Ауыл әкімі: бюджет пен бедел

Анау ғасырдың басында нағыз ұлт жазушысы, Бейімбет Майлин «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз, Ауыл дене, біз – қозғатар жанымыз. Кел, еңбекші, қол ұстасып бір туға, Жиналайық қалмай жасы, кәріміз!», деп ауылды көркейтуге елді шақырғаны алдыңғы толқынның есінде болса керек. Сол үлгі қазір де күн тәртібіне шықты.

Егемен Қазақстан
01.01.2018 91

Шынында, ауыл – алтын бесік. Бұл жаттанды, жарамсақ сөздей естілер. Бірақ жер иесі қазаққа олай естілуі, әсте мүмкін емес. Ақиқатына келсек, қазақтың тірегі де, тірлігі де жерінде, ауылында жатыр. Бабалардан қалған байтақтың қоламтасын өшірмей отырған да ауыл адамдары. Қаланы көркейтіп, көлбең-көлбең бастырып отырғанда қазақ жерінің асты мен үстіндегі байлығы. Жері жоқ ел ел бола ма?! Жерін тиімді пайдаланбаған жұрт жұрт па?! Қазақты әлем таныса, алдымен сол жердің кеңдігіне, дәулетінің молдығына, халқының ұйыған бірлігіне, ұя бұзбайтын бейбітшіл тірлігіне қарай бағалап отыр. Ас ішіп, аяқ босатпайтын, бөз киіп тоздырмайтын жер бетінде жан жоқ шығар. Сол асың мен бөзің, яғни шикізат ауылда өндіріледі. Қазір әлем халқының табиғи тағам дегенде таңдайлары тақылдап отыр. Оның арнасы қазақ жерінде екенін, баяғыдағы бабаларымыздың сөзімен тәмсілдесек, ойық тұмақ орыс та, қиық тұмақ қытай да, өзгелер де біліп, қыры мен ойына, көк тіреген тауы мен көсіліп жатқан даласына көз салып, тату көршілік, берік достық аясындағы қарым-қатынаста болуға ұмтылуда. Осы ұмтылыс үдей берсе, ауылда өндірілетін өнім құны алтынмен пара-пар болуы күмәнсіз. Қазірдің өзінде табиғи өніміміз шетке жіберіліп жатқанын естіп-біліп отырмыз. Әсіресе жасанды тамақ пен киімнен азар да безер – іргедегі көршіміз табиғи бір түйір дәнге сусап отырғаны белгілі.

Осыны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерте ескеріп, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына бастамашы болды. Есейіп бара жатқан алдыңғы толқынның орнын жастар бассын деген ниетпен озық идеяны елдік іске айналдырды. Оқыған жас ауылға барса, ондағы жас солармен қоян-қолтық араласып, кіндік қаны тамған жердің тірлігін оңалтып, тірегі болады деді. Осы жақсы бастама кей тұста жергілікті жердегі басшылардың салғырттығынан, жұрт болып жұмылып жағдай жасамаудан, қаржы жоқ деген желеумен кей өңірлерде баянды болмағанын несін жасырамыз. Таудай үмітпен барып, әлгіндей үйлесімсіздіктен салы суға кетіп қайтқандар да жоқ емес, бар. Біз мұны неге айтып отырмыз, себебі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамында ауыл, село, кент секілді елді мекендердің дербес бюджетін енгізуді міндеттеп, соған дайындық жұмысын жүйелі жүргізуді тапсырған болатын. Енді соны жүзеге асыру басталады. Яғни 2018 жылдың алғашқы күнінен тұрғындары екі мыңнан асатын ауыл әкімдері бюджетке өздері иелік етеді. Иелік етіп қана қоймайды, жиналған қаржыны бұрынғыдай жоғарыға жалтақтамай, өзі жұмсап, өздері басқарады. 2020 жылдан барлық ауыл басшыларының өз қолы өз аузына жетеді. Бейімбет өлеңіндегі «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз... Жиналайық қалмай жасы, кәріміз» деп бас құрайтын күн туды. Бұл ауылдың басындағы тұманды сейілтері хақ.

Бұрын ауыл жұртынан түскен түсім­ге иелік ете алмай, ортақ қазаннан ойда­ғы­­сын ала алмай, алдыңғы билікке алаң­­дай беретін ауыл әкімдері осы мүм­­кін­дікті дөң­гелетіп әкетсе, қане? Мұн­дай жұ­мыс­ты қазірдің өзінде атқарып жүр­ген­дер де, ауыл әкімі атын малданып, бер­ген көлікпен аудан мен ауыл арасын шаң­­дататындар да баршылық. Егер осы іс оң шешімін тапса, жеке-жеке кетіп, өз тірлігімен күн көріп отырған ауылдың бір орталыққа бірігіп, жұмылуларына жол ашылады. Бәрін ақша шешетін заманда қолына ақша тиген ауыл әкімі оны қожыратпай, жұртқа пайдасы тиетін іске жаратса, шашыраған ауыл шара­сыз­дықтан құтылары айдай анық. Әрине түсім әртүрлі ғой дейтіндер табылар. Барды ұқсатам дегенге қазақ жері тарлық етпе дейді. Жоқтан бар жасап, қара тас­ты қақыратып әдемі өмір сүріп отырған жұрттар әлемде аз ба?

Қайталап айтсақ, ендігі жерде ауыл әкімі бұрынғы қалыбында қалып қоймай, жоғарыдағының жетегінде кете бермей, заң аясында, Елбасы міндеттеген іске сай сауаттылықпен қызмет етуі керек. Олар ендігі жерде сатып алу, сату, тендер өткізу ісімен де айналысатын болады. Мұның бәрі ат үстінде атқарылмайтын жұмыс. Жасыратыны жоқ, көптеген ауыл әкімдері әлі күнге көрермізбен жүрген тәрізді. Оны елге барғанда аңғарғандай болдық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай емес, қаржы қолға тиген кейбір аудан әкімдері шетінен «құдіретті» болып кеткендей. Оған еліктеген төңірегіндегілер де кем қалмауға тырысады. Мұндай «кеселге» ауыл әкімі ұрынбаса екен. Алдыңғылардың жолдарымен жүрмей, арлы шенеунік болуы тиіс. Ауылдың «жыртық тесігін» бітеу үшін нақты жоба-жоспар жасамаса, түскен қаржының бір тиынын құратпай жұмсамаса, алыстағы облыс, аудан секілді емес, көз алдында жүрген жұрт сілкіп алары рас. «Бұрынғы тіске сыздық болмайтын аз-кемнің қасында бұл бір батпан құйрық екен», деп ауыл әкімі қаржыдан шатысса, ел сенімінен, өзін-өзі басқаруға жол ашып, бюджетін бекітіп берген Елбасы үмітінен айырылып, беделден жұрдай болары күмәнсіз.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

18.08.2018

Джакартада Жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті

18.08.2018

БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан қайтыс болды

18.08.2018

Мемлекеттік хатшының қатысуымен Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойы өтті

18.08.2018

Пара алған әкімдердің қылмысы әшкере болды

18.08.2018

Елордада «Ұлы дала рухы» республикалық фестивалінің солтүстік аймақтық іріктеу жарыстары өтіп жатыр

18.08.2018

Астанада түркі тіл білімінің өзекті мәселелері талқылануда

18.08.2018

Бүгін ауыл жасөспірімдерінің республикалық II жазғы спорт ойындары басталады

18.08.2018

Допинг дауынан кейін «Канело» ресми түрде қайта рингке оралды

18.08.2018

Ыбырай Алтынсариннің отбасы қолданған жәдігерлер жұрт назарына ұсынылды (ВИДЕО)

18.08.2018

Астанада мемлекеттік қызметкерлер арасында спорттық сайыс өтіп жатыр

18.08.2018

Қаламгер Сұлтан Қалиұлы дүниеден озды

18.08.2018

Бүгін Азия ойындарының салтанатты ашылуы өтеді

18.08.2018

Мыңнан аса астаналық веложарысқа қатысуда

18.08.2018

ҚМДБ еліміз қалалары бойынша айт намазының уақытын жариялады

18.08.2018

Демалыс күндері елімізде ауа райы құбылмалы болады

17.08.2018

Қазақстан Президенті «Журавлевка 1» ауыл шаруашылығы кешенін аралап көрді

17.08.2018

Роман Григорчук «Астана» клубының бас бапкерлігінен уақытша кетті

17.08.2018

Қазақстандық велотрекші әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

17.08.2018

Тау туризмін дамыту қажет

17.08.2018

Еңбек ері – ұрпаққа үлгі

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Тілтолғақ пен тілтұтқа

Әлеуметтік желіден «Астана қаласы­ның қаракөз балдырғандары қазақша сөй­лемейтіні несі?» деген сыңайдағы сұрау­лы сөйлем, қобалжулы пікірді көзіміз шалып ойланып қалдық, қапаландық. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Ертеңгі ұрпақтың да еншісі бар

Қойнауы құт қазақ жері тәуел­сіз­дігі­міздің ширек ғасырдан асқан шежіресінде ел экономикасын тұралап қалу қасіретінен сақтап келеді. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Мәдениетке мән берсек...

Үйіміздің жанындағы азық-түлік сататын дүңгіршекке соңғы кезде сатушы құтаймай-ақ қойды, жиі-жиі ауысады. Бұрын тіпті мұнда сатушы қыздардың Павлодардан қатынап істейтінін естіп-біліп жүретінбіз. «Екі апта Астанада сауда жасасақ, екі апта бала-шағамыздың қасында болғанға мәзбіз. Ауылдан қалаға қатынап істеудің азабы мен машақаты мұндайды бастан өткізген адамға ғана мәлім. 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Арбамен қоянға жетер» күн қайда?

1998 жылы Kodak фирмасында 170 мың адам жұмыс істеген екен және әлем бойынша саудаланған фотоқағаздың 85 проценті дәл осы фирманың үлесіне тиген. Небәрі бірнеше жылдың ішінде олардың бизнес-моделі жойылып, фирма банкрот болған. Бұл нені білдіреді?

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Аграрлық саладағы болашақ мамандықтар

Сарапшылардың болжамдарына қарағанда, әлемдік аграрлық салада 15-20 жылдың ішінде революциялық өз­герістер жүзеге асырылады. Жаңа тех­нологиялардың шапшаң қарқынмен дамуы, ғарыш кеңістігін игеруге көптеген елдердің құлшыныс танытуы, гендік инженерия ықпалының күшеюі, азық-түлікке сұраныстың артуы, бос жатқан жерлердің азаюы секілді факторлар әлем бойынша жаңа технологиялармен қаруланған жаңа тұрпатты ауыл ша­руашылығын қалыптастырады. Сөйтіп ауыл шаруашылығы өзгерістерге барынша баяу бейімделетін ең консервативті сала деген бұрынғы түсініктің көбесі сөгіледі.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу