Технология • 31 Желтоқсан, 2017

Қостанайдан «Кировец» тракторы шығатын болады

736 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайда индустриялық  аймақ салынып жатқанын бұрын хабарлағанбыз. Келер жылдың мамыр айында онда алғаш рет лифт шығарылатын болады. Енді осы аймаққа Ресейдің «УралЛТД» компаниясының басшысы Валентин Романов «Кировец – 744 Р» тракторын құрастыратын зауыт салу жоспарын айтты.  

Қостанайдан «Кировец» тракторы шығатын болады

Ресейліктердің жоспары бойынша алдымен жылына 150 трактор шығарады,  егер сұраныс артса оны 500 тракторға дейін жеткізуге болады. Зауыт құрылысы екі жақтан қаржыландырылады. Оған бірінші кезекте индустриялық аймақтан жер алқабы бөлінуі тиіс.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов  инвестордан 1 миллиард теңге инвестиция түссе, жер аумағын бөлу шешілетіндігін айтты.

«Инвестиция түссе, жер қазір де дайын.  Қазір индустриялық аймаққа өз кәсіпорындарын орналастырғысы келетіндер саны артып келеді. Елбасы индустриялық аймақты экономикалық еркін аймаққа айналдыруға уәде етті. Салық жөнінен  артықшылықтар жасалады» деді Архимед Бегежанұлы.

Ресейліктер «Кировец» тракторының Қостанайда құрастырылатын  қуаты аз маркасын көрсетті. Бұл баяғы Харьковте шығарылатын ХТЗ-150 тракторының жетілдірілген баламасы болады. Бағасы 25 миллион теңге.

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай