09 Қаңтар, 2018

Қару сату кикілжіңді күшейте ме?

324 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Украинаға мергендер винтов­касын сатуға рұқсат сұраған коммерциялық компанияға АҚШ үкі­меті лицензия бергені туралы Америка мен Ресейдің БАҚ-тары  жарыса жазды.

Қару сату кикілжіңді күшейте ме?

Мемлекеттік де­партамент (АҚШ) бұл сауданы жал­пымемлекеттік қару сату емес, тек жекеменшік фирмаға берілген рұқ­­сат екенін айтып, жақау­ра­туға тырысуда. Сыртқы саясат ведом­ство­сының арнайы өкілі Хизер Науэрт СNN телеарнасына бер­ген сұхбатында Мемлекеттік депар­таменттің Украинаға ататын қа­ру мен оның жарақтарын сату тура­лы экспорттық лицензия беруді ма­құл­дағанын және өз шешімдерін Конгреске жеткізгенін мәлімдеген.

Кім қалай десе де АҚШ-тың Украинаға қару беру кезеңі басталған сияқты. Осыған дейін Ресейдің түрлі қысымымен (соның ішінде жауап шаралар жасалатынын мәлімдеуімен) АҚШ үкіметі Украинаға қару босатудан тайқақсып келген. Енді Ресей тарапынан сәл ғана жұмсақтық лебі ескендей болып еді, қару сату туралы әңгіме қайта шыға келді. Ал жұмсақтық – Ресейдің Санкт-Петербург қаласында теракт жасамақшы болғандардың АҚШ Орталық барлау басқармасы (ОББ) берген деректің арқасында ұсталғанына байланысты жасалған. Ресей президентінің баспасөз қызметі «kremlin.ru» сайтында осы оқиғаға байланысты Владимир Путиннің АҚШ Президенті Дональд Трампқа алғыс айтқаны да жуырда ғана жарияланған. В.Путин АҚШ-қа қарсы террористік әрекет жасалатыны Ресейдің арнау­лы қызметтеріне де белгілі болса, оны дереу Д.Трампқа жеткізетінін атап өткен.

АҚШ-тың хабарламасының ар­қа­сында Ресейдің Федералдық қау­іп­­сіздік қызметі 16 желтоқсанда Санкт-Петербургте бірнеше, соның ішінде Қазан Соборында жарылыс жасамақшы болған жеті бірдей лаң­кест­і ұстады. Бұл жүздеген адамның өмірін сақтап қалды деген сөз.

Әрине, АҚШ ОББ-сының ИЛИМ/ДАИШ (Қазақстанда тыйым салын­ған) баскесерлерінің Санкт-Петер­бур­гте жарылыс жасамақшы болған мақ­сатын қалай біліп қалғаны белгісіз. Сон­дықтан оларды өздері дайындап, ар­тынан Ресейден жақсы ат алу үшін өздері ұстап беруі де мүмкін-ау деген де күдік туады...

Қалай десек те осы оқиға екі алып­тың арасына жылылық ұшқынын жү­гірткендей болған еді, енді мына қару сату жаңалығының алдан шыға келгені сол ұшқынды қайта өшіретін сияқты...

Бір газеттер жекеменшік компа­ния­­ға қару сату туралы лицензия бергенімен, АҚШ әлі нақты шешім қабылдаған жоқ деп жазады. Бірақ The Washington Post газеті Украинаға сатылатын мергендер винтовкасының маркасы Model M107A1 екенін және осы қару мен оның жарақтарының жалпы құны 41,5 млн долларға бағаланған көлемі Украинаға сатылатынын айтты. Бір винтовканың базардағы бағасы 11,9 мың доллар болғанда, оның 41 млн-ға 3500-дейі келетінін де анықтау қиын емес.

Barrett компаниясы жасайтын М107А1 үлкен калибрлі мергендер вин­товкасы – осындай қарулардың ең соңғы, жетілдірілген модификациясы. Ол бұрынғы М107-ге қарағанда 2 кг жеңіл әрі төзімді деп есептеледі. Оның үстіне көздегенді мүлт жібермейді және дыбысты өшіретін құрылғымен жабдықталған.

The Washington Post газетінің жазуына қарағанда, Трамптың жанын­да­ғы және Конгрестің көптеген жоғары шенді шенеуніктері бұл шешімді қолдайтындарын айтқан. Сонымен бірге басылым оның Трамп пен Путиннің арасын салқындатып жіберетінін де атаған.

«РИА Новости» агенттігінің хабарлауына қарағанда, Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілінің орынбасары Петр Ильичев АҚШ пен Канаданың Украинаға қару сатуы – шиеленісті одан әрі ширықтырып, адамдардың өлімін көбейтуге алып келеді деп мәлімдеген.

Айта кететін жайт, «Украинаның бостандық жолындағы күресін қолдау туралы» заңды АҚШ Конгресі тіпті ерте күнде, 2014 жылы қабылдаған. Бірақ Барак Обаманың әкімшілігі оны жүзеге асыруға асықпаған еді. Енді сол заңның қосалқы авторларының бірі, сенатор Боб Коркер әкімшіліктің Украинаға қару сату туралы шешімін қуана қабылдағанын жариялады. «Бұл Украинаны Ресей агрессиясынан ұзақ мерзімді қорғау туралы біздің байламымызды іске асыруға мүмкіндік береді», деді ол. Ал аты-жөнін атауды қаламаған конгрессмен «Біз Украинаға ататын қару-жарақ беретін деңгейге де жеттік. Меніңше, бұл қару-жарақ берудің басы ғана», деген. Сөйтіп Ресей мен Украина арасындағы кикілжің жаңа деңгейге көтерілген сияқты. Әрине Қазақстан барлық кикілжіңнің келіссөз үстелінде шешілгенін қалайды. Бұл екі мемлекеттің де біз үшін маңызы зор.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»