Қазақстан • 29 Қаңтар, 2018

Радиацияның өтінде болған қазақстандық солдаттардың мәселесі әділ шешілуі керек

361 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері кезінде Семей ядролық сынақ полигоны аймағында әскери міндетін өтеп, радиацияның өтінде болған қазақстандық солдаттардың мәселесін айтып, бірнеше рет депутаттық сауал жолдады. 

Радиацияның өтінде болған қазақстандық солдаттардың мәселесі әділ шешілуі керек

Атап айтқанда, 2009 жылғы 15 қазанда депутаттар С.Бычкова мен Н.Геллерт, 2016 жылдың 23 маусымында Г.Щегельский мен Н.Сабильянов Премьер-Ми­нистрдің атына, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Қорғаныс министрлерінің назарына осы мәселені жеткізген болатын. Алайда, халық арасында «атом солдаттары» деген атау алған бұл жандардың мәселесі осы күнге дейін шешілмей, оларға әлеуметтік жеңілдіктер жасалмай келеді. Ал олармен бірге әскери қызметін өтеген бұрынғы КСРО-ның басқа республикалардың тұрғындары мұндай жеңілдіктерге баяғыда қол жеткізген.

Біздің әскерилеріміздің мем­ле­кеттік жеңілдіктерге қол жет­­кізбей жүргендігінің басты себебі – 1992 жылғы 18 жел­тоқ­­санда қабылданған «Семей яд­ролық сынақ полигоны ай­ма­ғындағы сынақтардан зар­дап шеккен азаматтарды әлеу­мет­тік қолдау» туралы Заңда мін­детті әскери қызметін өтеп жүрген жандар туралы нақты айтылмаған. Ал 1995 жылдың 28 сәуірінде қабылданған «Ұлы Отан соғысына қатысушы және оларға теңестірілген азаматтарға жеңілдіктер беру және әлеумет­тік қорғау» туралы Заңға да аталмыш категорияның азаматтары енгізілмеген. Сонымен қа­тар өзінің құзыретімен осы Заң­ның негізінде жеңілдіктер алатын жандарды белгілейтін өкілетті мемлекеттік органдар да осынау жандардың айрықша тәуекелде болғанына қарамай олар­д­ың тізімге енгізілуін нақ­ты атамаған. Осы заңның 6-бабында тек: «...ядролық сынақтар мен ойындарға тікелей қатысқан адамдар» деген сөздер жазылған. Ал енді осы заңның 10-бабында ядро­лық сынақтар мен ойын­дар­­­ға қатысқандығын адамдар анық­­­т­амалар, әскери билеттері ар­­­қы­лы дәлелдейді делінген. Мә­се­­ленің бәрі осы анықтамаға тіре­леді, өйткені оны беретін Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві. Осы архивтің бұған дейін­гі жауабы былай: «Справки о непосредственном участии в испытаниях ядерного оружия граждан других государств выдаются на основании имеющихся в вой­сковой части 31600 архивных материалов Семи­палатинского полигона. Центральный архив министер­ства обороны Российской Фе­дерации в соответствии с директивой Министра обороны выдает справки только о прохождении службы и мес­те дислокации воинской части. Данными об участии воинских частей в испытаниях ядерного оружия архив не располагает».

Ал азаматтарымыз 31600-ші әскери бөлімнен анықтама әкел­се, оны біздің өкілетті органдарымыз жеңілдік беруге негіз болатын құжат деп қабыл­да­майды. Осының салдарынан ядро­лық сынақтардың өтінде болып, әскери міндетін атқарған біздің азаматтарымыз өздеріне тиесілі жеңілдіктер мен арнайы мемлекеттік өтемақыға ұзақ жыл­дар бойы қол жеткізе алмай жүр. Өкілетті орган оларға анық­т­ама әкел дейді, ал анықтама бере­тін архив әскери бөлімге сіл­тейді, ал әскери бөлімнің аны­қ­­тамасын біздікілер құжат деп қабылдамайды. Сөйтіп адамдарды «сен салар да, мен салар қылып» әуреге салып қойған.

Біз осы мәселелерді айтып, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына кезекті рет депутаттық сауал жолдадық. Онда Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау және Қорғаныс министр­ліктері бірлесе отырып, осы мәселені шешетін тетікті әзірлеу керектігі ұсынылды. Бұл мәселенің шешімі – аса қауіпті тәуекелді ортада өздері­нің әскери міндетін өтеген қазақстандық жауынгерлердің алдында әділетті шешім болар еді.

Светлана БЫЧКОВА,

Мәжіліс депутаты