08 Қаңтар, 2018

Ер мен еңбек

903 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адамның бір өкініші мен бір қуа­нышы қатар жүретіні әлімсақтан мә­­лім ғой. Бұл туралы миллион рет ай­­тылып, миллион рет жазылса да сол баяғы қалпы. Тұлғаны көзі ті­рі­сін­де төрге отырғызып, асыл қа­­си­етін асқақтатып, өз еңбегіне лай­ық­ты баға беруді әлі игере алмай ке­­ле жат­қан тәріздіміз. Игере алсақ, ұлы жа­зушы Мұхтар Әуезовтен «Мен отыр­­ған жерді төр санасаңдар бол­ға­­ны...» деген қанатты сөз қалар ма еді?!

Ер мен еңбек

Адам еңбегін бағалау демекші, жақында «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы, микробиолог ғалым Кеннет Әлібек өткен жылдың аяғында АҚШ-қа қайта оралды. Оның айтуын­ша, Қазақстанда жұмыс істеу мүмкін емес, тек­серістен тексеріс. Сені ұнатпайтын жо­ғарыдағы бір бюрократ айтты деп ау­дит әйтеуір жоқ жерден бірдеңе та­буға жанталасады. Сол себепті ғалым ең­бек­ті бағалай білетін, «тағдыры қа­р­жыгерлерге, СЭС пен тағы басқаларға тәу­елді емес» АҚШ-тағы ғылыммен ай­на­лысатын компанияға жеті жылдан соң қайта оралуды жөн көріпті. Бұл біз ха­бардар бір ақпарат қана. Ал әлемнің түк­пір-түкпірінде қаншама кәсіби білік­ті­лі­гі жоғары қазақтың жұмыс істеп жүр­ге­нін құдай білсін. Қазақ перзентінің әлем­ге әйгілі компанияларда, іргелі ұй­ымдарда еңбек етуі мақтаныш, әрине. Алай­да олардың атажұртында жұмыс іс­теп, өз мемлекетін өркендетуіне не ке­дер­гі?

Тағы да бар мәселе адамның еңбегін, қарым-қабілетін лайықты бағалау дегенге келіп тіреледі. Елбасы ана бір жылы басқа елдерде қызмет етіп жүрген білікті мамандарды, ойшыл ғалымдарды, жаңа­шыл жастарды Қазақстанға шақыру ту­ра­лы үкіметке тапсырма берген-ді. Сол тапсырма қаншалықты дәрежеде орын­дал­ды. Белгісіз. Орындалса, оң өз­ге­ріс­тер­дің нышаны байқалар еді ғой. Әзірге бай­қалмай тұр...

Шетелдерде еңбек етіп жатқандар тү­гілі «Болашақ» бағдарламасы аясын­да білім алып келген жастардың бі­лім-білігі қаншалықты деңгейде ба­ғаланады? Мәселе олардың жұмысқа ор­наласуында ғана емес, кәсіби бі­лік­ті­лігін шыңдайтын, елге пайда әке­летін лайықты жұмыс орнында болып тұр ғой. Мемлекеттің «Болашақ» бағ­дар­ла­масына қыруар қаржы бө­ліп, оқы­т­қа­ны белгілі. Халықтың қар­жы­сына. Қайтарымы қайда? Еуропаның, АҚШ-тың, Жапония мен Оңтүстік Кореяның іргелі оқу орындарын үздік тәмамдаған жас­тарды болмашы жалақыға жұмыс іс­теу­ге аймақтарға жіберу қаншалықты әді­летті болмақшы?

Амал жоқ, жастар сосын ғой Батысқа ма, басқа жаққа ма, «екі қолға – бір кү­рек» іздеп сабылатыны. Патриот емес­сің деп кім айта алады?! Жазушы Ғаби­ден Мұстафиннің «Туа білген ха­лық тәрбиелей де білу керек. Ұрпа­ғың­ды өмірге әкелген екенсің, оны баули да біл» дегенін Білім және ғылым министрлігі саласындағылар оқыды ма екен? Оқымаса, қайта еске салып отырған жайымыз бар.

Әңгімеміздің әлқиссасы еңбек адамын, кәсіби маманды бағалау еді ғой. Басқалай айтқанда, елдің дамуына, өз саласының өркендеуіне өлшеусіз үлкен қо­сып жүрген жандарға лайықты құр­мет көрсету кез келген өркениетті қо­ғам­ның басты қағидасы. Мемлекет та­ра­пынан үш дәрежелі «Еңбек даңқы» ор­­­денінің тағайындалуы осындай ізгі ой­­дан туғаны анық. Әйтсе де, атал­ған орденмен марапатталғандардың есе­лі еңбегінен былайғы жұртшылық то­лық­тай хабардар деп айту қиын. Ен­де­ше бұл жағынан, яғни еңбек адамын насихаттау кемшін соғып жатыр.

Еңбекті бағалау демекші, өлшеусіз еңбегіне, атқарған қыруар қызметіне қарай әркімнің қоғамда өз орны болаты­ны сөзсіз. Тіпті кейбір тұлғалардың та­рихтағы орны сол еңбегі арқылы тү­бегейлі шегенделген. Оның әрі-бері сан саққа жүгіртіп, әңгіме қозғағанмен та­­рихи деректің алдында бұлтара алмай­сың. Не үшін айтып отырмыз? Әлжан Жар­мұхамедов – қазақтан шыққан тұң­ғыш Олимпиада чемпионы. Тоғыз дүр­кін КСРО чемпионы (1970-1978 жж, 1980 ж.), КСРО құрамасының сапында үш мәрте Еуропа чемпионы (1967, 1971, 1979 жж.). 1972 жылы Олимпиада чемпионы атанды. Бұлтартпасыз тарихи дерек. Кейбіреулер оны ойын түрлерінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы дегісі келеді. Олай жіліктейтін болсақ, бокстан тұң­ғыш Олимпиада чемпионы, күрестен тұң­ғыш Олимпиада чемпионы, шахматтан тұңғыш Олимпиада чемпионы... деп ай­тамыз ба?!

Қазір Кеңес Одағы кезінде, Тәу­ел­сіздік алған тұста деген анық­тауыштар пай­да болды. Тарих біртұтас. Бүгінгі та­рих кешегінің жалғасы, өткеннен бө­ліп қарау қиын. Бүгінге кешеден кел­геніміз аян. Олай болса, Тоқтар Әу­бә­кіров те қазақ халқының тұңғыш ға­рышкері. Кеңес Одағы кезіндегі деп бұ­ра тартудың жөні жоқ. Ердің еңбегі та­рихи тұрғыдан бағалануы тиіс!

Жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Бат­­пан-батпан байлық тек жер кө­кі­ре­гін­­де ғана емес, ел көкірегінде де тұнып тұр. Сүйінерге жарайтын жақ­сы мен жай­­саң тек жер астында жатқан жоқ, жер үстінде де жүр». Ен­деше сол жер үс­­тінде жүрген жақсы мен жайсаңды, ел­­дің өркендеуіне өлшеусіз қызмет етіп жүр­ген жандарды көзі тірісінде лай­ық­ты бағалағанға не жетсін!

Ғабит МҮСІРЕП,

«Егемен Қазақстан»