Медицина • 05 Қаңтар, 2018

Заң үстемдігін орнатудың заманауи жолы айқын

663 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Цифрлы Қазақстан» мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте еліміздің экономикасын да, әлеуетін де дамыту мен арттыру үшін цифрлы технологияларды жаппай енгізудің маңыздылығын атап, оның тура жолын көрсетіп берді. 

Заң үстемдігін орнатудың заманауи жолы айқын

Цифрлы технология­ларды енгізу арқылы халықтың әл-ауқаты оңалып, елдің барынша жылдам дамуына жол ашылмақ. Сондықтан да Елбасының тікелей тапсырмасымен бұл бағытта тыңғылықты жұмыстар басталып та кеткен болатын.

Міне, соның бір көрінісін бү­гінде құқық қорғау органдары қолданып та жатыр. Сонымен қатар цифрлы технологиялардың игілігін алдымен халық көру үшін, оның соңы жаңалықтары халыққа қызмет көрсету бары­сында іске аспақ. Бұл ретте Қа­зақ­стан 2025 жылы цифрлы технологиялар бойынша бәсекеге қа­білеттілікті анықтайтын әлем­дік рейтингте 30-орыннан көрі­нуі тиіс. Елімізде цифрлы техно­логияларды енгізу жолында энергетика мен шикізат, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, IT, ло­гистика сынды 9 салаға басым­дық беріліп отыр. Демек, Пре­зи­дент айтқандай, цифрландыру – бұл тек нәтиже емес, бұл Қа­зақстанның жетістікке жету­дегі түпкілікті басымдығы. Осы арқылы барлық салада бәсе­келестік артады. Сонда бар­лық сала бірдей дамиды. Міне, осы тұста Қазақстанның заңна­масы кәсіпкерлік бастамаларды ынталандырып, ғылыми зерт­теулерді, әзірлемелер мен жаңа технологияларды енгізуді қол­дауы тиіс. Ал бұл бағытта даму үшін заңдарымыз да жан-жақты жетілген және соған сай оның орындалуы, яғни іске асуы тиімді болуы керек. Бұл жағынан құқық қорғау органдарымыз кенде қалып жатқан жоқ. Басқа заңдарды былай қойғанда, төрт бірдей жаңартылған кодекс қолданысқа еніп, ізгілендіру ісіне ықпалын тигізіп жатыр. Өйткені Қылмыстық, Қылмыстық-про­цестік, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстер заман талабынан туындаған заңдар деп айтуға болады. Бұл жөнінде Елбасы: «Соттар қызметінің заңнамалық және іс жүргізу нормаларын жүйелі түрде жетілдіру маңызды. Жаңа қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқару­шы­лық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстер ұзақ әрі тыңғылықты дайындал­ды, оны барлығы, мен де қара­дым. Онда соттардың жаңа құзы­реті, соның ішінде сот жүргі­зудің жеңілдетілген жаңа тәртібі қарастырылған. Сот бақылауы мен сот тексеруі барысындағы судьялар өкілдіктерінің аясы кеңеюде. Әрине, ізгілендіру жүріп жатыр, бірақ ол мақсат емес, ең бастысы біз босаңсып кетпеуіміз керек. Тиянақты қарау керек. Бұл кодекстердің жүзеге асуы қылмыстық сот төрелігінің сапасы мен жеделдігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады», деген болатын. 

