Таным • 25 Қаңтар, 2018

Ербол ТІЛЕШОВ. Тілдік түлеудің тұғырнамасы

470 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялап, бағзы мен бүгінді сабақтастыратын һәм болашаққа бағдар сілтейтін тұтас тұжырымдамалық еңбекті ұсынды. Президенттің осы бағдарламалық мақаласы қоғамда қордаланған бірқатар маңызды мәселелерді шешуге, кейбір тұстарымызды қайтадан бажайлай қарауға және танымымызды толықтыруға міндеттейді. Әсіресе қазақ қоғамында қазір жиі айтылатын ұлттық идеология жөніндегі мәселелердің көбісіне толық жауап берерлік еңбек болды деп санаймыз. Жалпы, адамзат немесе қоғамдық ортаның дамуында кезеңдік даму болатынын білсек, онда Қазақстан үшін ширек ғасыр уақыт біздің жаңа сапалық кезең қарсаңында тұрғанымызды аңғартады. 

Ербол ТІЛЕШОВ. Тілдік түлеудің тұғырнамасы

Елбасының рухани жаңғыру бастамасы осы жаңа дәуірдің платформасы іспетті. Сондықтан да біз Президенттің биылғы Жолдауын жаңа кезеңнің құжаты ретінде қабылдаймыз. Жалпы, рухани тұрғыдан, оның ішінде тілдік-мәдени тұрғыдан алғанда Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегі мен Жолдаудың арасындағы сабақтастықты көреміз. Мысалы, алғашқы еңбегінде: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» десе, биылғы Жолдауында: «2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет» делінді. Оған қоса, терминология, аударма мәселелерін сөз ете келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді» деп жаңа графикаға көшудің жүгі мен мақсатын айқындап берді. 

Елбасының қазақ тілін латын графикасына көшіру идеясы сонау тәуел­сіздіктің алғашқы кезеңінен бас­талып, бұл тақырыпты ол 2006, 2012 жылдары мей­лінше тереңірек көтеріп, қоғамның ойын дайындады. Енді кезеңі келгенде, 2017 жылы бетбұрысты шешімін қабыл­дап, қазан айында Жарлық  жарияланды. Бұл – қазақ халқының, Қазақстан қоға­мының жаңа кезеңі іспетті оқиға. Әсі­ресе бүгінгідей адамзат баласы дүниені көр­некі ақпарат арқылы танитын қоғамда, әлеуметтік, психологиялық, мәдени ықпалы күшейген дәуірде, дүние білім мен таным тұрғысынан әбден араласқан кезеңде  әліп­бидің маңызы да, ықпалы да айрықша артатыны айдан анық. Ал енді бұл бастамаға қазақстандықтардың дайындығы жөнінде айтар болсақ, қазіргі дүниенің дидары, оны біздің отандастарымыздың қабылдауы, әлбетте осыдан ширек ғасыр бұрынғы жағдайдан әлдеқайда артық. Біздің ойымызша, оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, сол тоқсаныншы жылдардың басында көршілес, туыстас түркі халықтары латын таңбасына көшкенде әлемде дәл қазіргідей жаһандану қарқыны өрістеді деп айта алмаймыз. Яғни олар үшін әлеуметтік жағынан болсын, психологиялық тұрғыдан болсын белгілі бір тосындық болды. Екіншіден, бұдан 25 жыл бұрынғы технологиялық жағдай мен қазіргі жетістіктерді салыс­тырудың өзі жөнсіз. Үй телефонымен сөйлесіп жүрген қоғам бүгін жаппай қалта телефонына және оның алуан функция­ларына көшкен заманда латын әліпбиі бәріміздің көздағдымызды қанықтырды деуге болады. Үшіншіден, ол кездегі посткеңестік елдердің әлемдік қауымдастыққа ену қарқынымен бүгінгі жылдамдықты салыстыру және мүмкін емес. Бұл негізгі себептер ғана. Оның бер жағында балаларымыздың ағылшын тілін меңгеру деңгейінің артуы, жастардың шетелдерде оқуы, өз елімізде мыңдаған, тіпті он мыңдаған адамдардың әртүрлі халықаралық бірлескен кәсіпорындарда жұмыс істеуі, қаншама іскер азаматтардың халықаралық бизнеспен байланысы, оған қоса, қалаларымыздағы көрнекі ақпарат, жарнама, тіпті тұрмыстық тұтыну заттарымыз, осылардың барлығының атауы латын таңбасымен бізге келгелі, тіпті  тез үйреншікті болғанын да білеміз. Бұған қоса, қалтамызда жүрген құжатымыздағы, мінген көлігіміздегі нөмір, темір жол, ұшақ билеттеріндегі, қойшы, әйтеуір, маңайымыздың бәріндегі латынша жазулар қазақ тілінің жаңа әліпбиін соншама жат етпейтініне сенім береді. Сондықтан да Елбасының тарихи шешімі жалпыхалықтық қолдауға ие болды.

Әлбетте бұл арада оның бастапқы нұсқаларына байланысты айта кету әділеттілік болар деп ойлаймыз. Латын әліпбиі – әу баста роман тілдері үшін, одан бері келе, герман тілдері үшін қолданылған әліпби. Сондықтан бұл әліпбидің таңбаларын қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеу белгілі бір уақытты қажет етті. Ол да көп емес, 4-5 айдың ғана мөлшері. Енді қазір Президент Жарлығына сәйкес, Үкімет жанынан Ұлттық комиссия құрылып, оның жұмыс топтары өз міндеттеріне кірісті. Дәл қазір әліпбидің апробациялық жұмыстары Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері тараптарынан ұйымдастырылуда. Бұл аса маңызды мемлекеттік жұмысты еліміздегі тіл саясатының өкілетті органы – Мәдениет және спорт министрлігі үйлестіріп,  Арыстанбек Мұхамедиұлының басшылығымен басқа да қажетті жұмыстар өз орнымен, уақытымен атқарылуда. Ендігі мақсат әліпбиді жетілдіру, оның емлесін жасау жұмысын тек кәсіби мамандарға беру және солардың сараптамасынан кейін барып әрі қарай ғылыми негізде ғана ілгерілеп отыру қажет. Сондықтан қазір талқылау кезеңі аяқталып, нақты ғылыми жұмыс кезеңінің басталғанын көпшілікке жеткізгіміз келеді. Дәл біздің еліміздегідей әліпби мәселесі осыншама кең түрде ешбір мемлекетте талқыланған емес. Оны Елбасы да арнайы айтқан болатын. 

Қоғамда, әсіресе кейбір көпке танымал азаматтар тарапынан егер латын графикасына қазақ мектептері ғана өтсе, біраз қандастарымыз балаларын орыстілді мектепке береді деген қауіп айтылады. Бұл арада екі мәселенің басын ашып алуымыз керек деп ойлаймыз. Біріншіден, әліпби мемлекетке емес, сол мемлекеттегі жетекші тілге жасалады. Біздің жағдайымызда ол әлбетте, қазақ тілі  болмақ. Сондықтан да қазақ тіліне лайықталған әліпби арқылы орыс немесе басқа тілдерді оқыту мүмкін болмайтыны айтпаса да түсінікті. Бұл – бүгін емес, сонау ілгері тарихтан қалыптасқан жағдай.  Онымен санасу – өркениетті мемлекеттің міндеті. Кейбір ағайын осыны шатастырмауы тиіс. Жалпы, Қазақстан халқының мемлекеттік тілге деген сұранысының артып келе жатқанына демографиялық, мәдени, интеллектуалдық жағынан болсын алғышарттар баршылық. 

Екіншіден, қаламгер ағайын жаңа әліпбиге көшсек, бұрынғымыз оқылмай қалады деп уайым қылады екен. Бұл енді жөнсіздеу. Себебі латын әліпбиі сонау советтендіру жұмыстары зорлықпен жүріп жатқан 1920 жылдардың аяғы мен қазақты қырған 1930 жылдардың дәл ішіне келгенде сауатсыз болып қалмаған қазақ баласы күнде көзі көріп, ұрпағы оқып, әлемдік айдынға батыл қадам басқан, баспасы сай, компьютері күйлі бүгінгі заманда көштен қалып, үлестен қағылмайтыны – таңның ататынындай ақиқат. Оның бер жағында «Абай жолы» сияқты роман-эпопеяңыз бір әріптен екінші әріпке бірер минутта аударылып тұрған зымыран заманда оның қиындығы дау көтеріп, уайымға салынып, күдікке күптелетін шаруа емес. Бүгін білім алуды тек кітаппен үйренем десек, онда жастарымыз бүгін өздері оқып жүрген еңбектерінің жартысын білмей қалар еді. Тіпті біздің өзіміз күнделікті жаңалықты былай қойғанда, ғылыми еңбекті де, көркем әдебиетті де компьютерден оқуға бейімделіп барамыз. Әрине, кітап адамзатты бүгінгі күнге жеткізген құнды қазына ретінде өз қызметін атқара береді.

Ерте ме, кеш пе, латын әліпбиіне көшетін тілдердің саны арта беретіні байқалады. Бұл енді ғаламдық үдеріс: бүгінгі өмірімізге орай, әлемдік жетістіктерден аларымыз әлі де көп. Қазақты өрге сүйреймін деген азамат, қай кезеңдегі қай тұлға да жақсыны жат көрмеген. Оны кемеңгер Абай да, ұлттық мемлекет құрамыз деген Алаш көсемдері де сан мәрте айтқан. Латын әліпбиі – бұл тамырдан ажырау немесе біреуге еліктеу емес. Бұл – қажеттілік. Қазақ үшін тағдырлы қажеттілік. Бүгінгі өзектілік – ертеңгі өрлеудің қайнары.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Жолдауындағы келелі тақырыптың бірі – қазақ тілін «қазіргі заманға лайықтауымыз қажет» деген қағида. Бұл – тілдің ішкі лексикалық әлеуетін, стильдік өрісін барынша пайдаланып, жаңа заманға лайықты қатынас құралы болсын деген аса игі пікір. Тарих тілдік реформа жасаған талай ұлы тұлғаларды біледі. Ол тілдің тек лингвистикалық қана емес, үлкен саяси, әлеуметтік, мәдени маңызын айғақтайды. Осы тұрғыдан келгенде, Президентіміздің дәл осы Жолдаудан бұрын да тіл туралы айтқан ойларынан оны заманға сай жаңғырту мақсатын көреміз.

Әлбетте бүгінгі тілдік дамудың қай-қайсысы да атаулар мен терминдерден тыс тұра алмайды. Қазір ғана емес, оны қазақ тілінің тарихында өткен ғасырларда дәлелдеген. Ислам діні, араб, парсы мәдениетінің келуі біздің тілімізде осы тілдердің қалың қабатын қалыптастырды. Тіпті күнделікті жиі қолданылатын сөздеріміздің бірқатарының түп тамыры сол тілде десек, кейбір ағайындар таңғалысын білдіріп жатады.  Мысалы, қазақ тіліндегі ә, ғ, п, р, һ дыбыстарынан басталатын сөздердің барлығы түркілік, қазақтық түбірден емес десек, базбір ағайын таңғалып, тіпті кейбір ағайын қарсы шығуы да ғажап емес. Мұндай мысал көп. Тіпті қолданысы көп, қоры мол деген орыс тілінде а-дан басталатын бірде-бір сөз жоқ дегенге сенсеңіз де, сенбесеңіз де, ақиқат – сол. Мұны неге айтып отырмыз, яғни әр тіл белгілі бір әлемдік араласу, тоғысу кезеңінде бір-бірінен ұғымдарды, атауларды алады. Демек, тілдік ауыс-түйістер жүреді. Елбасының айтып отырғаны – осындай үдерістің табиғи тұрғыдан жүргені. Ол үшін ғылыми мекемелер, сала мамандары халықаралық терминдердің қазақ тіліне ену үдерісінің бастапқы қағидаттарын дайындауы керек. Бұл – орасан жұмыс. Қазіргі кезеңде, біздің ойымызша, біз бар терминдерге сипаттама беру төңірегінде ғана жүрміз. Мәселе оның алғышарттарын дайындауда. Латын әліпбиіне көшу жалпы тілдік реформаға айналып, оның ішінде терминжасам мәселесі де алдыңғы қатарда тұруы тиіс. Елбасы бұл жөнінде: «Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді», – деді. Ендігі міндет Елбасы Жолдауының терең стратегиялық мазмұнын зерделеп, оны орындаудың тиімді тәсілдерін, өміршең үлгілерін қалыптастыру. Өйткені Президент Жолдауы – жарияланған жылдың ғана тапсырмасы емес, баянды болашақтың баспалдағы болар маңызды тұғырнама.  

Ербол ТІЛЕШОВ,
Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың  республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры,
филология ғылымдарының кандидаты