29 Желтоқсан, 2017

Ұлы Дала және ұлттық ономастика

817 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Туған жердің байырғы жер-су атауларының қалпына келтірілуі және ерен тұлғаларын ескеру, ұлт санасында жаңғырту қажет. Бұл орайда Елбасының Жарлығымен Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы үздік ақын-композитор, асқақ әнші Біржан сал есімімен аталуы ел мен жер мерейін бір өсіріп тастады. 

Ұлы Дала және ұлттық ономастика

Дәстүрлі тарихи жер-су атаулары – халықтың рухани тарихы және оның ұлттық санасы, философиялық дүниетанымы, сұлулыққа, көркемдікке деген көзқарасы. Ендеше, Тәуелсіздігімізді, елдігімізді, мемлекеттігімізді мейлінше берік орнықтыру мақсатында ежелден ел санасында орныққан төл атауларымызды жаңғырту, қайта атау – отаншылдық, ұлттық рухымызды асқақтатары хақ.

Ғұн заманынан сыр шертетін Сарыарқа төріндегі Талас, Тарты, Бұланты, Мон­­шақты, Сілеті, Өлеңті, Шідерті, Қодан, Мыржық, Бағылан, Тентек, тағы бас­қа топонимдер көненің көзіндей қас­тер­лі. Қытай жылнамасында Ғұн тауы – Ал­тай тауы дегенді білдірген. Ұлт мәдениетінің Бас кіта­бы – Қор­қыт Ата кітабында Арқа, Ала­тау, Қа­зы­лық тауы дейтін байырғы атаулар бар.

Еуразияның ұшы-қиырсыз кеңістігін­де түркі топонимдері жетерлік. Мысалы: Айдар (Украина), Айм (РФ), Алтынай (РФ), Батагай (РФ), Кайнар (Молдова), Карасу (Иран), Коктебел – Көк төбе (Қырым), Яссы – Ыссы (Румыния), Кизляр – қыздар (Дағыстан), Култук – қолтық (РФ), Карталы – Қара талды (РФ) тәрізді түркілік жер-су атаулары Ахмет Дүйсенбаевтың «Еуразия топонимдері» («Егемен Қазақстан», 2014 жыл, 26 ақпан) және «Түркі топонимдері» («Қазақ әдебиеті», 2012 жыл, 13 қаңтар, № 2) атты материалдарында көрініс тапқан.

Атырау облысы, Жылой ауданында Ақкиізтоғай деген жер бар. Мұның мәнісі былай екен: Ел құрметтісі Қожа­назар бабамыз (хас суреткер Әбіш Кекіл­байұлының атасы) Айшуақ ханды ақ киіз төсеп қарсы алған. Содан бастап осылай аталған.

Астананың іргесінде, Ұлы Жібек жолының бойында ортағасырлық Бозоқ шаһары бар. Түптеп келгенде, бұл да қазақ өркениетінің куәгері.
Қазақстанда таным-пайымыңды көріктендіретін һәм тереңдететін, қиял-сезіміңді қанаттандыратын, мән-ма­ғынасы сұлу жер-су атаулары жет­кі­лікті. Айталық: Домбыралы, Көркем, Қарлығаш, Оғызбалық, Айғыр ұшқан, Кү­ле­геш (Қарқаралыдағы жартастың аты, бір сөзіңді жеті рет қайталайды) және т.с.с.

Я болмаса Ақмола облысында мағы­насы көмескіленген «Ей», «Түнтүйгір» дейтін елді мекендер бар. Солтүстік Қазақ­стан облысының Жамбыл ауданы­ның орталығы Пресновка селосының дәл қасында Пресное көлі бар. 2012 жылы 88-дегі ақсақал соның байырғы атауын айтып бере алмады. Міне, отарлаудың кесапаты. Отарлау саясатының негізінде пайда болған жасанды жер, су, елді мекен атауларын бір қаулымен-ақ келмеске кетіру абзал.

Ақмола облысының Щучье ауданында 60 қазақ отбасы мекен еткен «Новый Қарабауыр селосы» бар. Көзге сүйел, көңілге түрпі. Сол секілді, Дмитриевка мен Николаевка. Алғашқысының төл атауы «Ұрымқай», кейінгісі «Аршалы» десе де қонымды. Өйткені бұл жерде Аршалы өзені ағады.
Ономастикада аса күрделі мәселенің бірі – елді мекенге, мектепке, даңғылға, көшеге, әуежайларға, айлақтарға, темір­жол вокзалдарына, т.с.с. кісі есімдерін беру. Ел ұғымында белгілі бір адамның бай­лығы, атақ-дәрежесі емес, ардақты іс­тері, үлгілі, өнегелі дәстүрі мен мек­тебі, тарихи қызметі қайраткердің нақ­ты тұлғасын анықтайды. Жапонияда қай­рат­кер бір ғасырдан кейін айрықша назар­ға ілінеді екен. Қазақ жағдайында кей­біреу­лердің жасандылықпен, дабыра-даңғазамен атағы шыққандарға топырағы суымай-ақ екі өкпесін қолына алып жүгіру әбестік, әдепсіздік. Тарихтың таразысын, таңдауын, талқысын қайда қоямыз?! Бүгінгі күнге дейін Абай «Қазақта Марабайдан асқан ақын жоқ» деп құрметтеген, Қобыланды мен Ер Тарғынды ересен көркемдікпен, тереңдікпен толғаған жырауға ештеңе бұйырмаған. Бұған қарап Марабай жырау­ды ұмыттық деуге әсте болмайды.
Тарихшы А.И.Левшиннің «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей» (СПб, 1832) атты еңбегінде Қызылжар – Көкшетау – Ақмола бағытында және Ұлытау мен Түркістанға қарай созылған қара жолды Абылай хан жолы деп аталған деп жазады. Осы тарихи үрдісті қалпына келтірсек, тарихи зердемізді сәулелендірер еді. 

Сонан соң Хан Кененің батыр қарын­дасы Бопай ханымға, мемлекет қайрат­кері Әбілқайыр Досовқа, Алаштың ардақ­тылары Смағұл Садуақасұлы мен Шәрәпи Әлжановқа, «Жас қазақ» әнінің авторы Рамазан Елебаевқа, дарынды сыншы Айқын Нұрқатовқа мектеп, көшеге есімдерін беру, ескерткіштер қою парыз. Өйткені Махатма Ганди айтқандай, «мәңгілік ақиқаттар, олардың атауы «мәңгі» деп аталып тұрса да, өздерін ұдайы ескеріп тұруға және санаға сіңіруге мұқтаж».

Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор