Қордай асуында, Мойынқұм ауданындағы Хантау іргесінде және Іле Алатауының солтүстік-батысында Қозыбасы деген шо­қының бар екенін жырға қосады. 

Ал Махмуд ибн Уәли, Шах Махмуд Шорақ Бабырдың де­ректерінше, Шу бойы мен Қо­зыбасы аралығындағы жер­лер Моғолстанның батыс­тағы қақпасы рөлінде бол­ған деседі. Бұл қақпаның сол­түстігінде Балқаш көлі бол­ған да, оңтүстігінде таулар орна­ласқан. Тарих бойынша, ХV ға­сырдағы қалыптасқан сая­си жағдайда Есен-Бұға хан сол­түстік-батысында Әбілқайыр ханмен, оңтүстік-батысында Әбу Сайдпен қарсылас болды. Сондықтан Дешті Қыпшақтан және Мауреннахрдан Моғол­станға жасалатын жорықтар тек осы қақпа арқылы өтетінін тарихшылар жазады. Ал Дулати еңбегінде Есен-Бұға хан осы өңірге Керей мен Жәнібекті орналастыру арқылы өзін батыс­тан қорғағаны айтылады.

Қазақтың қасиет тұнған қай қиыры да қастерлі. Қазақ хан­дығының алғашқы туы тігіл­ген аймақ, бүгінгі егемен елі­міз­дің негізі қаланған өңір –  ұлт та­рихындағы өшпес белгі. Ке­зінде ұлт тағдыры сынға түс­кен ке­зеңде де қазақты қа­сірет­тен қорғап, қайғыдан ара­ша­лаған елдің қасиеті мен жердің киесі. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы