10 Қаңтар, 2018

Таяу болашақтың кәсібі

740 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«HeadHunter» компаниясы Ресейдің еңбек нарығының қозғалысына зерттеулер жүргізе келе таяудағы жылдары осы нарықта қажеттілігі артатын 15 кәсіп түрін атаған.

Таяу болашақтың кәсібі

Олардың қатарына биоинженер, қайта жаңғыртылатын қуат көздерінің инженері, нейропсихолог, биоинформатик, бағдарлама әзірлеуші, инженер-жобалаушы, 3D баспа инженері, гендік инженерия маманы, виртуалды шындық дизайнері, виртуалды шындық сәулетшісі, биофармаколог секілді мамандықтар енгізіліпті.

«Antal Kazakhstan» рекрутингтік компаниясы бұл зерттеудің Қазақстан үшін де маңызды екендігін айтады.

«Қазіргі технологиялардың дамуы барлық елдерде жаңа ұқсас мамандықтардың пайда болуына алып келеді. Дегенмен, аталған болашақ кәсіп түрлерінің барлығы бірдей он жыл өте салысымен бірден пайда бола кетпеуі де мүмкін. Мәселен, виртуалды шындық дизайнері ертерек пайда болуы, ал басқалары сәл кейінірек туындауы мүмкін», дейді «Antal Kazakhstan» басшысы Анна Ковинская.

Оның айтуынша, бизнес-талдаушы, қаржыгер мамандықтарына он жыл өткеннен кейін де еңбек нарығындағы сұраныс бұрынғысынша сақталынып қала беруі тиіс. Өйткені компаниялар өздерінің қаржысын қайда салғандары дұрыс екендігін және бұл қаржының оларға қаншалықты табыс әкелетіндіктерін білуге осы мамандықтар арқылы қол жеткізеді. Фрилансерлер, жоба менеджерлері неғұрлым көбірек қажет етілетін болады. Қазіргі ІТ-мамандар да жұмыссыз қалмайтындығы анық. 

«HeadHunter» Казахстан компаниясы мамандарының айтуынша, қазіргі бұқаралық сипат алған сату менеджері, әкімшілік қызметкер, бухгалтер және ақпараттық технологиялар мамандары секілді мамандықтар да болашақта маңызын жоймақ емес. Бірақ сонымен бірге осылардың ортасынан мүлдем жаңа мамандық түрлері де пайда болуы әбден мүмкін. 

«Ақпараттық технологиялар бар­ған сайын қарқын алып, адам өмірі мен қызметінің барлық салаларына тереңдей енуде. Міне, осы үдерістің екпінімен өндіріс пен қызметтің әртүрлі салаларының ұштасқан жерін­де жаңа мамандықтар мен кәсіп түрлері пайда болатындығы анық. Мәселен, ІТ-дәрігер, «ақылды» жолдар құрылысшылары, медициналық роботтарды жобалаушылар, цифрлы тілші мамандар, генетикалық кеңес берушілер, ойын тәжірибешілері секілді мамандықтар көп өтпей-ақ өмір­ге келуі мүмкін», дейді аталған ком­панияның болашақ маман­дық­тар­ды зерттеу ісіне қатысып жүрген ма­мандары. 

Иә, өмір қазіргі технологиялық жаңалықтардың ықпалымен жылдан-жылға қарыштап алға басып барады. Осыдан 20-30 жыл бұрынғы өмір мен қазіргі өмірдің арасында айырмашылық көп. Мұны сезінетін, бастан кешіретін шаққа да жетіп отырмыз. Мәселен, алғашқы интернеттік технологиялардың бірін өмірге әкелген Майкрософт компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс осыдан 15 жылдай уақыт бұрын «интернеттің сыртында қалған адамдар болашақта өмірдің де сыртында қалады» деген болатын. Қазір осы сөз расқа айналып отыр. Сол интернеттің арқасында біз виртуалды өмірмен бетпе-бет келдік. Виртуалды өмірдің арқасында бір- біріне жақын, тіпті көрші тұратын адамдардың арасы алшақтады да, бір-бірінен алыс, тіпті екі мемлекетте өмір сүріп жатқан адамдардың арасы жақындады. Адамдар виртуалды өмірдің мүмкіндіктері арқасында қашықта отырып-ақ жұмыс істей беретін болды.

Мәселен, фрилансер қызметінің мәнін алайық. Ол белгілі бір ұжымның тұрақты штатында тұрмайтын еркін қызметкер. Соған сәйкес өз жұмыс тәртібін өзі белгілейді. Фрилансер тіпті басқа елде жұмыс істейтін компаниялардың да тапсырыстарын орындай береді. Тек қызметіне сұраныс болсын деңіз.

«Тengrinews.kz» таратқан хабарға қарағанда, Қазақстанда мұндай қызметкерлер саны артып, 2016 жылы 215 мыңға жеткен. Ал осындай кәсіп түрі осыдан 10-15 жыл бұрын бізде мүлде тіркелмеген еді.

Осыған қарағанда бүгінгі болжам – ертеңгі ақиқат. Алдағы уақытта жаңа мамандықтар мен кәсіп түрлерінің арта беретіндігіне дау болмаса керек.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»