Медицина • 29 Желтоқсан, 2017

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры алға қойған міндеттерін орындады

402 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

2017 жыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры үшін оңай болған жоқ. Негізі, бұл реформа бір жылда іске асырылған дүние емес. Ол бірнеше жыл бойы жүргізілген дайындық жұмыстарының нәтижесі. Соған қарамастан «біткен іске сыншы көп» болды.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры алға қойған міндеттерін орындады

 Жалпы, реформаны талқылау барысында сарапшылар тарапынан жоба ережелерінің ашық еместігіне, жоспарлау жүйесіндегі олқылықтарға, медициналық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру ісіне қатысты біраз сын айтылды. Қызмет сапасы, азаматтарды дәрігер таңдау құқымен толыққанды қамтамасыз етуге қатысты пікірлер де аз болған жоқ. Әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2,7 млн азаматтың жайы көп дау тудырды. Жұртшылық тарапынан айтылған сыни пікірлер мен Елбасының тапсырмасынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді екі жылға шегеру туралы ұсыныс жасады, заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды.

Бұл өзгерістер біздің қызметімізге сөзсіз әсер етті. Кейбір мәселелерді қай­та қарауға тура келді. Дегенмен, қор бүгінде кәсіби институт ретінде қа­лыптасып үлгерді. Тамыз айында құрылған аймақтық филиалдарымыз медициналық қызмет көрсететін денсаулық сақтау субъектілерімен қоян-қолтық жұмыс істей алатынын дәлелдеді. Қор алдында тұрған тағы бір маңызды міндет жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің төлемдерін жинақтау болатын. Бір қарағанда жеңіл көрінген, бірақ қалтарысы көп бұл мәселе де бірыңғайланды деуге болады. Жүйе іске қосылған шілде айынан бері қорға аударылған жарналар мен аударымдар мөлшері 30 млрд теңгеге жуықтады. Ал, сақтандырылғандар саны 5 млн адамға жетті, оның 4,605 миллионы – жалдамалы жұмыскерлер. 

Сонымен, сақтандыру жүйесі екі жылдан кейін енгізілетін болды. Бірақ бұл қор өз жұмысын тоқтатады деген сөз емес. Қордың алдында үлкен міндеттер тұр. Заң бойынша, қор тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ғана емес, осы Кепіл­дендірілген тегін медициналық көмек пакетінің де операторы болып табылады. Сондықтан қазір заңда көрсетілген міндетімізді атқаруға кірісіп кеттік. Жыл сайын елімізде кепілдендірілген медициналық көмекке бюджеттен 1 трлн теңгеге жуық қаржы бөлініп отырады. Келер жылдан бастап бұл қаржы бұрынғыдай министрлік жүйесі арқылы емес, қор арқылы өтетін болады. Сонымен қатар қор қыркүйек айында аталған бағдарлама шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жасады. Мемлекеттік тапсырысты орын­дауға ұзын саны 1554 денсаулық сақтау субъектісі өтініш берді. Оның 44 пайызы (667) жекеменшік клиникалар. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп. Және бұл жекеменшік ұйымдардың қор бастамасын қолдап, медициналық қызмет көрсетуде белсенділік танытқанын көрсетсе керек. Сондай-ақ биыл тұңғыш рет аталған үдеріске еліміздегі ірі жеке- меншік клиникалар қатысып отыр. Бұл да халық арасында білікті мамандарымен, заманауи технологияларымен бедел жинаған клиникалардың қызығушылық танытып отырғанын білдіреді. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­­мының мәліметтеріне қарағанда, Қазақ­станда соңғы жылдары осы салаға бөлінетін жалпы шығынның 39 пайызы қарапайым халықтың қалтасынан шығады екен. Яғни, емханадағы дә­рі­геріне тегін қаралу, анализ тапсыру үшін кезек күтіп шаршаған жұрт­тың жекеменшік клиникаларға ойыс­қанына аз уақыт болған жоқ. Қазір жекеменшік клиникаларды көптеп тарту жұмыстары Астана мен Алматы қалаларында, Жамбыл облысында қызу жүріп жатыр. Осы жерде қала халқының таңдау жасауға мүм­кіндігі мол, ал ауыл тұрғындары не істейді деген сұрақтың басы қылтияры анық. Ауылда жекеменшік медицина ор­талықтары жоқтың қасы. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі салалық инфрақұрылымның алдағы 8 жылға арналған бірыңғай жоспарын әзірлеп жатыр. Жұмыс барысында бұрынғы тәжірибедегі олқылықтар мен жетістіктер ескеріліп, клиникалар мен қондырғылардың тозу деңгейі сарапталады, жаңа емдеу мекемелерін салу қажеттігі екшеледі. Соның ішінде денсаулық нысандарын мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде салу мүмкіндіктері қарастырылмақ. Әсіресе аймақтарға басымдық беріледі. Бұл жұмыстың жекеменшік клиникаларды ірі ауылдарға тартуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. 

Биыл қор тұңғыш рет тіркеу нау­қа­нын өткізді. Қыркүйек айында бас­талған дәстүрлі шара екі айға созылды. Ол бұрын-соңды тіркеуге тұрмаған тұрғындарға қалаған емханаға тіркелуге мүмкіндік берді. Қазақстандықтар науқан барысында үлкен белсенділік таныта қоймаса да, қызығушылық деңгейінің едәуір артқанын аңғардық. Науқанға біздің дерекқорға енген 662 медицина ұйымы қатысты. Оның 86-сы жекеменшік. Бұрынғы тіркеу науқаны кезінде шамамен 180 мың адам емхана таңдау құқығын пайдаланып келген болса, биыл олардың саны 300 мыңнан асты. Денсаулық сақтау министрінің ұсынысы бойынша алдағы уақытта осы дәстүрлі науқаннан бас тарту жоспарланып отыр. Өйткені соңғы кезде жүргізілген жұмыс нәтижесінде жұртшылық бұған біраз бой үйретті. Емхана таңдауға болатынын білді. Сондықтан белгілі бір уақыт келгенде тіркеу науқаны басталды деп елді дүрліктірмей, оны 1 қаңтардан бастап жүргізе береміз. Себебі әр азаматтың дұрыс қызмет көрсетпеген емханадан бас тартып, кез келген уақытта бас­қасына ауысуға мүмкіндігі болуы тиіс. Ал біздің жүйеде қаржы пациенттің соңы­нан жүретіндіктен халыққа дұрыс қыз­мет көрсетпеген емхана қаражаттан қа­ғылады деген сөз.

Сонымен қатар қор халықпен кері бай­ланыс орнатуға, ашық жұмыс істеу­ге барын салып отыр. Бұл біздің қыз­метіміздегі басым бағыттардың бірі. Бір ай бұрын іске қосылған «МСҚ: Халықтық бақылау» мобильді қо­сымшасы осының айқын дәлелі. Кез келген азамат аталған қо­сым­ша­ның көмегімен өзі қаралған клиника қызметіне баға бере алады. Па­циент­тер мен медицина ұйымдары ара­сындағы байланыс көпірі қызметін атқаратын қор үшін жұртшылықтың пікірін білу бәрінен маңызды. Бұдан басқа, МСҚ қызметіне қатысты деректерді әлеуметтік желілердегі па­рақ­­шаларымыз бен ресми сайтымыздан да табуға болады. 

Осылайша, МСҚ 2017 жылы алға қой­ған міндеттерін толық орындады деуге болады. Алда бізді үлкен жұ­мыс­тар күтіп тұр. Соның бірі әрі бірегейі тариф мәселесі. Бұрын кепіл­дендірілген тегін көмекке берілетін қар­жы әртүрлі деңгейдегі бюджеттерден бөлінетін болса, келер жылдан бастап ол республикалық бюджетте шоғырланатын болды. Мұның артық­шылығы неде? Бұрын бюджеттен бөлін­ген қаржы мемлекеттік тапсырыс алған денсаулық сақтау нысандарына бөліп берілетін. Жалпы, қаржыны реттеу жүйесі бөлінген ресурсты таратып беруге негіз­делді. Тарифтің өзі дұрыс есептелген жоқ. Салдарынан аймақтар арасында тепе-теңдік бұзылды. Өйткені қаржы әр өңірдің бюджетіне қарай бөлінді. Ал әр аймақтың мүмкіндігі әртүрлі. Сон­дықтан медициналық көмектің бір тү­рінің өзі түрлі тарифтер бойынша қар­жыландырылды. Қазір біздің алдымызда тұрған үлкен мәселенің бірі осы. Сақтандыру қорының мақсаты тарифке қатысты ұсыныстар әзірлеп, Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыну. Біз тариф­тердің барлық жерде біркелкі болуын­ қамтамасыз еткіміз келеді. Себебі бүгін­гі тарифтер емдеу мекемелерінің шы­ғындарын жаппайды және олардың сапалы қызмет көрсетуіне мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар медициналық көмек пакетін кепілдендірілген көмек көлемі шеңберінде бөлінетін қаржы­ға сәйкестендіруіміз қажет. Бұл меди­ци­налық көмектің қолжетімділігі мәсе­лесі. Өкінішке қарай, бізде іс жүзінде меди­циналық көмек қолжетімді емес. Халық көмекті қағаз жүзінде емес, іс жүзінде алуы тиіс.

Тағы бір мәселе – өзін-өзі жұмыс­пен қам­тыған 2,7 млн халыққа қа­тыс­ты түйткілді шешу. Бұл жер­гілікті мемлекеттік органдармен бірле­сіп шешілуі тиіс. Қазір мүдделі орган­дардың өкілдерінен құралған комиссия­лар жұмысқа кірісіп те кетті. Біз осы жұмыс­тан оң нәтиже күтеміз және жүйеде қамтылмаған тұрғындар саны едәуір төмендейді деп сенеміз.

Елена БАХМУТОВА, 
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрайымы