Тарих • 28 Желтоқсан, 2017

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН. Зардыхан тарихтың толағайы еді

696 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

1996 жылы менің кейінгі 20 жылдық өмірімді мәнді де мағыналы етіп өткізуіме тікелей себепші болған қамқор ағам Қойшығара Салғараның жол көрсетіп, таныстыруымен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих-этнология институтына жарты жүктемемен жұмысқа орналасқан едім. Ежелгі және Орта ғасыр бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып кабинетке кірсем төрде бурыл шашты, көзінен мейірім нұры төгілген орыс әйелі және ол кісінің қатарында сұңғақ бойлы, жараған аттай шымыр денелі, қою қоңыр шашты, аса кішіпейілдігі көзінен көрініп тұрған ақсары адаммен қол алыса амандасып таныстық басталды.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН. Зардыхан тарихтың толағайы еді

Орыс әйел, атақты Ораз Жан­до­сов­тың келіні, бөлім мең­герушісі Клав­дия Антоновна Пи­щулина екен. Ал ақсары адам сол уақытқа де­йін-ақ атағы алыс­қа кеткен, қо­ғам қайраткері – моңғолиялық қан­дасы­мыз Зардыхан Қинаятұлы екен.

Уақыт шіркінде тоқтау-то­лас деген болған ба, арада ап­талар, айлар зырлап өтіп жатты. Бізді күн өткен сайын жақындас­тырып, етене бауырластырып жіберген тылсыматтың жұмба­ғын дәл басып шеше алмасам­ да, шамалап айтар болсам, тағ­дыр­ластық, мақсат-мүд­­де­ге темірқазық болған өмір­лік ұс­та­нымдарымыз бен арман­да­рымыздың ортақтығы,ұқсас­тығы деуге болар.

Зәкең Моңғол елінен арқалап келген тарихи деректер мен өзі тікелей басынан өткізген ғұмыр­баяндық естеліктер негізінде жа­зыл­ған кітаптарын бірінен соң бірін бас­падан шығарып, өзінің кім екенін, қолынан не келетінін, тәуелсіз Қазақ еліне адал қызмет етудің қандай болатынын әйгілей бастады.

Қазақ жеріне аяқ басқан 22 жылда аса құнды 11 монография мен 200-ден аса ғылыми мақала жа­­зып, баспасөзде жариялаған Зәкең, ондаған кандидаттық, док­тор­­­лық жұмыстарға жетекші һәм оп­поненттігінің сыртында, 6-7 кі­­тап­­қа және ұжымдық зерттеу ең­бек­­­теріне қосымша автор болған екен.

Моңғолиядағы демокра­тия­лық өзгерістер мен жаң­ғыруларға тікелей ықпал етіп, әлемдік сая­сат­керлер назарына іліктірген алғаш­қы еңбегі «Социализм бе, әлде өркениеттің адасуы ма?»­ деп аталған екен. Өткен ХХ ға­сырдың 90-жылдарының басын­да тоталитарлық режим сіре­сіп тұрған заманда «социализм» деп аталған дүлейге бұлай соқтығудың ақыры не боларын Зәкең ойламады дейсің бе? Бұл арада, Зардыхан сияқты көреген ойшыл азаматымыздың әлемдік сөзге араласып «Өркениеттің адасуы» туралы ой-толғаулары америкалық саясатшылардан да бұрынырақ немесе қатар бас­талғанына отандастарының назарын аударғымыз келді. 

Зардыхан Қинаятұлының 76­ жыл­дық ғұмырнамасы үш үл­кен кезең бойынша саралануы ке­рек деп түйдім. Оған себеп бол­ған 2010 жылы жарық көрген «Көш­пенділік ғұмыр» атты өзі «Эссе» деп айқындаған тамаша еңбегі еді.

Бұл кітап Зәкеңді белгілі қо­ғам қайраткері, білгір тарихшы ретінде білетін адамдарға жа­зушы, ақын, тамаша этнограф Зар­дыхан тұлғасын сомдап бергендей болды.

Зәкең ғұмырының бірінші ке­зеңі балалық шағы өткен туған жер, ержеткізген орта, көз көр­гендер туралы перзенттік тебі­реністерге толы естеліктері, тұ­­нып тұрған төлтума этногра­фия­лық материалдары арқылы бе­дер­ленген. Оқырман сол ар­қы­лы ХХ ғасырда қиыр қо­нып, шет жайлаған Моңғолия қазақ­­тарының басынан өткен «Жылаған жылдар» шежіресімен танысу­ға мүмкіндік алады. Ана­дан 7 жасын­да, әкеден 16 жасында айыры­лып «Қинаяттың жал­ғызы» атан­ған Зар­дыхан қа­з­ақ­тың қасиетті туысқан­дық, қауымдық қоғамының қамқор­лығы арқасында елдің аялы ала­қанында ержетіпті.

Зәкеңнің екінші ғұмырлық кезеңі едәуір ұзақ та, мағыналы оқи­ғаларға толы болғанын көре­міз. Орта мектепті моңғол мек­те­бінде үздік бағамен аяқтап, Ұлан­Батырға білім қуып барған 1961 жылдан былай қарайғы бірыңғай қоғамдық ғылымдар аясындағы ізденістер соқпағы оны Мәскеуге апарып КОКП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын аяқтап, тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесіне қол жеткізген болатын.

Білім-білігі де, абырой-ата­ғы да аспандап тұрған өткен ға­сыр­дың 70-80-ші жылдарында­ Зәкең Моңғол өкіметінің қол­дап-қолпаштауы арқасында халық­аралық деңгейдегі қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріліп, әлемнің 27 еліне Моңғол делегациясын бастап барып қайтқан екен. Ғылым саласынан мүлде өзгеше мансап қуғандай болған ол жылдарды Зәкең текке өткіз­бепті. Өмірлік тәжірибе, орнық­ты білім, ұлттық ой-сананың желеп-жебеуімен болар, әлемнің жартысына билігін жүргізген тәкаппар Шыңғыс хан әулеті ат төбеліндей аз қазақтың жетім пер­зентін әспеттеп, сенім артып өкіметтің екінші адамы дәре­жесіне көтеріпті.

Зардыхан Қинаятұлын қоғам қайраткері, Моңғолияның рефор­ма­лық қозғалысының бас идео­логы ретінде танытқан 1990 жыл­дар Зәкең ғұмырнамасының екін­ші кезеңі жарқын самғау кезеңі ретінде бағалануға лайық.

Қинаяттың жалғызын жалпақ әлемге танытқан «Социализм бе, әлде өркениеттің адасуы ма?» ат­ты манифес мәнзелдес еңбегі сол есею, кемелдену кезеңінің жар­қын ескерткіші десе болар. «Көш­пенділік ғұмырда» жеке тақырып ретінде баяндалған «Егер қоғам тапсырыс берсе оны­­ өзгертуге 15 адамның ақыл-ойы жетеді екен» дей келіп, 15 адам­ның ақыл-ойының өзі қоғамды қозғалысқа енгізетінін, егер қоғам қозғалысқа енсе, ақыл-ойдың алдында аппарат маши­насының өзі қауқарсыз болып қалатын тәжірибені адамдардың есіне сала кетуді» ескертеді. 

* * * 
Зардыхан Қинаятұлы тарихшы ретінде қазақ тарихы ғылымына қандай жаңалықтар әкелді десек ол жаңалықтарды біздің тарих­шылар қалай бағалап, қалай қабылдады деген өз сұрағымыз­ға өзімізше жауап іздеп көрелік.

1.Қазақ оқырмандарына мүл­­де бейтаныс болып келген­ Моң­ғолиядағы шашыранды қазақ­тардың «Жылаған жылдар ше­жіресін» жазып беру арқылы та­рихи-білім, тағылымдық сабақ дәрісін оқығандай болды. Одан кейін «Моңғолиядағы қазақтар» 1, «Моңғолиядағы қазақтар» 2, «Қобдалық қазақтар» 3, деген ал­қалы кітаптары арқылы жан-жақтылы мағлұмат алдық.

2.Күні кешеге дейін біресе моң­ғол-тұңғыс текті, біресе түрік тек­ті делініп келген дүдәмал, ғы­лыми негізі шамалы зерттеулерге өзек болған найман-керей тайпалары жөніндегі жаңсақтықтарға айқын анықтама берген «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары ІХ-ХІІ ғасыр» атты кітабын 2001 жылы жариялады. Қазақ тарихы үшін бұл еңбектің орны ерекше болса да, күні бүгінге дейін ол зерттеушілер на­зарынан шет қалып тұр. 
Бұл тақырыпты ондаған жыл терең­дей зерттеп, түкпірлей қа­рас­тырған Зәкең қатерлі нау­қас­қа шалдыққанына қарамай қай­тыс боларынан бұрын «Най­ман хандығы: тарихы және мә­де­ниеті» (ХІІ-ХІХ ғғ) деген тама­ша еңбегін аманат етіп қал­дырған болатын. Осынау жа­уап­ты аманатты баласы Жар­мұхамет пен профессор Нәби­жан Мұхаметхан редакция­лап, жомарт жанды кәсіпкер Сабыр­жан Мұхаметханның қаржылан­дыруымен «Мерей» баспасынан таяуда ғана басып шығарды.

Кәсіби тарихшылық пен жол­бике-әуесқой тарихшылық­тың аспан мен жердей алшақ болатынын марқұм Зәкең осы еңбегі арқылы тағы бір рет тағылымдап, өнегелеп бергендей болды.

3.Қазақ тарихын, Қазақ мем­лекет­тілігі тарихын қай дәуір­ден, қалай бастау керек деген мә­се­ле күні кешеге дейін даулы, күмәнді, тіпті теріс бағытта қа­рас­тырылып келгені белгілі. Өт­кен 25 жыл бойы бұл мәселе теріс айналып 1991 жылдан бұ­рын қазақта дербес мемлекет те, анық мемлекеттік шекара да болмаған дейтін сандыраққа жол ашқандай болды. Бірақ жалған жа­лалы дауға нүкте қойылып, алғ­аш рет Қазақ хандығының 550 жыл­дық мерейтойы мемлекеттік дең­гейде, ғылыми тарих дәлел сипат амал­дармен салтанатты түрде атап өтілді. 

