Қысқы спорт • 29 Қаңтар, 2018

Кречтің соңғы мүмкіндігі

359 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

9 ақпанда Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында қысқы Олимпия ойындары алауын жағады. Еліміз үкілеп үміт артатын спортшылардың қатарында жүлде алып қалады-ау деген ұл-қыздарымыз да баршылық. Солардың бірі конькимен жүгіруші – Роман Креч. 

Кречтің соңғы мүмкіндігі

Роман Креч жастайынан жарқ етіп көрінген спортшы­лардың қатарынан. 2008 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына барған жас жігіт­тің қимылы, көрсеткен нә­ти­жесі көптеген бапкерлердің қойын дәптеріне түртілген-ді. Иә, бі­лік­ті бапкерлер қателеспепті. 2009 жылы жасөспірімдер ара­сындағы Әлем біріншілігінде Семей қаласының тумасы Роман 1000 метр қашықтықта үшінші орын алды. Араға екі күн салып ол 1500 метр қашықтықта күміс жүлдегер атанды. Осыдан кейін бапкерлер оны жастар құрамасына ауыстырып, жасы үлкендермен бәсекелесуге салды. Дегенмен жас жігіт ересектер арасында да адасып қалмай, нәтижесін күн санап арттыра берді. Оның дәлелі 2009 жылғы Әлем кубогы болатын. Алғаш Әлем кубогына қатысқан Креч тәп-тәуір нәтиже көрсетіп, әлем­дік шоқ жұлдыздармен сынға түсті.

Халықаралық жарыстардың дәмін сезіп қалған Роман 2010 жылы Олимпия ойын­дарына лицензия жеңіп алды. Ванкувердегі ақ ойындарда Креч сен­сация жасап кетуі мүм­кін делінді. Құрама команда­мыздың бапкерлері сенім артты. Алайда жас жігітке алдыңғы лектегі желаяқтармен айқасуға әлі ерте екен. Ол 500 метр қашықтықта 34-ші, ал 1000 метр қашықтықтағы сында 28-ші келді. Әрине Ванкувер Олим­пиадасы Роман үшін алғашқы ірі сынақ болатын. Түбі болашағы бар спортшы келесі Олимпиадада атой салар деп күттік.

2014 жылғы қысқы ойындар көршілес Ресей жерінде өтті. Сочидің мұз айдынында ме­да­льдың сыңғырын естіп қала­р­мыз деп үміттендік. Конь­ки­­мен жүгірушілердің көрінетін кезі келгендей еді. Басты үмітіміз – сол баяғы Роман Креч. Себебі Әлем кубогының кезеңдері мен әлем біріншіліктерінде жерлесіміз желпініп жүрді. Жүлде алмаса да, мықтылармен терезесі тең тайталасты. Одан бөлек Азия ойындарында ол алдына жан салмай, нағыз бабына келгенін көрсетті. 2014 жылдың басты жарысына Креч ешқандай жарақатсыз, жақсы көңіл күймен аттанды. Алайда ол өзі ұнататын 500 метр қашықтықта 7-орын алып қалды. Жүлдегерлер қа­тары­на кіру үшін оған 1 секунд жетіспеді. Конькимен жүгі­ру спортында әрбір секунд үлкен маңызға ие. Ал 1000 метр қа­шық­тықта ол 13-сатыға табан тіреді.

Енді араға тағы төрт жыл салып Роман Креч өзінің үшін­ші Олимпиялық ойынына қатыспақшы. Бұл жолы қалай болар екен? 28 жастағы спортшыны жасы келді деп тізімнен сызып тастағысы келгендер де жоқ емес. Себебі спортшы осыдан екі жыл бұрын жарақат алып, жаттығу жасай алмай қалған кездер де болды. Енді ол барлығын ұмытып, осы Олимпиадада соңғы мүмкіндігін пайдаланып көреді. Бар күшін салып, өмірінің басты жарысына тыңғылықты дайындалуда. Оның дайындығы тіпті өткен жылдың басынан бері басталып кеткен. Креч Кана­даның Калгари қаласында өзінің жеке рекордын тіркеді. 500 метр қашықтықты Роман 34,21 секундта жүгіріп өтті.

Қазір, Қазақстанның конькимен жүгірушілер құрамасы Германияның Эрфурт қаласында оқу-жаттығу жұмыстарын жүр­гізіп жатыр. Осыған дейін олар Кипр аралында болып, дайындықтарын пысықтады. Пхенчхандағы ойындарда Роман 500 және 1000 метр қашық­тық­тарда бақ сынайды. Бәлкім, осы жолы Романның жолы болар?

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»