10 Қаңтар, 2018

Уақыт толғамы

684 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ой жүгіртіп, көңіл көзін кеңірек ашып қарасаңыз, бұл дүниеде уақыт­тан құдіретті не бар?! 

Уақыт толғамы

Адам затының өзін қартайтып, қаусатып тоздыратын да, өлгеннен кейін ізгілікті іс-әре­кеттеріне орай екінші өмір сыйлап, ұрпақ жадында қалдыратын да уақыт. Адам үшін уақыт – ұстаз, уақыт – тәрбиеші де болады. Сонымен қатар уақыт жан жарасын емдеп жазатын емші де дейміз.

Әрине, уақыттың қиратқыш, жойым­паздық қуаты жайқын да жойқын. Со­нау антикалық ежелгі заманның Троя­сынан бастан өзіміздің қазақ дала­сын­дағы жер астына шөккен қаншама қа­ла­ларымыз соның айғағы. Дей тұрсақ та, осы уақыттан асқан жасампаз да жоқ. Өткен ғасырларда нешеме түрлі шапқыншылықтар мен ашаршылық нәубеттерінде қырғынға ұшырап, бодан­дық пен құлдық қамытына жегіліп, қара жерден де ауыр қисапсыз қасірет ар­қалаған қазақ ұлты қазірде сол сан­сыз жаралардан айықты, еңсесін тіктеді, әлемнің алдыңғы қатарлы озық мемлекеттерімен терезесі тең ел қата­рына қосылды. Осының бәрі соңғы ши­рек ғасырда ғана мүмкін болған ға­жайып! Осынау ширек ғасырдың әр жылы жүз жылға татитындай толағай салмақ арқалаған бір-бір сайыпқыран жеке батырдай елестейді көзге. Уақыт­тың ұлылығы мен жасампаздығы осы емес пе.

Қара жамылып қапылған қайғыларды да ұмыттыратын уақыт. Осы күнге жет­кенге, әлбетте, шүкір, тәубә дейді қаза­ғым. Замана, дәуір, кезеңдер мен жылдар Уақыт дейтін ұлы әміршінің үрім-бұтақ әулетінен саналады. Адамзат қоға­мының басынан талай-талай кер замандар, кердең кезеңдер, қанқасап жылдар да өткен, өте де бермек. Ол – толайым­ тіршілік заңы. Бірақ кезі келгенде уа­қыт бәрін орын-орнына қояды, әді­летті қалпына келтіреді, өмірді қайта көктетеді. 

Бұрынырақтағы бір өлеңімізде біз­ де: «Әлди, әлди жас балақан жаңа жыл, Уақыт деген ұлы патша ұрпағы», деп жырлаған екенбіз. Сол айтқандай, міне­кей, биыл ит жылына кіріп, уақыт­тың тоқтаусыз көшінде тағы да тынымсыз ілгері жылжып барамыз. Итті ата қазақтың жорасымен жеті қазынаның бірі, бақ-берекелі, ырысты да құтты жыл болады деп те ырымдап та жатырмыз. Иә, алғашқы апталары ақжарылқап пейіл-тілекпен өткен бұл жылымыздың да құтжол, майлыаяқ болғанына не жетсін. Ылайым солай боларына сенім­діміз.

Ит жылынан әрқашан осылай үміт­ті боларымыздың, дәйім жақсылық күте­ті­німіздің өзіндік себебі де жоқ­ емес. Аса әріге бармай-ақ, жүз жыл бері­ден қайырсақ, 1921 жылы Қазақ­станда ауқымды ашаршылық болып, жүздеген мың өмірді жалмағаны белгілі. Ал осыдан кейін келген 1922 – ит жылы алапаттың беті қайтып, халық үзілген арқауды қайта жалғап, ит тіршіліктің итеңбай арбасына қайта жегіліп, итырғылжың өмірге қайтадан бет бұрып еді.  Сол сияқты, 1931-1933 жылдар аралығындағы қазақтың тең жарымына жуығын опат еткен ғаламат нәубеттен кейін келген 1934 – ит жылы апатты тоқтатып, үміт сәулесін өшірмей қайта жандырған еді. Тағы бір мысалға жүгінсек, Германиямен соғыста жеңіске жетсек те, қансырап жығылған халқымыз үшін одан кейінгі, яғни келесі 1946 – ит жылы да жаңа тыныс ашқанын, бүлінген шаруаны қалпына келтіруді қолға алып, бейбіт өмірге, жарқын болашаққа бет түзегенін де әсте жоққа шығара алмай­мыз. Осынау қиыншылықтар мен тау­қымет, қасіреттердің бәрінен кейін дәйім ит жылы ақжолтай болып келіп, алдағы жақсылықтарға бастап отыруы тегін емес. Уақыт емші дейтініміз сол. 

Иә, уақытпен санасқан абзал, уа­қыттың қадірін білген жөн. Ит – адамның досы, шаңырақтың, от басы, ошақ қасы, мешітті ғалам үйіңнің күзетшісі, бақ-берекеңнің, ырыс-құтыңның шырақ­шысы. Демек, ит жылының ырым-қа­сие­ті ордалы Отанның, ел іргесінің бе­рік болуын қалайды. Осы арада арғы төркіні Шумерде жатқан, белгілі әдебиеттанушы ғалым Серік Негимов айтатын нұсқадағы: «Есігің берік болмаса, еліңде ерік болмайды» деген мақалын да ит жылындағы уақыттың бір үлкен талабы ретінде қабылдау ләзім дер едік.

Бүгінгі уақыт Ақан серінің Құла­герінен де жүйрік. Қазақтың ақиық ақын­дары жырлап, әншілері әнге қос­қан айдай сұлу перизаттардан да кір­пияз. Оған ілесе алмағандар замана күре­сінінде қалып қояды. Демек, қашса – құ­тылар, қуса – құтқармас әбжілдік керек-ақ. Жылға аты берілген құмай-тазының қасиеті осындай, ұраны – ұшқырлық. Олай болса, Мұқағали ақын айтқандай: «Асығу керек, асығу керек қалайда! Уақыт саған қарай ма!».
Тағы да Мұқағали айтады:
– Асығу керек,
Тындыру керек барлығын,
Ешкімнің күтпей жарлығын!
Апармай кешке асығу керек, асығу,
Түстегі ісіңнің қалдығын.
Ит жылында ұлы Уақыт падишаның үдесінен шығуға асығайық, ағайын!.. Уақыт толғағы күтпейді. Уақыт толғамы осындай!..

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»