Зардыхан Қинаятұлы баста­ған біраз тарихшылардың зерт­теу­лері қазақ халқының ат-атауы­мен алғаш рет тарих сахнасына шыққан 550 жылдық ұлы оқиғаға байланысты болғаны, ал қазақ мемлекеті тарихы Жошы хан шаңырағын көтерген Ақ Ордадан басталады деген концепцияға не­гізделіп 2004 жылы «Қазақ мем­лекеті және Жошы хан» деген монографиясын жариялады. Араға 10 жыл салып 2014 жылы «Ел таным» баспасынан жаңа тараулармен, қосымшалармен толықтырылған нұсқасы жарық көрді.

Қазақ тарихында алғаш рет «Моңғол ұлыстары билігі дәуірі» деген аталым пайда болды. Бұл дәуір 240 жылға таяу уақытты (1224-1465/66  қамтиды.
«Жошы отырған Ақ Орданың шаңырағы Ертісте көтеріліп, ке­йінірек Сығанаққа көшірілді. Ақ Орданы әуелі Жошы хан, онан кейін Жошының тұңғыш ұлы Орда Еженнен тараған хандар биледі. Қазақ мемлекетінің үлгісі (прообраз), жер аумағы, этникалық қауы­мы, әскери-саяси құрылымы, билік династиясы Ақ Орданың аясында қалыптасты»,  деп жазады тарихшы.

360 беттік тамаша монография бай деректемелік негіздерге сүйене отырып, нақтылы ғылыми дәлелдермен жазылғандықтан Қазақ мемлекеті тарихы Ақ Орда­дан басталады деген тұ­жы­рымға тоқтау керектігіне ша­қы­рады.

715 беттік «Шыңғыс хан жә­не Қазақ мемлекеті» атты әй­дік­ зерттеу еңбегінде моңғол, тұң­ғыс, орыс, араб, парсы, ұйғыр, қы­тай жазба деректерінен 2080 сіл­теме жасаған Зардыхан тарих­шының жанкешті еңбегі мен зейін-зердесінің, азаматтық жа­уап­кершілігінің алдында бет­пе-бет тұрғанымызды бір сәт ой­ла­сақ пендешіліктен арылуға болар ма еді деп қиялдаймыз.

* * *
 Аллаға шүкір, тәуелсіздіктің арқасында қазақ есін жиып, тәубесіне келе бастады. Осы тұста тарихшы, қоғам қайраткері Зарды­хан Қинаятұлының ұлы Абай рухымен қалай қауышып, қалай толғағанына тоқтала кет­кім келді.

«Абай және қазақы мінез-құ­лық» атты шағын ең­бегінде көтерген терең ойларынан бастайын. «Абай өмірді ақ пен қара, адал мен һарам, өтірік пен шындық, махаббат пен арсыздық, сұлулық пен сүйкімсіздік, ға­қыл мен қуат һәм осынау екі жақ­тылықтың ара-қатынасынан іздеді.

...Ол қазақтың менталитеттік мінез-құлқын тұрмыс-тірші­лігінің сырын, өмірінің келеңді-келеңсіз жақтарын бүй­рек-сирағына дейін ақтарып ашып салды. Онысы қараңғы хал­қы арланса арлансын, намысы қозса қозсын, ізденсін, бір серпіліп көзін ашсын, ой-өрісін кеңейтсін, көкірегін оятсын дегендіктен еді» (Көшпенділік ғұмыр». 103-б).

Бүгінгі қазақ қоғамына талдау жасаған профессор Зардыхан «...қазақтың бұрынғы басқаға бас­ ұрушылық, ұлттық нигилизм психологиясы және ұлттық дербестікке, азаттыққа ұмтылған жаңа патриотизм, ұлттық сезім арасындағы қарама-қайшылық» бой көрсеткеніне назар аударады. Сөйтіп, «...ел боламыз, ұлт боламыз деп талпынған бүгінгі қазақтың серпіліс күші неде» деген сұраққа қайсы біреулер ұлттық идеология қажет дейді. Меніңше қолдан жаңа идеология жасау мүмкін емес. Қазақта идео­логия біреу, ол – ұлтының азат­тығы. Бұл идеология әлі де тірі, қазақтың басына түскен қай­ғы-қасіретінің жүгі ауырлаған сайын тәуелсіздік (азаттық) идео­логиясының салмағы арта түсе­ді», деп жауап береді.

Тарихшы, әдебиетші, ақын, қо­ғам қайраткері Зардыхан Қи­ная­т­ұлы қай салада, қандай та­қырыпта қалам тартса да, одан тағылымдық, тәрбиелік һәм көркем эстетикалық мән-мағына тауып, ұлт мүддесіне, мемлекет мүддесіне қызмет еттіру­ге баса мән бергендігіне көзім жетіп, көңілім сенді. Ендеше, ғұла­ма ғалым Зардыхан рухы да өзінің қазағымен бірге жасай бермек.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,
тарих ғылымдарының кандидаты

АЛМАТЫ