Бұл орайда прокуратура ор­гандары да заңның адамға мүл­тіксіз қызмет етуі қажеттігіне әр­қа­шанда назар аударып келеді. Әрқашан заңның үстемдігі жо­ғары тұруы қажет. Ал заңның үс­тем­дігі дегеніміз не? Ол құ­қық­тық заңдылықты, адамның құ­­қық­тары мен бостандықтарын мем­ле­кетте ең қымбат қазына деп білу. Ендеше құқықтық, демо­кратиялық, зайырлы және әлеу­меттік мемлекет құру үшін біз заңдылықты, заңға бағы­ну­ды ең жоғары тұрған және мүл­тіксіз орындайтын міндет деп қабылдауымыз керек. Осы орайда түрлі жобалар да дү­ниеге келіп, іске асып жатыр. Оның бәрі жоғарыда айтқаны­мыз­дай, заңдарымыздың түйт­кіл­дері болса тарқатып, кемшілік­те­рін түзеу болып табылады. Мә­селен, дәлел жеткілікті болса да, кінәлі адам мойындап тұр­­са да, қылмыстық іс айлап тер­­геледі. Жәбірленушілер, куә­лар бар жұмысын, кәсібін ысы­рып қойып, күндеп, тіпті апта­лап тергеу органдарында жү­руге мәжбүр. Сондықтан осы мәсе­ленің сырына прокурорлар тереңдеп үңіліп көріпті. Со­сын оның сырын да тауыпты. Ен­ді қазір бұл істе айтарлықтай нә­тиже бар. Дәлелденіп тұрған іс­тер бұрынғыдай 1-2 ай емес, 5 күн­де, әрі кетсе бір аптада тер­геліп, үкімдер шығып жатыр. Сот­қа жолданған істердің 75 пайы­зы осындай қысқа мерзімде аяқтал­ды. Қалғандары егжей-тегжей­лі зерттеуді қажет ететін күрделі істер.

Бұған қалай қол жеткізілді? «Ең алдымен, істі қарап, виза қоя­­тын адамдардың саны қыс­қар­тылды. Іс полиция мен проку­ра­турада біраз лауазымды адам­дардың қолынан өтеді екен. Әрине, бұл қыруар уақытты алады. Сотта істі қарау үшін кемінде 1 ай керек. Соған адамдардың өкпесі қара қазандай. Сондықтан полиция мен прокуратурадағы процедураны жылдамдаттық. ҚПК бойынша түскен қыл­мыс­тық теріс қылық туралы істі про­курор 1 тәулікте зерттеуі тиіс. Бұл мерзім 6 сағатқа дейін қыс­қарды. Ал, жеделдетілген фор­мадағы істер 3 тәулік емес, 24 сағатта қаралып, сотқа жолдануда. Бұрын полиция істі прокурорға өткізу үшін көп уақыт жоғалтатын. Прокуратураға барады, канцелярияға тапсырады, сосын қала, аудан прокуроры арқылы орындаушыға жетемін дегенше біршама уақыт кетеді. Қазір мұндай артық кедергілерді алып тастадық. Жергілікті ішкі істер бөліміне кезекші прокурорды әдейі отырғыздық. Ол істерді қарап, өзі бірден сотқа жолдайды», дейді Бас прокурор. 

Міне, Елбасы айтқандай, цифрлы технологияның жұртқа берер пайдасы көп. Соған сәйкес тағы бір үлкен жаңалық, Бас прокуратура Жоғарғы сотпен бірігіп заң үстемдігін арттыру үшін жаңа жоба дайындаған болатын. Бұл енді нағыз ІТ технологияның өнімі болып табылады. Осы жо­бада, яғни «Заңдылық» жүйе­сінде Қылмыстық кодекстің бар­лық нормалары цифрланған. Прокурор немесе судья шешімді компьютерде дайындағанда бұл жүйе қате болса, оларды сол сәтте көрсетіп, яғни қызылға бояп көрсетіп береді. Бұл қандай қа­телер? Жаза тым қатал немесе негізсіз жеңіл емес пе, режім түрі қаншалықты дәл таңдалды, кон­фискация жасау керек пе, қосымша жаза қалып қойған жоқ па, тағы басқа 100-ден астам параметр бойынша сұрақтар електен өткізіледі. 

Осы база арқылы 2016 жыл­ғы 40 мың үкім тексеруден өт­кі­зіліпті. Сонда прокурорлар на­разылығы бойынша 559 үкім түзетілген. Жүзден астам сот­талғанға тағылған айып көлемі төмендетіліп, тым жоғары жазалар қайта қаралып, қайсыбір сот­талғандар жазасы колония түріне ауыстырылған. Осы­лай­ша, сарапшылардың айтуына қарағанда, аталған «Заңдылық» жүйесі прокурорлар мен судья­лардың санасын өзгерте бас­таған. Базаға ілікпеу үшін олар заңдарды мұқият оқып, білік­ті­ліктерін үнемі көтеруге тырысатын болған. Соның арқасында сот шешімдерінің сапасы да жақсара түсті. Сондықтан апелляцияда қайта қаралған қылмыстық істердің саны 40 пайызға азайған екен. Енді бұл іс қолдау таба берсе, онда көп ұзамай онлайн режімде қылмыс тіркелгеннен бастап жазаны орындауға дейінгі жолдың бәрін көретін боламыз. Сөйтіп, жыл соңына дейін «Заңдылық» жүйесін барынша күшейтіп, 2018 жылдың 1 қаң­тары­нан бастап өндіріске толық ен­гізу жоспарланып отыр. Сонда сот үкімдеріндегі айқын қате­лік­тер күрт азаяды деп күтіледі. 

Тағы бір мәселе, жыл сайын 500 мыңнан астам іс терге­ле­ті­нін көпшілік біле қоймайды. Олар­дың бәрі қағазда жазылаты­ны сөзсіз. Ал жасыратыны жоқ, оны жоғалтуға, тіпті жалған құ­жат­тар жасауға немесе қала­масаңыз, мүлде жойып жіберуге болады. Көп жағдайда оны ешкім білмей қалады. Бұл сөзі­мізге нақты деректер де бар. Ресми органдардың айтуы бо­йынша 2,5 жылда осындай 3,5 мың іс жоғалған көрінеді. Дәлел­демелерді қолдан жа­са­ғаны үшін 33 қызметкер сотталған. Демек, бұл қаншама адамның арызы қаралмай қалды немесе қаншама адамның ісі бұрмаланды деген сөз. Ал алыс ауылдардан жа­зыл­ған арызды тексеру үшін өңірлерден сұралатын істер жолда 2-3 апта жүреді. Тағы 20 күн оны қайтаруға кетеді. Осы­лайша жүздеген мың істер «қы­дырып» жүреді екен. Енді бұдан құтылудың жолы қандай? Міне, осы кемшіліктерді жою үшін электронды қылмыстық істер жобасы дүниеге келді.

Сөйтіп, аталған істерді е-фор­мат­қа көшіру – жоғарыдағы ол­қ­ылықты жағдайды түзетуге бағытталған алғашқы қадам бол­ды. Бұған көңіл бөлген елдерде қылмыс та аз жасалады екен және болып жатса оның ашылуы да тез жүргізіледі дейді. Дамыған елдердің көбінде қылмыстық іс қағаз жүзінде емес, электрон­ды түрде жүргізіледі. Сондық­тан Құқықтық статистика және арнайы есепке алу коми­теті «Е-қылмыстық іс» бағдар­ламасын әзірледі. Оған бюджеттен қосымша қаржы сұралмаған көрінеді. Ол қылмысты тіркеу, сотқа дейінгі тергеу және қылмыстық жазаны орындау кезеңдерін қамтиды. Сонда электронды қылмыстық істің пайдасы қандай дейсіз ғой. Айтайық. Қылмыстық істі бұрмалау болмайды, істер жоғалмайды; бәрі­нен бұрын қағазбастылық мүлде азаяды. Ал электронды форматқа көшірілсе, істер бұдан да тезірек тергелмек. Тергеу, сараптау күшейген соң әрбір қылмыстық іске терең үңіліп, дұрыс практиканы қалыптастыруға мүмкіндік туады. Жәбірленуші, айыпталушы, адвокат істің қалай қаралып жатқанын кез келген уақытта онлайн режімде көре алады. Электронды шағымдар модулі жұмыс істей бастайды. Ол деген, тараптар тергеушінің іс-әрекетіне шағым келтірсе, оны прокурор бірден онлайн арқылы тексере алады. Осылайша бұл қанатқақты жобаның басталып кеткеніне біраз уақыт өтті. Енді келесі жылдың шілдесінен бастап барлық қылмыстық іс жүргізу цифрлы түрге ауыспақ. Міне, осылайша прокуратура, жалпы сот жүйесі мен құқық қорғау органдары Елбасының цифрландыру туралы тапсырмасын орындауда басымдық танытып отыр дегіміз келеді.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»